​БІЛІМ ОШАҚТАРЫНДА – КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ

Жезқазған қалалық білім бөлімінің тапсырысымен екі мектеп пен екі балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұған дейін ағымдағы жөндеумен шектеліп жүрген нысандардағы қызу тірлікті көзбен көру мақсатында №10 «Ұшқын» балабақшасына бардық. 1971 жылдың шілдесінде ашылған «Ұшқын» 265 баланы қазақ және орыс тілінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отыр. Биыл жарты ғасырлық мерейтойын тойлайтын балабақша ұжымының қуанышын директоры Ирина Лукина жеткізді:

–Бізде көптен бері мұнда жөндеу жұмыстары болған жоқ. Жыл сайынғы қаржыландыру, тек, шағын жұмыстарға ғана жететін… Қазір күрделі жұмыстар жүріп жатыр. Барлығын ауыстырамыз. Енді бізде жаңа ауыз су, жылу және электр жүйесі, сантехника болады. Ғиимараттың тозығы жеткен іргетасы сайдингпен қапталып, терезелері ауыстырылуда. Сонымен бірге, ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынды. Біз үшін, әрине, бұл – үлкен қуаныш. Жазғы демалыстан келген балаларды жаңарған балабақшада қарсы аламыз деп ойлаймын.

№10 балабақшаның күрделі жөндеуіне 122,3млн теңге қарастырылған. Мердігер «Марал Құрылыс» ЖШС өзіне жүктелген жұмыстардың 50% орындаған. Жөндеу алаңындағы 15 жұмыскер терезе ауыстыруды 55%, ыстықжәне ауыз су құбырының 80%, электр желісінің 95% жаңалап үлгерген. Жертөледегі жылу желісін ауыстыру жұмыстарының көлемі 85%, ішкі әрлеу 65%.

Аталған мердігер №1 «Көктем» балабақшасының және №9 тірек мектебінің күрделі жөндеуіне де жауапты екен. Аталған екі нысанда да қазір жөндеу жұмыстары – қызу. Бюджеттен бөлінген 129,7млн теңгеге мердігер мектептің жылу, электр желісін ауыстырып, есік-терезесін, еденін жаңалайды, ғимараттың ішін де жөндейді. Жөндеуге жұмылдырылған 32 жұмыскер бүгінде жұмыстың 75% аяқтаған.

«Өз мойнымызға алған міндеттемелерді бекітілген кестеге сай толық әрі сапалы орындаймыз» деп отырған мердігер «Көктем» балабақшасында жоспарланған жөндеу жұмыстарының жартысын жасап үлгерген. Мұнда ішкі әрлеу, қасбетін жөндеу, су құбыры және кәріз, терезелер мен есіктерді ауыстыру, сондай-ақ, желдету жүйесін жаңалау жұмыстары жүріп жатыр.

№133 негізгі орта мектептің күрделі жөндеуіне 135,2млн теңге жұмсалмақ.. Шымкенттік мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС-ға мектептің жылуын, жарығын, кәріз бен су құбыры желісін жаңалау, есік пен еденін ауыстырып, ғимараттың қасбетін сайдингпен қаптау, спорт залын, ғимараттың іші мен кіреберіс баспалдағын ретке келтіру жүктелген. Жөндеудің авторлық бақылауын «Диана-Л» ЖШС, техникалық бақылауын «Broad Mark Construction» ЖШС жүзеге асырады. Атқарылған жұмыстардың актісі бойынша маусым айында мердігердің есеп-шотына 11мл 646 мың теңге аударылған. Білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 29 шілдедегі жағдай бойынша мектепте орындалған жұмыстардың көлемі – 47%. 22 жұмыскері бар мердігер демонтаж жұмыстарын толық аяқтап, еденін бетоннан құйып, электр желісін жаңартқан. Қазіргі таңда ғимарат сыртын қаптау, едендеу, құбырларды ауыстыру сияқты жұмыстарға күш салуда.

Мектептердегі күрделі жөндеу 25 тамызда, ал балабақшалардағы жөндеу тамыздың ортасына таман аяқталуы тиіс.

Диана ОРАЗАЛИНА

14:45
1602

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020