ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА ҚҰТ, АЛ ЕЛДЕН КЕТСЕ ШЕ?!


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осы отыз жылда елімізге оралған қандастарымыз бен басқа елдерден қоныс аударып, көшіп келгендер жайлы «Елге ел қосылса – құт» тақырыбына мақала жазу үшін ақпарат іздедім. Жергілікті статистика басқармасының мамандары мардымды мәліметттер тауып бере алмаған соң ғаламторды шарладым. Өкінішке орай, ол жерден де көңіл қуантарлық деректер таппадым. Қайта, көңілім құлазып, алаңым арта түсті...

ҰЛТТЫҚ САНАҚ: САНЫМЫЗ ҚАНША, САПАМЫЗ ҚАНДАЙ?

Ілгеріректе, Қазақстанда халықтың саны 15 миллионның ар жақ, бер жағы болып тұрған кезде елімізге турист болып келген бір қытайлық «Сіздер бір-бірлеріңізді жақсы танитын шығарсыздар» деп таңырқаған екен дейтін әзіл жүретін ел ішінде. Шүкір, қазір қазақстандықтардың жалпы саны – 19169550 адам болды. Бұл, биылғы халық санағының алғашқы нәтижесі.

Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Ұлттық халық санағы жүргізілгені баршаға мәлім. Бұл Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде өткізілген үшінші санақ. Бұл санақтың бұрнағылардан өзгешелігі – шарада алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылды. Осыған орай, халықтың 42,5 пайызы онлайн сауалнама арқылы санаққа қатысса, дәстүрлі, жаппай аралап шығу арқылы санақпен 57,5 пайыз адам қамтылған. Санақтың толық қорытындысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында жарияланады деп күтілуде. Ал, желтоқсан айының басында Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі жайлы баяндады. Үкімет басшысының мәліметі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы әйелдер.

Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған. 

Әрине, бұл толық нәтиже емес, алғашқы пайымдар ғана. Нақтылы деректер алдағы жылдары шығарылып, ресми түрде жарияланатын болады. Десек те, бұл сұрақта іргеміздегі ала шапанды ағайындар мен айыр қалпақты бауырларымызға қарағанда көп кемшін жатқанымызды мойындауымыз керек. Ең сорақысы, оларға сырттан ел келіп жатса, бізден керісінше, кетіп жатыр.

КЕЛГЕНДЕРДЕН КЕТКЕНДЕР КӨП

2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша Қазақстанға 2,1 мың адам келіп, 5,5 мың адам елден кетті, – деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz басылымына сілтеме жасап. Ал, 2020 жылы Қазақстаннан басқа елге 29,1 мың адам көшіпті.

Өзге елге көшкен қазақстандықтар әртүрлі өңірден әркелкі. Бірақ, былтыр көшкендерден Қарағанды облысының бұрынғы тұрғындары (4106) салыстырмалы түрде көбірек. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы тұр. Онда өзге елге көшкендер саны – 3 868 адам. Олардың ізін Қостанай (3347) және Павлодар (3170) облыстары басып келеді. 2654 тұрғыны басқа мемлекетке көшкен Алматы қаласы бесінші орынға жайғасыпты. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысынан 2352, Ақмола облысынан 1935, Ақтөбе облысынан 1620, Нұр-Сұлтан қаласынан 1418 адам басқа елге көшкен.

Көшкендер саныең аз өңірҚызылорда облысы болып отыр. Бұл өңірден өзге елге 53 адам көшіпті. Аз көрсеткіштер қатарында Түркістан (217), Маңғыстау (245) және Атырау (256) облыстары да бар.

Былтыр Қазақстаннан көшкен адамдардың білім деңгейіне келер болсақ, олардың 8183-інің жоғары білімді. Бұл 15 жастан асқан мигранттардың жалпы санының 37,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, кәсіптік орта білімді 7417 (34,2%), жалпы орта білімді 4334 (20%), негізгі орта білімді 1746 (8%) адам елден кеткен.

2020 жылы Қазақстаннан кеткендердің 4471-і техникалық, 2332-сі экономикалық, 1454-і педагогикалық, 759-ы медициналық, 541-і заңгерлік, 447-сі сәулет-құрылысқа қатысты, 230- ы ауылшаруашылық мамандықтарын бітірсе, 5365-і басқа мамандық иелері.

Қазақстанға келгендердің ішінде 1,6 мың адам – еңбекке жарамды азаматтар болса, елден еңбекке жарамды 4 мың адам шетелге кеткен. Сондай-ақ, елге 15 жасқа дейінгі 204 бала келсе, осы жастағы 1,3 мың адам Қазақстаннан кетіп қалған. Қазақстанға келушілердің арасынан 204 адам жұмыс мақсатымен, 11 адам оқу үшін қоныс аударған.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ 4,2 млн АДАМ КЕТКЕН

«Ө ткен жылдармен салыстырғанда шетелге кететін қазақстандықтардың саны азайған», – дейді мамандар. Өзімізді өзіміз осылай алдаусыратып жатқандаймыз. Ал, шын мәнінде Тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан 4,2 миллион адам кетіп қалған. Бұл туралы Atameken Business телеарнасының «Точка зрения» бағдарламасында айтылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстандықтардың көбі Еуропа елдеріне кеткен. Ғаламтор дерегіне сүйенсек – 4,1 миллион адам. Оның 2,5 миллионы Ресейге көшіп кеткен. Бір миллионнан аса адам Германияда тұрып жатыр. Украинада 225 мың қазақстандық болса, Беларусьте – 70 мың, Грекияда – 27 мың, Чехияда – 8 мың және 7 мың адам Польшада тұрып жатыр.

Азияға 75 мың қазақстандық кеткен. Оның көбі Түрікменстанға (20 мың адам) көшкен. Израиль, Өзбекстан мен Қырғызстанға 13 мың адамнан кеткен. Жеті мыңы Түркияда тұрады. Соңғы жылдары елімізге танымал көптеген өнер адамдары өздерінің Түркиядан үй сатып алып жатқанын әлеужеліде мақтана жариялауда. Ал, олардың ойларында не бары бір Аллаға ғана аян

Сонымен қатар, мұхит асқан қазақстандықтар да аз емес. 50 мың адам Солтүстік Америкаға кеткен. Оның 36 мыңы АҚШ-қа кетсе, Канадаға 13 мың қазақстандық қоныс аударған.

Африкада тұратын қазақстандықтар да бар көрінеді. Оның ішінде, ең үлкен диаспора Малиде – 2 мың адам. Тағы мыңға жуық қазақстандық Ливияда тұрып жатыр.

жатыр. 

ЖАСТАР ДА ШЕТЕЛ АСЫП ЖАТЫР

Биылғы жылы мектеп бітірген түлектер арасында Ресейдегі оқу орындарына түсушілер көбейген. Мәжіліс депутаттарының пайымдауынша шетелге кетіп жатқан түлектердің 60 пайызы солтүстіктегі көршіге барады екен. Өйткені ол жақтағы жағдай бізден әлдеқайда жақсы сыңайлы. Бір ғана мысал, біздің елде сырттай оқу түгел жабылған. Ал Ресей ондай мүмкіндікті кеңінен ұсынып отыр.

Ең сорақысы сол, Ресейге немесе басқа да елдерге білім іздеп кетіпжатқан әрі сонда қалғысы келетін жастардың басым көпшілігі этникалық қазақтар.

Талапкерлердің шетелге ағылуы, оның ішінде Ресейге кетуінің бірнеше себептері бар. Көрші елде тілді түсінеді. ҰБТ тапсырып қиналмайды. Әрі сырттай оқуға түсіп алса, Ресейге барудың да қажеті жоқ. Кейін сол оқуын Қазақстанға ауыстырып алуына да болады. Және бір себебі – бәсеке. Ресей оқу орындары жыл сайын қазақстандық талапкерлерді түрлі жолмен өзіне тартып жатыр. Новосібірде, Алтай мемлекеттік медицина университетінде оқып жатқан семейлік Шырын Нұртөлеуова КТК арнасының тілшілеріне берген сұхбатында: «Сізге тұрақты тұрғын үй береміз, қандай жағдай керек, сондай жағдай жасап береміз, ақшалай болса да жасап береміз, тұрғын үй болса да жасап береміз деген сөзі қатты ұнады. Сондықтан осында оқуға, тұруға шешім қабылдадым. Бұл біріншіден. Екіншіден, студенттер сабақ оқумен ғана емес, басқа нәрсемен де айналыса алады және де сен басқа да үйірмеде айналысқаныңа саған қаражат төленеді» деуі соның айқын айғағы.

ТҮЙІН

Хош. Сонымен, мыңдаған отандасымыз өзге елдің тұрғынына айналуды қалап, елден көшіп жатыр. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, шетке көшкендердің көпшілігі Ресей азаматтығын алуды жөн көріп отырған сыңайлы. Осындайда ойға «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсіл оралады. «Қазақтардың бақытын басқа елден тапқысы келетініне өзіміз кінәлі емеспіз бе осы» деген ой да келеді жұмыр басқа. Қалай дегенде де, отандастарымыздың жаппай «өзге елде сұлтан» болғысы келетінінен қауіптенген жөн сияқты. Олар жайлы жер, жақсы қоныс іздеп кетіп жатыр ма, әлде басқа бір себеп бар ма?… «Елге ел қосылса – құт» деп жатамыз. Ал сол елден ел кетіп жатса ше?

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

15:56
505

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020