​ЕКІ ЕЛДІ МЕКЕН ТҰРҒЫНДАРЫ ГАЗ ЖАҒАДЫ

Жалпы ұзындығы 1136 шақырымнан тұратын «Сарыарқа» магистралды газ құбыры желісінің 26 шақырымы Жезқазған аумағынан өтетіні белгілі. Жезқазған қаласын газбен қамтамасыз ету 3 кезек тен тұрады. 2019-2020 жылдарға жоспарланған 1-кезектің 1-іске қосу кешені аяқталды. Нәтижесінде аймақ бойынша көгілдір отынның игілігін алғашқы болып Талап және Пристанционный елді мекенінің тұрғындары көрмек.

Газ таратушы компания – «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ. Әкімдік ғимаратында Жезқазған қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Арынов пен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев екіжақты меморандумға қол қойды. Бұдан былай талаптықтар мен пристанционныйлықтардың үйлеріне газдың тұрақты түрде жеткізілуін «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ мойнына алатын болады.

– Талап ауылы мен Пристанционный елді мекенін газга қосу үшін 3,2 млрд теңге қаржы жұмсалды. Қазіргі таңда 1-кезектегі 2-іске қосу кешенін қосу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Осының нәтижесінде жыл соңына дейін Қабанбай (Геология) кенті тұрғындары да газге қол жеткізетін болады. Әрі қарай келесі кезектер жалғасын табады. Жезқазған қаласы аймағына 2025 жылға дейін газ құбыры желісін тарту жоспарлануда, – деді Аслан Арынов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

– Бұл «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның Қарағанды облысы бойынша жүргізіп отырған алғашқы келісімшарты. Бұдан әрі Теміртау және Қарағанды қалаларымен әріптестік байланыс орнататын боламыз. Біз мердігер компаниялардан газдандыру желісін қабылдар алдында аса ұқыптылықпен қадағалау жүргізіп, тексеріп отырдық. Дұрыс емес тұстарын түзеттік. Алдағы уақытта біз Талап пен Бөгенбай батыр кентінің тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін боламыз. Осы орайда бізге сенім артуларыңызды сұраймыз. Тағы да қосатыным, газдандыру жүйесінде пайда болған кез келген техникалық қателікті жөндеу жұмыстары толықтай «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның еншісінде, – деген Талғат Қызылбаев барша тұрғындарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бүгінде Талап ауылындағы 148 тұрғын үй мен 2 заңды тұлға ғимаратына және Пристанционынй елді мекеніндегі 286 үйге газ тартылды. Әзірге газдың есептеу тарифі белгісіз. Бұл алдағы уақытта табиғи монополия саласындағы уәкілетті орган тариф бекіткен соң тұрғындарға хабарланатын болады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

13:30
257

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020