ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДЕН ҚУАТ АЛЫП

Ернат Наурыз бен Темірлан Олжабай құрған дуэттің тұсауы әлем жұртын өнерімен аузына қаратып, талантымен тәнті еткен Димаш Құдайбергеновтің «Бастау» концертінде кесілген еді. Осылайша жас домбырашылардың тобы да «Бастау» деген атпен көпке танылды. «Елдің атын ер шығарады» дегендей бүгінде бірталай белесті бағындырып, өнер айдынында ұлттық аспабымыздың көмегімен көк туымызды желбіретіп, мәртебемізді биіктетіп жүрген дуэттің мүшесі Ернат НАУРЫЗДЫҢ кіндік қаны тамған жер мысты шаһар екенін бірі білсе, енді біреулері білмейтіні рас. Жақында ғана «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша жеңімпаздарының қатарынан табылған Ернатты әңгімеге тартып, сұхбаттастық.

– Ернат, марапатыңыз құтты болсын! Әңгімеміздің алғы сөзін «қазақ» деген ұғыммен теңдес ұлттық музыкалық аспабымыз домбыраға деген қызығушылығыңыз қалай оянғандығымен бастасақ.

– Менің отбасымда ән-күйге жақын адамдар мүлде аз. Математикаға құмар жандардың ортасында өстім. Ата-анамның достарының ішінде Қайрат Әбеуов деген аға болатын. Ол кісі жүрген жер сауық пен сайранға толып, көңілді кешке ұласатын еді. Қайрат аға үйімізге келісімен халық әндерін төгілтетін. Сонда мен мұқият тыңдап отыратын болуым керек. Бұл қасиетімді байқаған ол да маған бес-алты халық әндерін үйретті. Мен өзімше ыңылдап орындап жүретінмін. Мені үйдегілер бір жастан асқан сәтімнен бастап үйдің жанындағы орыс тіліндегі балабақшаға берген ғой. Сонау қиындыққа толы тоқсаныншы жылдар соңында әкем мен анама жұмыс істеу керек болды, ал бос орын орыс тілді балабақшада ғана болыпты. Соның салдарынан менің тілім орысша шығыпты. Үйде қазақша сөйлегенімізбен, балабақшада тек орысша сөйлесетін мені бірінші сыныпта № 21 қазақ мектебіне берді. Осы тұс маған аса қиындық тудырғанын жасырмаймын. Көп сөздердің қазақша баламасын түсінбей жүрдім. Бір жылдан кейін № 8 қазақ гимназиясына ауыстым. Сол оқу ордасындағы бастауыш сынып мұғалімім Бақытжан Қарабекованың арқасында қазақ тілін жетік меңгеріп, қатарластарыма жетіп алдым. Осы тұста әлгі Қайрат Әбеуов ағам анама менің халық әндерін орындауға қабілетім барын айтып, алдымен, маған домбыра аспабында ойнауды меңгерту қажет деп кеңес береді. Сонымен жөн сөзге қарсылық білдірмеген әкем Нұрберген мені қаладағы балалар өнер мектебіне ертіп барып, Бибігүл Төлегенова есімді ұстазға тапсырады. Өнерге деген махаббатымның ашылып, осы жолды таңдауыма себепкер болған ол кісіге алғысым айрықша. Қос шекті аспапта жеті нотаны төгілтіп, қасиетті сазды сызылта ойнаудың жолын үйреткен ұстазымның жетекшілігімен алғаш қатысқан байқауым – «Ұлытау үні» фестивалі еді. Сол кездері бұл фестивальдің танымалдығы зор еді. Алғашқы жылы қатысып жүлдесіз қайттым. Араға екі жыл салып, аса ықтиярлықпен дайындалып, І орынды еншіледім. Келер жылы бас жүлдесін қанжығаладым. Одан әрі «Ақ көгершіннен» бастап барлық республикалық өнер додаларына қатысып, бағымды сынап, түрлі орындарды иеленіп жүрдім. Анам өзі математик. Қазір Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінде дәріс беретін білікті доценттердің бірі. Ол менің де математик болғанымды қалады. Сол себепті физика-математика сыныбында оқытты. Дегенмен адам жан қалауынан аттап кете алмайды екен. 8-сыныптан соң елордадағы өнер академиясының мектебіне оқуға түстім. Әрі қарай колледжінде, университетінде оқыдым. Биыл магистратурасын бітірдім. Өнерде қолдау көрсетуден танбаған Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға алғысым шексіз.

– Аз ғана уақыт ішінде «Бастау» дуэті халықаралық деңгейдегі түрлі жетістіктерге жетіп үлгерді. Сол туралы тарқатып айтсаңыз. 

– Өнер университетінің ұжымымен жыл сайын шет мемлекеттерге гастрольдік сапарларға шығып жүретінбіз. Арнайы өнер күндерінің аясында бірнеше мәрте Түркия мемлекетіне бардық. Ол жерде ұлт аспаптарының байқауына қатысып жүріп, сондағы әріптестерімізден Голливудта халық аспаптарының халықаралық сайысы өтетінін, оған әр түрлі мемлекеттерден ең мықты деген өнерпаздар қатысатындығынан хабардар болдық. Сөйтіп бізде осы сында бағымызды сынап көруге бел будық. Виза алу, қаржылық мәселелер бойынша университет тарапынан мол қолдау көрсетілді. Сенім артқан жанашыр жандарымыз бен жанкүйерлеріміздің үмітін ақтап, Бас жүлде бізге бұйырды. Биыл тағы бір байқауда топ жардық. Онда бізге өнер көрсетумізге бір минут қана уақыт берілді. Себебі «GOLDEN TIME TALENT» байқауына әлемнің 72 мемлекетінен музыканттар қатысқан. Олардың барлығын тыңдап үлгеру қажет. Дода ұйымдастырушылары бізге бір минут ішінде қазылар алқасын таңқалдыруларың қажет деген талап қойды. Сол талап межесін абыроймен өткердік. Халық әндері мен күйлерінен попури орындадық. Қазылар алқасы дән ризалықтарын білдіріп, біз Бас жүлде иегері атандық. Бұл – тек менімен Темірланның ғана емес, ұлттық өнеріміздің, барша қазақ халқының жеңісі еді. 

– Бүгінде әлемнің 40-тан аса еліне барып, ұлттық өнерімізбен таныстырып үлгеріпсіздер. Алда қандай жоспарларыңыз бар? 

– Кез келген ұлттың тарихы бай. Қай қайсысының болмасын өнері керемет. Сондай бәсекеге толы байрақты додаларда топ жарып жүргеніміз, алдымен Алланың маңдайымызға жазған кішкентай ғана талантының және біздерге сенім артып, ақ батасымен амандығымызды, жолымыздың ашық болуын тілеп отыратын ата-аналарымыздың арқасында. Одан кейін жолбасшы болған ұстаздарымыз бен қолдаушы халқымызға алғысымыз шексіз. Мен өз Отанымды, өз туған жерімді шексіз сүйемін. Қай кезде де Жезқазған десе, жүрегім алып-ұшып тұрады. Осындай патриоттық сезімді досым Темірланнан да байқаймын. Ол Павлодар жақтың тумасы. Темірлан да қашан болмасын туған жері десе жүрегін жұлып беруге даяр тұрады. «Ит тойған жеріне, жігіт туған жеріне» деген халық мақалы еріксіз ойға оралады осындайда. Еліміздің біраз өңірін аралап, жеке концертімізді беріп үлгердік. Алғашқылардың қатарында Жезқазған – Ұлытау аймағы болды. Еуропа елдерінің біразын араладық. Дегенмен туған жерге жетер жер жоғы рас. Біз қазір Испанияда болып жатқан байқауда бақ сынаудамыз. Бірер күн бұрын ғана финалға өткеніміз туралы сүйінші хабарды естідік. Жеңіске жетуімізге бір табан жақын қалғаны рас. Бағымыз бен бабымыз келіссе, жеңіске жетсек деген ниетіміз бар. Сәтін салса, ол күнде алыс емес шығар. 

– Ендеше, сәттілік серік болсын сіздерге. Жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспіз. Сүбелі әңгімеңізге рақмет. 

Әңгімелескен Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

21:54
1168

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020