​АЛАЯҚ АРБАУЫНА ТҮСІП ҚАЛМАҢЫЗ

Бүгінде алаяқтардың арбауына түсіп, аңғалдығынан санын соққандар бізде де аз емес. Жылдың басынан бері Жезқазған қаласында 170 алаяқтық фактісі тіркелгенін мәлімдеген қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Аманжол Кәрімовпен бірге «а лаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

–Әр кезеңнің өз қылмысы бар. Мысалы, бір жылдары тұрғындардың бағалы бас кимідерін шешіп алу «сәнге» айналса, бір жылдары «қалта» ұрыларымен, наша сақтағандармен алыстық. 2021 жылдың қылмысы – алаяқтық. Бұл санатты істер былтырғы жылмын салыстырғанда 188 % артқан. 2020 жылы 60 қылмыстық іс тіркелді, – деген полиция полковнигі интернет алаяқтықпен қатар жұмысқа тұрғызу, үлкен көлемде несие рәсімдеп беру, баспана әперу «қызметтерін» ұсынатындар көбейген. Биылдың өзінде 107 жерлесіміз жанды жерін тапқан алаяқтардың құрбаны болған.

«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші алаяқтар өз «клиенттерін» жылы сөзбен жібітіп, іші бауырына кіреді. Үлкен қызметте жүрген лауазымды тұлғаларды есімдерін атап, «ол менің құдам, сыныптасым, досым» дегенде баласын айлығы жоғары, тұрақты жұмысқа орналастыруды армандағандар алаяққа қолында бар соңғы тиынын дейін беруге әзір болады екен. Мұндай сценариймен өрбитін алаяқтықты ғаламтор арқылы жасалған қылмыстарға қарағанда ашу мүмкіндігі жоғары. Өйткені, алаяқты өзге қаладан емес Жезқазғаннан іздейді. Ал, «OLX», «Крыша», «Колесо» сайттары мен инстаграм әлеуметтік жэелісін пайдаланған қуларды ұстау қиынға соғады. Олар еліміздің ғана емес әлемнің түпкір-түпкірінде болуы мүмкін. Мысалы, Жезқазған-Ұлытау аймағыныңдағы 115 шаруа қожалығы иесін өз арбауына түсірген алаяқтар астаналық болып шыққан. Әрқайсысынан 300 мың теңге алып, оларға уәде еткен кигіз үйді жеткізіп бермеген. Алаяқтар өз «клиенттерін» арзан бағамен қатар тегін берілетін сыйлықтармен қызықтырады. Жалған астаналық сатушылар кигіз үйге бонус ретінде қарда жүретін көлік береміз деп сендірген.

Қазір Алматы қаласында жұмыс жасап жатқан жезқазғандық тәртіп сақшылары ғаламтор арқылы біздің жерлестердің атынан несие рәсімдеген алаяқтарды анықтаған. Әзірше олар 3 тұрғынды алдағаны белгілі болып отыр.

Алаяқтар адам талғамайды. Олардың қақпанына түскендердің арасында жас та, кәрі де бар. Өздерін банк қызметкері ретінде таныстыруды әдетке айналдырған алаяқтар күні кеше ғана жезқазғандық қарияның депозитіндегі 2 млн теңгені жымқырған.

–Алаяқтардан айла артылмай отыр. Жоқ тауарды сатып, ақша тапқан алаяқтардың қатарын қазір онлайн-таныстық толтырып отыр. Инстаграмда танысқан жігітпен екі апта бойы сөйлесіп жүрген жасы қырықтан асқан жезқазғандық келіншек 322 425 теңгесінен айрылып қалған. «Мен саған алтын бұйымдар салынған сәлемдеме жібердім. Сен оның жол-пұлын төле» дегенге иланған келіншек өзінің алданғанын біліп, полицияның көмегіне жүгінді. Алаяқтардың құрығына соңғы кездері такси жүргізушілері де ілініп жүр. «Индрайвер»-де орналастырылған жалған тапсырыс иелері жүргізішінің «Каспиіндегі» ақшаны өздеріне аударып алған, – деген Аманжол Бақытжанұлы пәтерді сату ғана емес, жалға берудің де айналысында алаяқтар көп екенін жасырмады. Осы ретте полиция полковнигі үйді көрмей тұрып, біреудің есеп-шотына алдын ала ақша аударудан аулақ болуға шақырады.

–Алаяқтық фактілері жиілегені туралы қазір теледидар, газет пен радиода, ғаламтор желісінде көп ақпарат таратылып жатыр. Тіпті, банктер де өз клиенттерін сақтандыру мақсатында түрлі амалдар ойластырды. Дегенмен, халықтың әлі де болса аңғылдығы басым. Интернет арқылы тауар не қызмет алуға бекінсеңіз міндетті түрде жеткізуші тарапты зерттеңіз. Оның парақшасы қашан ашылғанына баса назар аударып, ондағы желі қолданушыларының пікірлерін оқығаныңыз абзал. Одан бөлек, кәсіпкерліктің бар жоғын анықтау мақсатында құжаттарын, отыратын офисін көрсетуді сұрау қажет. Кәсіпкер емес жеке тұлға болса, онымен бейнебайланысқа шығып, қай қалада тұратынын, сізге керек тауар ода шынымен барын көзбен көруге болады, – деген Аманжол Кәрімовтің кеңесі табиғатынан сенгіш адамдарға қажет-ақ.

Сонымен бірге маңдай термен келген қаржысын алаяқтардың оңай олжасына айналдырмау үшін тұрғындар қарапайым қауіпсіздік шаралары білуі тиіс. Дербес деректерді (жеке куәліктің нөмірі, ЖСН), пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау керек. Ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнату, хабарлама арқылы келген сілтеме бойынша өту де сіздің қалтаңызды қағуы мүмкін екенін әсте естен шығармаған жөн.

Диана ОРАЗАЛИНА

10:59
1460

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020