​ЖАҢА АУДАН БОЙ КӨТЕРУДЕ

Осыдан бес жыл бұрын 1978 жылдан бері жаңартылмаған мысты қаланың Бас жоспары қайта қаралып, бекітілгені жөнінде сүйіншілеп жазғанымызда көпшіліктің көңілінде күдік болғаны рас. Ел арасында «Самсунг» аталып кеткен медициналық орталық орналасқан қаланың батыс аймағында шағын аудан пайда болады дегенге тіпті сенбеді. Бүгін күдік сейіліп, сол ауқымды жоспарлар ақиқатқа айналды. Шаңы шығып, бос жатқан жерде дарынды балаларға арналған «Өркен» мектебі, инфекциялық орталық, салтанат сарайлары мен көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Бұл – бастамасы ғана. Әлі-ақ аталған аймақ абаттандырылып, онда мәдени, спорт, білім мен денсаулық сақтау нысандары салынады.

Жалпы, 8 мың тұрғыны бар аумағы 300 гектарды құрайтын жаңа шағын ауданың 74 гектары тұрғын үй құрылысына жұмсалады. Қазірдің өзінде 4 тұрғын үйдің құрылысы қызу жүріп жатса, бір үй тұрғындар игілігіне берілді. Тағы бірі Алаша хан 34И мекенжайында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалдамалы негізде үлестірілуге дайын тұр.

–«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегін төмендету үшін биыл бюджет қаражаты есебінен 2 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Олар: 30 пәтерлі жалдамалы және 18 пәтерлі несиелік үйлер. Жыл соңына дейін Алаша хан 34К мекенжайында 60 пәтерлі несиелік, Алашахан 34Е мекенжайында 58 пәтерлі жалға берілетін үйдің құрылысы аяқталады. Осылайша, батыс ауданда жалпы ауданы 12,6 мың шаршы метр болатын 166 пәтер пайдалануға беріледі, – деген қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетова биыл бюджетті кезекті нақтылау кезінде республикалық бюджеттің облигациялары есебінен Алашахан көшесінен әрқайсысында 30 пәтерден бар тағы екі үйдің құрылысын бастауға 550 млн теңге қарастырылғанын жеткізді. 2022 жылы құрылысы аяқталады деп жоспарланған қос үйдің пәтерлерін тұрғындар несиеге рәсімдейді.

Бүгінгі таңда аяқталған жұмыстарының жалпы көлемі 75% құрайтын Алашахандағы 34 К тұрғын үйі – 5 қабатты, 60 пәтерлі. Құрылыстың жалпы сметалық құны — 812,3 млн.теңге, пәтерлердің жалпы ауданы 4484,1шаршы метр. Бас мердігер — «Самға» ЖШС. 2020 жылы құрылысқа республикалық бюджеттен 501,7 млн.теңге,. 2021 жылы құрылыстың аяқталуына облыстық бюджеттен 229 млн.теңге бөлінді. Қыркүйекте құрылысы толық аяқталатын үй әкімдіктің тұрғын үй кезегіндегі жезқазғандықтарға жалға беру тәртібімен тапсырылады.

Ал, Алашахан көшесі, 34Е мекен-жайындағы көп қабатты 90 пәтерлік жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы 2020-2022 жылдарға жоспарланған. Дегенмен, мердігер жұмысты ширатып, өзіне тапсырылған нысанды биылдан қалдырғысы жоқ. Ол жөнінде учаске бастығы Аман Даулбаев:

–Көріп тұрғандарыңыздай тұрғын үйдің төрт корпусы бар. Алғашқысы 7 қабатты, екіншісі 6, үшіншісі 5, соңғысы 4 қабат. Жоспар бойынша біз 2021 жылдың соңына дейін алғашқы екеуін тапсыруымыз керек еді. Бірақ, біз нысанды толық аяқтауға қауқарлымыз, – деді де құрылыстың жылдамдығы нысанның сапасына еш әсер етпейтініне сендірді.

Құрылыс саласындағы еңбек өтілі қырық жылдан асқан Аман Шабағанұлы бұған дейін кеншілер қаласында «Нұрлы мекен» шағын ауданындағы үйлердің құрылысына жетекшілік еткен. Бүгінде бас мердігер «Астана Көктем С» ЖШС тапсырысы бойынша қоластындағы 48 жұмысшымен бірге

пәтерлерінің жалпы ауданы 4826,06 шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысын жобалап қалды.

Сметалық құны 1 162 031 903 теңге шыққан 90 пәтерлі тұрғын үйдің іргетасы – монолитті. Жезқазғанда осындай заманауи технологиямен салынған үйдің біріншісі бұл. Үйдің қабырғалары сыртынан 10 см-лік минералды фибра тақтасымен одан кейін цементті панельмен қапталғандықтан оның жылу сақтауы жоғары болмақ. Пәтерлер тұрғындарға 100 пайыз дайын күйінде беріледі. Яғни, қабырғалары түсқағаздалған, еденіне ленолиум төселген, жуытаны бөлмесі мен дәретханасы кафельденіп, барлық қажеттімен жабдықталмақ. 7 қабатты корпуста жедел саты орнатылады. Пәтерлердің ауданы 37,66 шаршы метрден басталады. Екі бөлмелілердің ауданы 52,1-55,76 шаршы метр болса, үш бөлмелілер – 68,26 шаршы метр.

Жоғарыда сөз болған құрылыс мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен Жезқазғанда ертеректе тұралап қалған тұрғын үй құрылысы дами түскенін айғақтайды. 2018 жылы барлығы 66 пәтері бар екі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе биыл қоныс тойын тойлайтындардың саны 2,5 есеге артқан. Келер жылдың жоспарында тағы 110 отбасын баспаналы ету көзделіп отыр.

Диана ОРАЗАЛИНА

11:02
1526

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020