ЖЕЗҚАЗҒАН – ҰЛЫТАУ АЙМАҒЫНЫҢ ФЕРМЕРЛЕРІ МИТИНГІГЕ ШЫҚПАҚ

Жезқазған қаласы әкіміне аймақ фермерлерінің атынан 25 желтоқсан күні сағат 11.00-де «Сарыарқа» МСК алдында митингіге шығатыны жөнінде хабардар ету хаты жолданғаны белгілі болды. Мұндай шараның атына құлағымыз үйренбеген аймақтың тұрғыны ретінде елең ете қалғанымыз да рас. «Арқада қыс жылы болса арқар ауып несі бар» демекші шаруалардың шамына тиген не болды екен? деп мәселенің мәнісіне үңіліп көріп едік. Соның бір үзігі төмендегідей болды.

Кейінгі айларда Қазақстан фермерлерінің алаңдауы күн санап арта түсуде. Оған себеп те бар. Мемлекет басшылары мен үкіметтің шаруаларға деген ниетінің оң болғанына қарамастан ауыл шаруашылығы алға баспай-ақ қойды. Қайта шешімін таппаған мәселелері қордаланып, шаруалары шатқаяқтай бастады. Дерек көзіне сенсек тәуелсіздік алғалы бері ел қазынасынан фермерлік шаруашылықтарды қолдауға екі триллион теңге бөлінген. Яғни, субсидияның 47 түрін төлеп отыруға осындай қаржы жұмсалған. Қаржы қомақты. Осынша көмек көрсетілген соң әлемді жарылқамасақ та ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етсек керек етті. Бірақ олай болып тұрған жоқ қой. Сиырдың еті мен сүтін Беларуссиядан, тауық етін Америкадан, басқа керекті азықты тағы бір шет елден дегендей тасымалдаудамыз. Сонда бұл қалай болғаны? Бөлінген орасан зор қаржыдан қайтарым неге жоқ? «Бақсақ бақа екен» дегендей мұның сырын жақында республикалық Антикор қызметкерлері ашты. Тексеріс нәтижесінде мәлім болған деректер жылдар бойы ауылшаруашылығын көтеруге бөлінген қаржының басым бөлігін ұйымдасқан қылмыстық топтардың талапайлап келгенін әшкереледі. Барлығын тізбелеп жатпай-ақ кейбір облыстарда бір гектар да жері, бір бас та малы жоқ «фермерлердің» тек қағазда ғана бар мыңдаған «малына» миллиондап субсидия алып келгенін айтсақ та жеткілікті шығар. Субсидияның да бірінші естігенде күлкің, содан соң жылағың келетін тұстары аз емес. Мысалы, сиырды асылдандыру жұмысы, яғни бір асыл тұқымды бұқаны 25 жәй сиырға қосқаны үшін осы 25 бас аналық сиырдың әр басына 10 мың теңге, қойға 2500 теңге ғана төленіп келген. Ал, қазақтың киесі түйе мен жылқыға мүлдем ештеңе төленбейді. Сөйте тұра шошқаға дәлірек айтқанда әр мегежінге 40 мың теңге төленуде! Және талпақ танаудың нормасы сиыр тәрізді 25 бас емес 50 бас. Әрі ол неме төрт айда бір төлдейді. Сонда сиыр баққан шаруа жылына асылдандыру бағдарламасына енген 25 аналық сиыры үшін 250 мың теңге тапса, шошқа баққандар әр басына 100 мың теңгеден яғни, 50 бас шошқаға 5 миллион теңгені шытырлатып алып отырған. Осының бәрін анықтаған Коррупциямен күрес агенттігінің әрекетінен соң Ауылшаруашылығы министрлігі қызық қадамға бармақ болып, жасаған жобасын жариялап та үлгерді. Жобада беріліп келген деп есептелген 47 түрлі субсидияның 10 түрін ғана қалдыру көзделген. Сонда деймін-ау осы уақыт ішінде негізгі фермерлерге мемлекеттің көмегі жетпей, азғантай агроолигархтарды ғана жарылқап келгені анықталған соң үкімет ұсақ және орта шаруаларды нақты қолдауға бетбұрыс жасау керек емес пе? (Субсидияға бөлініп келген екі триллион теңгені туталақай еткендерді жазалап, мал-мүліктерін тәркілеу арқылы мемлекет қаржысын қайтарып алу бөлек әңгіме). Ауылшаруашылығы саласын жайлаған жемқорлықтың кесірінен еліміздің азық-түлік қауыпсіздігін қамтамасыз ету әрі өз шаруашылығының әлеуетін арттыру мүмкіндігінен айырылған фермерлердің жағдайын түзеуге бағыт ұстанған шұғыл шаралар кешенін жоспарлап, іске асырудың орынына субсидияның санын күрт шектемек болып отырған АШМ-ның әрекетін түсіну шынында да қиын. Осыдан соң шаруалар шамданбағанда қайтеді?! Сонымен митингіге шығатын шаруалардың талабын білу мақсатында хабарласқанымызда келесі құжат қолымызға тиді. Қаз-қалпында жариялап отырмыз.


1) Ауыл шаруашылығы министрі орнынан босатылсын; 

2) Шошқаға берілетін субсидия қойға берілетін субсидиядан аспауы тиіс. Шошқа сатып алғанда шыққан шығынның қайтарылатын бір бөлігі 50000 теңгеден аспауы қажет. Селекция жұмыстары үшін әр шошқаның аналығына 5000 теңге берілуі керек; 

3) Малдың жұқпалы аурулары үшін вакцина тегін берілсін;

4) Ветеринария және зертхана жұмысын жергілікті өңірлерде қайта ашып, тұрақты түрде қызмет етуі қамтамасыз етілсін;

5) әр селолық округтерде өрт сөндіру бекеттері ашылсын; 

6) кебектің бағасы бидайдың бағасынан 40 пайыз төмен болуы қажет; 

7) Қытай мен Түркия мемлекеттеріне тері өткізуге жол ашылсын; 

8) Ұлттық жобаның жұмыс тобына Алмасбек Садырбаев, Марлен Баймагамбетов мүшелікке алынсын; 9) Комиссия жұмыстары ашық жүргізілсін; 

10) Қабылданған жоба 5 жылға дейін өзгертілмесін;

11) Шаруа қожалықтарында бар болғанымен кезінде түрлі себептермен есепке алынбаған мал бастарын енгізу үшін ИСЖ бойынша 3 айға амнистия жариялансын; 

12) Субсидия – шыққан шығынның қайтарылатын бір бөлігі. Жобаға төменде көрсетілген бағдарлама енгізілсін: 

12.1. Мал азығы үшін шыққан шығынның қайтарылымы (мал басына): қойға – 10000 теңге, сиырға – 50000 теңге; жылқыға – 20000 теңге; түйеге – 25000 теңге; 

12.2. Селекция жұмыстары үшін: жергілікті сиырға – 30000теңге, отандық асыл тұқымды сиырға – 40000 теңге, жылқыға – 20000 теңге, қойға – 10000 теңге, отандық асыл тұқымды қойға – 15000 теңге; 

12.3. Асыл тұқымды отандық жылқы малының 1 басын сатып алғанда шыққан шығынның бөлігін қайтару – 400000 теңге, асыл тұқымды отандық 1 бас сиыр малын сатып алғанда шыққан шығынның қайтарылымы – 150000 теңге, асыл тұқымды отандық қойдың 1 басы үшін шыққан шығынның қайтарылатын бір бөлігі – 60000 теңге; 

12.4. Егістік жерді суландыру, ауыл және егін шаруашылығында ұңғыма қаздырғаны үшін қайтарылымы жұмсалған соманың 80 пайызы; 

12.5. Күн сәулесі энергиясын беретін қондырғылар орнатуда шыққан қаражаттың қайтарылымы – 80 пайыз; 

12.6. Электронды бақташы (эл. пастух) үшін шыққан шығынның қайтарылымы – 60 пайыз; 

12.7. Ауыл шаруашылығы малдарын цифрландыру, арнайы чиптер орнату тегін атқарылсын; 

12.8. Инфрақұрылым, оның ішінде вай-фай интернет жүйесін орнату үшін шыққан шығынның қайтарымы – 50 пайыз; 

12.9. Ауыл шаруашылығы техникалары үшін шыққан шығынның қайтарылымы бір техника бірлігі үшін – 50 пайыз;

12.10. Қосалқы бөлшектер үшін жұмсалған қаржының қайтарылымы – 50 пайыз; 

12.11. Мал және егін шаруашылығы үшін дизель отынының әр литрі – 160 теңге көлемінде бекітілсін; 12.12. Тұқымдық бидайды сатып алуға шыққан шығын толық көлемде қайтарылсын; 

12.13. Көпжылдық екпе шөптердің тұқымын сатып алуға шыққан шығынның қайтарылымы – 80 пайыз; 

12.14. Егістік алқабының әрбір гектарын өңдеу үшін төленетін субсидия 2000 теңге; 

12.15. Жердің құнарлылығын арттыру үшін жасалған шаралар шығынының қайтарылымы әр гектар үшін 40 пайыз; 

12.16. Гербицид және тағы да басқа тыңайтқыштар үшін жұмсалатын шығынның қайтарылымы – 50 пайыз болсын.

22:12
794

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020