ДОНОР БОЛУ – ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУ

Өмір мен өлім арасында арпалысқан жақыныңды көргенде жаның езіліп, оны аман алып қалу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істеуге даяр екеніміз рас. Осындайда донор болуға да келісеміз. Бүгінгі таңда донорлықтың екі түрі жиі тараған. Біріншісі – қан беру болса, екіншісі – трансплантация, яғни, адам ағзасын алмастыру. Қан құюдың тарихы ежелгі грек-рим замандарынан бастау алған. Осы дәуірдің тумалары бойларына қайтпас қайсарлық пен өжеттікті, жеңімпаздықты сіңіру үшін жан-жануарлардың қанын ішу керек деп ойлаған екен. Медицинаның негізін салушы ғалым Гиппократтың өзі психологиялық ауытқуы бар адам дені сау жанның қанын ішсе қалпына келеді деген пікірін алға тартқан. Уақыт өте келе ағылшын, неміс, австриялық дәрігер ғалымдар қан топтары арқылы толғақ үстінде көп қан жоғалтқан әйелдерді донорлық жолмен аман алып қалды. Бұл жаңалық одан әрі жетілдіріліп, қан құю арқылы біраз ауруларды емдеуге болатыны дәлелденді.

Әлем бойынша жыл сайын миллиардтаған адам қан құюға зәру. Қан донорлығы кез келген ауруда көмек болуы мүмкін. Мысалы, күйікке шалдыққандар мен жарақаттанғандардың өзіне қан керек. Қант диабетіне шалдыққандар, әсіресе, балаларға дереу арада қан табылмаса, олардың көру қабілеті де күрт төмендеп кететін көрінеді. Қаны аздық ауруы мен лейкомея ауруының құрығына түскендер үшін сәйкес келетін қан табу – ерлікпен парапар тым күрделі іс.

Заманауи медицинаның таптырмас жаңалықтарының бірі – адам ағзасының донорлығы. Жер бетінде жыл сайын 100800 адам ағзасын ауыстырады екен. Аталған отаның 69400-і бүйрекке, 20200-і бауырға, 5400-і жүрекке, 3400-і өкпеге, 2400-і ұйқы безіне жасалған. Біздің елімізде де ағза донорлығына зәру науқастар саны 3000-нан асады. Өкініштісі – олардың барлығына қажетті ағза табыла бермейді. Жыл сайын 1000-ға жуық науқас донор табылмағандықтан, кезегі жетпегіндіктен қайтыс болады.

Адамның қандай да бір ағзасы сыр беріп, істен шыға берген сәттен бастап артық дегенде 1-2 жыл көлемінде қажетті донорды тауып үлгеру қажет. Болмаса қызметі төмендеген ағза өзге де дене мүшелерін істен шығаруға көшеді.

Әлемдік донорлық және транспланттау обсерваториясының хабарлауынша, Африка, Америка, Еуропа, Шығыс Жерорта теңізі аймағы, Тынық мұхитының батыс бөлігі, Оңтүстік-шығыс Азия аймағында донорлық пен адам ағзасын ауыстыру кең таралған. Жалпы ДДС-ның бастамасымен, оның ішінде біздің елімізде де адам ағзасын сатуға тыйым салынады. Донор болғыңыз келсе, eGov арқылы өтініш беруге болады. Бірінші орында бүйрек – таптырмас ағза қатарында тұр. Бір бүйрекпен өмір сүру ықтималдығы жоғары. Одан бөлек өлгеннен кейін бүкіл донорлыққа жарамды ағзаңызды табыстауыңызға да болады. Дегенмен мұның барлығы заңды түрде жүзеге асуы шарт. Дүниежүзі бойынша адам ағзасын заңсыз саудалайтындарға қатысты «қара базар» ұғымы қалыптасқан. Аталған базарда адамдар өзінің немесе өзге адамдардың ағзаларын заңсыз сатып, ақша табады. Бұл тұста адам ағзасының қанша уақыт, қандай температурада сақталатынын білетін дәрігерлердің де қатысы барын жасыра алмаймыз. Себебі, екінің бірі адамның өкпе-бауыры мен ішек-қарынын ақтарып, екінші біреуге орнатып бере алмайтыны айдан анық. «Қара базардың» саудасы қызып тұрған елдер қатарын АҚШ бастайды. Бұл Қытайда да баршылық. Осынау елдерде адамдарды, кішкентай балаларды ұрлап әкетіп, ағзасын саудалайтын қылмыскерлер тым көп. Аспан асты елінде адам ағзасы тіптен арзанға бағаланатын көрінеді.

Қазақстандық кейбір сайттардан да ашықтан ашық бүйрегін саудалап бірдей ағза донорлығын заңмен бекіту керек деген ұсыныстар көтеріліп жүр. Жуық арада әлеуметтік желіде өзінің eGov порталында донорлық есепте тұрғанын біліп, шу шығарған жастардың таңданысы қоғам арасында қызу талқыға түскен еді. Аталған дерекке қатысты жауап берген жауапты органдар егер де кімде-кім өлгеннен кейін өз ағзасын донорлыққа қалдыруға қарсы болса, арнайы өтініш жазып қалдыруы немесе оны электронды үкімет порталына тіркеуі тиіс екенін ескертті. Не болса да өлген адамның жақын туыстарының келісімі сұралатын болады.

Уақыт керуені алға озған сайын адам баласы ашқан жаңалықтар да қайран қалдыруда. Солардың қатарында ксенотрансплантация да бар. Бұл дегеніміз – жануардың ағзасын адам бойына орнату. Алғашында маймылдың, құстың жүрегін орнату оталарының нәтижесі 20 күннен 130 күнге дейін созылып жүрді. Кейіннен ксенотрансплантацияда адамға шошқаның ішкі ағзаларын салу тиімділігін көрсетіп, қарқын ала бастады. «Неліктен шошқа?» деген ой келер? Себебі осынау таңқы танаулы жануардың ішкі ағзаларының жұмыс істеуі, олардың көлемі, салмағы адамдікімен сәйкес келеді екен. Бүгінде ғалымдар өзге тіршілік иелерінің ағзаларын да зерттеп, тәжірибе жасау үстінде.

Қан беру, ағза алмастыру сынды жайттарға бүгінгі қазақ қоғамынының әлі де бой үйрете қоймағаны рас. Осы тұста көп тұрғындар діни сенімдерін алға тартады. Бұл мәселелерге қатысты дін саласы ғалымдарының пікірі де қосқа бөлінген. Дегенмен олар ортақ шешімге келе отырып, аса қажетті жағдайда жақыныңның өмірін алып қалуға қолұшын созу құптарлық саналған. Тек бұл сенің өзіңнің өміріңе зиянын келтірмеуі қажет. Сондай-ақ, адамның сыртқы келбетін бұзатын, бір көзін немесе қол-аяғын беру сынды трансплантацитяларға рұқсат жоқ.

Әзірге Жезқазған қаласында трансплантация отасы жүргізілмейді. Дегенмен көпсалалы ауруханада трансфузиология кабинеті бар. Мұнда қажетті донорлық қандар Қарағандыдан әкелінеді.

– Бір адамнан 450 грамм қан алынады. Ол қанды алып науқасқа құя салмайды. Қанды екіге бөледі. Біріншісі – плазмаға, екіншісі эритроциттік қосындылар. Алғашқысы мұздатқышта -35 градуста қатырылып сақталынса, екіншісіне +6 градус тоңазытқыш температурасы жеткілікті. Көбіне донорлықта ер адамдардың қаны қолданылады. Ең сирек кездесетін, таптырмайтын қан тобы – 4 топ. Қазіргі таңда қаладағы эпидемиологиялық ахуал тым күрделі. Сол себепті COVID-19 індетін жұқтырғандарға қан көптеп қажет болып тұр, – деген аталған кабинеттің қан сақтауға жауапты мейірбикесі Айгүл Құрманәлина донор өзгенің өмірін құтқарып қана қоймай, өзінің қан айналымының дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыратынын еске салды.

Донор болу немесе болмау еркі өзіңізде. Ойланып, ой қорыта отырыңыз, оқырман!

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:33
967

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020