​САЙЛАУ – 2021: ҚАРАҒАНДЫДА БІР ОРЫНҒА 4 КАНДИДАТ ТАЛАСУДА

Қарағанды облысында ауыл әкім­дерін тікелей сайлауды ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Өңірде сайлауға түсуге 303 үміткер кандидат ретінде ресми тіркелген. Оның 87-сі саяси партиялар атынан түссе, 216 үміткер өзін өзі ұсынған. Бәсекелестік жағынан алғанда қазіргі жағдай мынадай: ауыл әкімінің орынтағына деген тартыс, орташа алғанда, 4,1 үміткердің арасында өрбімек. Бұл туралы  Egemen.kz  жазды.

Жалпы, Қарағанды облысында сайлау облыстағы 75 ауылдық округ, ауыл және кент бойынша өтеді. Бұл жауапты науқанға облыстағы 18 аймақтың 14-і атсалыспақшы.

Айта кететін бір жайт, сайлауға түсуге ниет білдірген үміткерлер ішінде 25 кандидат мемле­кеттік қызметтің біліктілік талаптарына сай болмағандықтан, саяси іс-шараға қатыса алмайтын болды. Ал тоғыз үміткер өздері өтініш беріп, сайлау додасынан бас тартты.

Бүгінде 268 кандидаттың құжаттары арнайы тексеруге жіберілген. Қазіргі уақытта олар­дың 152-сінің құжаттары тексеруден өтті. Мемле­кет­тік кірістер органдарына 268 үміткердің құжаты жібе­ріл­ген. Осы орайда 55 кандидаттың декла­рация­лық деректерінің растығы туралы жауап алынған.

Қазіргі таңда ресми түрде тіркелген 268 үміткер куәлік алып, олардың аты-жөні сайлау бюл­летеньдеріне енгізілді. Үміткерлердің 226-сы (84%) ер адамдар болса, ел басқарсам деген әйелдер қауымының үлесі 16%-ды құраған, яғни нәзік жандылар саны – 42. Айта кету керек, сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің бәрі де жоғары білімді.

Тағы бір айта кететін қызғылықты жайт, ауыл әкімдерінің сайлауына түсіп жатқан үміт­керлердің құрамында жеті этностың өкілдері бар. Канди­даттардың орташа жас шамасы 40,3 жасты құрайды.

Саяси партиялар арасындағы тартыс та қызу болғалы тұр. Мәселен, бір сайлау учаскесінде Nur Otan, «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясы партияларының өкілдері әкім орынтағы үшін өзара бәсекеге түспекші.

Қарағанды облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Ерқара Аймағам­бетовтің айтуынша, бүгінде аумақтық сайлау комиссиясы сайлау туралы заңның сақталуын қадағалау, дауыс беру күнінде сайлаушыларға қызмет көрсету, олардың тізімін анықтау және ең бастысы – өңірдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, сайлау үдерісіне қатысушылардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау жөнінде учаскелік комиссияларды оқыту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді екен.

Қарағанды облысында ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы 25 шілдеде өтеді. Бұл маңызды іс-шара өңірдің 149 елді мекенін қамтиды. Яғни сайлаушылар алдында 75 ауылдың әкімін таңдау міндеті тұр.

Облыстық сайлау комиссиясының төр­аға­сы хабардар еткендей, өңірде болашақ ауыл әкімін таңдау науқанына 81 мыңнан астам сайлаушы дауыс бере алады екен. Сай­лауды өткізуге 164 сайлау комиссиясы – 15 аумақтық және 149 учаскелік комиссия жұмылдырылмақшы.

11:33
1985

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020