ГАЙДИН ОЙЛАНЫП ОТЫР...

Жезқазған-Ұлытау аймағы халқының өмірінде «Қазақмыс» корпорациясының алатын орны ерекше. Аймақта өмір сүріп отырған экономикалық белсенді әлеуметтің басым көпшілігі бала-шағасының несібесін әруағыңнан айналайын Қанекем тауып берген көк тастың арқасында тауып отыр. Жеті қат жердің тереңінде шөгіп жатқан сары атандай сары мысты бұйдасынан жетектеп қан базарға алып келіп саудаға салу үшін соғысқа бергісіз еңбек майданында қара терге шомылып жүр біздің жігіттер. «Еңбек ет те, міндет ет!» деген баба сөзі. Елімізді ересен елеңдеткен қаңтардың аязды күні мен түндерінде өндірістік алаңдарға, кәсіпорын ғимаратының мәжіліс залдарына, ақыр аяғында Алаш алаңына жиналып, маңдай тері, табан ақысының әділ төленуін талап ету осы міндеттің нақты көрінісі болды.

Бірнеше кеніш, мыс қорыту, құю механикалық зауыты ұжымының түрлі талаптар қойғанын аймақ халқы естіп отыр. Жаңаөзендіктерге оқ атпау, бейбіт шеруге шыққандарды қудаламауы, зейнеткерлікке шығу жасын өзгерту сияқты жалпыға бірдей талаптармен қоса «Қазақмыстың» әр кәсіпорыны ұжымының өз дербес шарттары да айтылып, басшылардың шешуіне ұсынылды. Айлық жалақыны көтеру, нақты бір кәсіпорынның басшысын ауыстыру, емдеу-сауықтыру мәселесі дегеннен бастап бірталай ұсыныс, талап қағаздарда қатталып енді оларды орындау үшін қанша шығын шығары шотталып жатқанға ұқсайды. Олай деуімізге арқадағы алып кәсіпорының басшылары таратқан хабарлама негіз болып отыр. Онда талап қоюшыларға қаратып «Сіздердің талаптарыңызды түгел естідік. Оларды саралап, сараптап, талқылаудамыз. Жауабын жиырмасыншы қаңтарда береміз. Оған дейін жұмыс ырғағынан жаңылмай әркім өз міндетін атқара берсін» делінген сияқты. Қала құраушы кәспорынның қалыпты жұмыс режиміне түскенін көріп, біз де осы ауызша келісімнің күшіне енгенін түсініп отырмыз. 

Соңғы жылдары «Қазақмыстың» менеджерлер тобында үлкен кадрлық өзгерістер болып, нәтижесінде еңбек майданының қолбасшысы Андрей Гайдин болғанын білеміз. Өзімен бірге ала келген ақылдары көп, білмейтіні жоқ басшылардан өзгесін жергілікті мамандармен толықтырған командасы жеп отырған нандары мен қызыл һәм қара икраларын ақтау үшін ертелі кеш тыпырлап жүргенінен де хабарымыз бар еді. Тек «арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей кәсіпорын еңбеккерлерінің бейбіт шеруге жаппай дерлік шыққанын көрген соң бұл менеджерлер тобының жұмысындағы олқылықтармен байланысты шығар-ау дәу де болса деп ойланып қалғанымызды несіне жасырайық. Дегенмен, А.Гайдиннің ереуіл күндері жұмыскерлермен тікелей кездесіп, талаптарын тапжылмай тұрып тыңдағаны ішімізді жылытқанын да айтайық. Енді міне, ойлануға уақыт сұраған үшбу сәлемін де жолдап отыр. Дұрыс та ғой. Ойлансын. Мықтап ойлансын. Сонда бәлкім қабылдаған шешімдері барлық талаптардың көңілінен шығып, жүздерін жадыратар. Солай болуына біз де тілектеспіз. Сонымен қатар, аймақ халқының қабырғасына батып тұрған әр сұрақты жіті қадағалай беретінімізді де ескерте кетейік. 

Әнуар ОМАР

16:13
973

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020