ЖЕЗҚАЗҒАНДАҒЫ ЕРЕУІЛ ЫРЗА ДА, ЫЗА ДА ЕТТІ

ШЕРУ МЕ, ТӨҢКЕРІС ПЕ?

Бейбіт шеруден ереуілге ұласты деген стихиялы қозғалыс ақыры мемлекеттік билікті күшпен басып алуға талпынған жат күштердің төңкеріс жасамақ болған әрекеті болып шықты. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» немесе «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осындай-ақ болар. «Жау жоқ деме жер астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегенді айтқан қазақ данышпан-ау! Еліміздің батысындағы бауырларымыз газ бағасының аз уақыт арасында 60 теңгеден 120 теңгеге өскеніне наразы болып бастаған бейбіт шеру түріндегі акциясы басында Жаңаөзен қаласында болуымен ғана елеңдетіп еді. Он жыл бұрын шеруге шыққан бейбіт мұнайшылардың қаны төгілген алаңдағы кез-келген қозғалыс қоғамдық-саяси қатынастың барлық тараптарына бірдей әсер ететін болғалы да біраз су ақты ғой. Бұл жолы да Қазақстанның жер-жеріндегі азаматтық белсенділер жаңаөзендіктерге қолдауларын түрлі жолдармен білдіре бастады. Негізгі құрал әлеуметтік желілер болғаны ақиқат. Әрі қарай «әнге салсам қозады қай-қайдағым» дегеннің кебі келді. Яғни, әр аймақ өз қабырғасына батып, ұйқысын қашырып жүрген мәселелерін желілерге жазып, биліктен шешілуін талап ете бастады. Сол сол-ақ екен бірқатар ірі қалалардағы алаңдарға шығып жаңаөзенді қолдай тұра, өз облыс, аймағындағы шешімін таппай отырған сұрақтардың қаперге алынып, шешілуін талап еткен белсенділердің хабары тарап, таспаға түсірілген ақпараты ғаламторды жаулай жөнелді. Әрі қарай не болғаны бүгінде баршаға аян…

БЕРЕРІ ЖОҚ ӘКІМНІҢ, БЕДЕЛІ ДЕ ЖОҚ

«Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» Шындығында да бейбіт шеру бірден төңкеріске ұласып кеткен жоқ қой. Жат пиғылды терроршылар өз мақсаттарына пайдалану үшін арандатып, қантөгіске жеткізгенше дейін де еліміз бойынша алаңдарда мыңдаған адамдар билікті жағасынан алып жатты. Әрине, мүмкін болғанша өркениетті түрде. Әр облыстағы әрекеттің сипаты әр түрлі болғаны және рас. Аяқ астынан лап ете қалған наразылық акциясына аспаннан түскендей аң-таң қалғансығанымен, неге осылай болғанын биліктің білмеуі мүмкін бе еді? Әрине жоқ. Апта, айды былай қоя тұрып жылдарға жалғасқан мемлекеттік басқарудағы дағдарысқа деген халық ызасы осылай көрініс берді. Жылдан жылға тұрақты түрде ауысса да, түбегейлі шешімін таппай, әбден асқынған тұрмыстық мәселелердің ашуы шампанның тығынындай тарс ете түсті. Жергілікті биліктің құзіретін шектен тыс шектей келе халықпен тікелей қатынастағы билік өкілін, яғни, қала, аудан әкімдерін аты дардай, мүмкіндігі қылдай қуыршақ шенеунікке айналдырған жоғарыдағылардың саясаты қате екенін өмір шындығы осылай дәлелдеді. Олай деуіме қарамағындағы халқының сұранысы, басына туған мәселесін шешуге қазіргі облыстан төмен әкімдердің қолында жеткілікті тетік жоқ екенін бір кісідей білуім себеп болып отыр. Билікті орталықтандырудағы асыра сілтеушілік жергілікті билікті осындай бейшара жағдайға жеткізді десек, артық айтқандық болмас. Бұл өз кезегінде әкімдер армиясының халық көтеріп отырған мәселелерді шешуге қауқарсыздығын, соған қоса халықтың оларға деген ашу-ызасын туғыза бастады. Әрі беріден соң қала не аудан әкімінің трагикомедиялық сипаты қалыптасып, олар ашулы әжуа мен ызалы күлкінің нысанына айналды. Осыдан соң «неге алаңдарға халық лек-легімен шыға келді» деп таң қалуымыз қаншалықты қисынды?!

ӘУЕСҚОЙ ТҮСІРІЛІМ

Хоош. Сонымен алаңға шығып, мәселелерін заң талаптары шеңберінен шығып кеткен амалдарымен қоя бастаған қазақстандықтар енді бірер сәттен соң мемлекеттік төңкеріс жасауға келген терроршылармен иық тірестіріп тұратынын сезген де жоқ болатын. Өкінішке орай, солай болды. Бейбіт халықтың билікке әсер ету арқылы, тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттыратын нақты жұмыстар жасалуын талап еткен әрекетін жат пиғылына пайдаланған әлдебір күштер қала көшелерін қанға бояды. Азаматтық белсенділігін ел игілігіне жаратпақ болған бейбіт тұрғындар мен мемлекет қауіпсіздігін, қоғам тәртібін қамтамасыз етуге міндетті әскер және күштік құрылым сарбаздарының өмірін қиды. Ештеңеден хабары жоқ қарапайым халық белгісіз бір үрей құшағында қалды. Мемлекеттік төңкеріс жасауға батылы мен мүмкіндігі қосқабат жететін топ қайдан шыға келді? Ұйымдастырушы, басшылары кімдер? Қолдау мен қаржыны қайдан алды? Құзіретті органдар осының бәрін қалайша білмеді? Осы және басқа да сансыз сұрақтардың тууы заңды. Нақты жауабын алдағы күндері алармыз деп ойлаймын. Халықтың да күтері осы екені анық.

АЛАШ АЛАҢЫНДА НЕ БОЛДЫ?

Елімізді шарпыған шерулік шаралар Жезқазған-Ұлытау аймағында да әртүрлі сипатта көрініс берді. Алдымен мыс алыбы «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарындағы жұмыскерлер өндіріс орындарында, ғимараттарындағы мәжіліс залдарында жиналып, жалпыхалықтық талаптарға қосылатындарын мәлімдеулерімен қоса корпорация көлеміндегі мәселелерін де көтере бастады. Мысалы, жұмыс орнында қолайлы жағдай туғызу, айлық жалақыларын көтеру, емдеу-сауықтыруға бөлінетін қаржы көлемін арттыру арқылы өзіне ғана емес, ата-ана, бауырларына да медициналық қызмет көрсету деген сияқты ұсыныстар айтылды. Ақыры өндіріс ошақтарына шоғырланып тұрған жұмысшы таптың қала халқымен қосылып Жезқазған қалалық әкімдігі алдындағы Алаш алаңынан бірақ біреу байқаса, біреу байқамай қалғандай бір жұмбақ халді бастан кештік… Бас-аяғы үш күн, үш түн Алаш алаңын кернеп тұрған ереуілшілердің өздерін қалай ұстағаны, талаптарын қалай қойғаны көп нәрседен хабар берді. Алғашқы көзге түскені билікпен диалогқа түсу тәжірибесінің аздығы. Сондай-ақ, жиналғандардың көпшілігі мойындап, сөзіне, өзіне ілтипатпен қарайтын көшбасшылардың болмауы. Беделді жігіттер болмады емес, болды. Бірақ олардың әрқайсысы өз бедел биіктігінде қалып, ортақ бір тұлғаға ұйыса алмаған сияқты көрінді. Келесі бір топтың агрессияға бейім екені де менмұндалап тұрды. Орнынан айқайлап, дөрекі сөздер айтып, күш қолданғысы келіп, жұлқына ұмтылысып тұрғандардың осы топқа жататыны түсінікті ғой. Ал енді үш күн бойы ереуілшілердің қай талабына болмасын жан-жақты, жалтарусыз жауап беріп, қажет сәттің бәрінде алаңнан табылған қала әкіміне тас лақтырғандардың қылығын алаңдағы ашулы халықтың өзі қолдаған жоқ. Мұндай бейбастықты тоқтатуларын талап еткен де халықтың өзі. Жалпы қала әкімі мен күштік құрылым өкілдерінің жағдайды ушықтырмауға барынша тырысқан әрекеттері өз жемісін бергенін атап өткенді жөн көрдім. Тікелей өз басын қорлағандай болған іс-әрекеттің қайсысына болса да сабырын сарқымай төзе білген Қайрат Әбсаттаровқа разы болып жүрген жезқазғандықтардың пікірі осыны айғақтайды. Олай болмағанда дәліздерін қара түтіннің ысы қапқан ғимараттың бірі Жезқазған әкімдігінің ғимараты болар ма еді?! ЕРЕУІЛ ҚАЙТАЛАНБАСЫН ДЕСЕК, ОРЫНДЫ ТАЛАПТАРДЫ ОРЫНДАЙЫҚ К ез-келген оқыс оқиға сабақ болады. Сабақ алғысы келмеген кердеңдер мұны түсіне қоймас. Аймақта, қалада бәрі дұрыс болса, осынша халық алаңда анталап тұрар ма еді? «Қазақмыстың» жұмыскерлерінің бұрынғыдай кеніштер аумағымен шектелмей аймақтың астанасы Жезқазған қаласының орталық алаңына жөңкіле жетуі де ойландырады. Себебі, олар Сәтбаев қаласынан әрі бірнеше шақырым жердегі жұмыс орындарын тастап келіп тұр ғой. Радикалды көңіл-күйдегі кей жігіттерге реніш айта тұра олардың неге ашынып жүргендерін де сұрап, зерттеген дұрыс екені сөзсіз. Аймақ халқының билікке деген наразылық көрсеткішінің арта түсуінің себептері туралы жергілікті үш әкіммен қоса облыс басшысы да терең ойланса, құба-құп болар еді. Кей ретте Жезқазған, Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданының облыс тарапынан күткеніне қол жеткізе алмай келе жатқаны да өмір шындығы. Ереуілшілер тарады. Қала тіршілігі қалыпты арнасына түсті. Ендігі кезекте оқыс оқиғаға себеп болған мәселелерді оңтайлы шешуге бағыт ұстануда. Мемлекеттік билікпен қоса «Қазақмыс» корпорациясының басшылары да бұл мәселеге мықтап атсалысуы керек. – Қалай болғанда да Жезқазған аймағының халқы өздерінің тектілігін, жоғары мәдениетін танытты, – дейді алаңда халықпен бірге болған облыстық мәслихаттың депутаты, танымал меценат Бекзат Алтынбеков. Әрине бұл сөзге біз де қосыламыз. Ел үшін отқа да, суға да түсуге даяр сұсты жігіттер мысты аймақта аз емес. Олар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау жолында қандай қадамға да бара алатындарын көрсетіп те жүр. Бірақ, ол қадамдардың қайғысыз-ақ қара киім жамылған қараңғылық ауылына емес, жасампаз істерге толы жарқын болашаққа бастағаны жөн шығар.

Әнуар ОМАР

15:59
916

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020