СУПЕР ТЫҒЫЛМАҚ!

«Мың өліп, мың тірілген» бұл қазақтың көрмегені жоқ шығар» – деуші едік тарихын тарқата келгенде. Бар екен! «Саясат деген бір сиқыр» дейміз ғой тағы қарап отырмай. Сиқыршың келіссе, одан қызық не бар?! Осы жолы әлемнің басын шайқатып, таңдайын қақтырдық. Сағат сайын сағымдай бұлдыраған оқиғалар мен сабындай көпірген сөздердің қым-қиғаштығы соншалықты, түбі қайда барып тірелетінін шеше алмай небір Шерлоктарың шерменде болды. Білгір дегеніміздің болжамы буға, сұңғыла дегеніміздің сараптамасы суға айналып, қараңғы бөлмеде қара мысық қуып жүргендей дәрменсіз бір халге душар болдық. Тығылмақ ойнаушы едік бала кезде. Балалардың ойыны деп ойладық. Басқа амалы қалмағанда патшалар да ойнайды екен сөйтсек тығылмағыңды. Патшаның аты патша. Тығылмағының өзі супер!..


Күрескенде болмаса жығылмағанға, ойнағанда болмаса тығылмағанға не жетсін. Тыққаның болмаса, тығылудың да қажеті жоқ. Халқың да аман, қарның да тоқ. Арса, арса болған қабырғасын шүкірінің шекпенімен жасырып, жөн айтқан сөзге бас ұрып, жаманы болса жасырып, жақсысы болса асырып келе жатқан қазақтай елдің патшасында да арман бар ма екен? – деп іші күйіп жүргендердің аз емес екенін естіп, біліп отырмыз. Тым болмаса осы пейілін бағаласа нетті қаранардай төзімді қазағымның...

Енді бәрі кеш болды. Қаншама уақыт еш болды. Тал түсте оқ атылып, бейбіт күнде қан төгілді. Аналарды қойып, аталар жылады. Батырлар былай тұрып, балалар оққа ұшты. Әлде олар сақалдың әр талында болатын періштелер ме еді?.. Бір талы бір сәбидің өмірін қиса, ондай сақалды қарғыс атса қайтеді! Түп тамырымен жұлып өртесе, сауап мұндай қанды қара сақалдарды!...

Тығылмақты көп ойнаған халықпыз. Басында күнә мен нәпсіден тығылдық. Қайырымсыздық пен имансыздықтан жасырындық. Сатқындық пен сайқалдықтан бой тасаладық. Бойдығана емес, ойды да алдырмадық. Арбатпадық, арбалмадық. Ханымыз әділ, батырымыз аңғал, халқымыз шаруақор, береке дарыған, құт қонған ел болдық. Тағдыр басқа салса амал қанша?! Ел басына күн туғанда жоңғардан жасырындық. Ақ патшадан, ол тақтан тайған соң большевиктен тығылдық. Бертін келе қызыл империяның Меккесі Кремльмен жасырынбақ ойнады әкелер мен ағаларымыз. Еліміздің еңбегі, жеріміздің кендерінен түскен пайданы одақтың ортақ қазанына құйып, өзіміз сорпа-суы, шеміршегіне мәз болдық. Қанағаттанбағандар ұрлады, ұрлаған соң бұғынды. Тағы да тығылды. Тығыла-тығыла өр дұшпаннан көр тышқанға айнала бастағанда азаттықтың ақ таңы атты. Тәуелсіз ел атанып, етек жиып, еңсе тіктедік. Азаттықтың сүйіншісіне ғасырлар бойы көрген қорлық, зорлығымызды бере салып, ойнап-күліп шыға келдік. Жылқы мінез, бөрі рухты, мәрт қазақ қалпымызды тауып, Алаштап атқа міндік дегенде баяғы тығылмаққа тағы да тап болдық. Қызылбас пен қалмақ, ойрат пен орыс жоқ енді, неге, кімнен тығыламыз деп дал болдық. Қарап тұрсақ патшадан халық, халықтан патша тығылып, жасырынбақтың жаһандық жаңғырған жаңа бір түріне тірелген екенбіз. Ақыры тығырыққа тірелдік. Сол баяғыдай бір тіріліп, бір өлдік.

«Енді тығылмаймыз» – деп отыр. «Енді жығылмаймыз» деп отырмыз. Екі жақ та уайымды жеп отырмыз. «Бетеге кетсе, бел қалар. Бектер кетсе, ел қалар. Берекең кетсе, нең қалар?» депті дана бабаларымыз. Бейкүнә елдің ертеңін ойлағанда арқандаулы аттай осы бір нақыл қазықты айнала бересің, айнала бересің. Тығылмасақ тығылмайық. Ойнай бергеннің ойыны осылатынын бұрыннан да білуші едік қой. Неге ұмыта береміз?

Қан тамған жерді қаза бермей, дән егетін жерді жыртайық. Қолымызға қару емес, құрал алып, бойымызға ашу емес, білім жинайық. Жиғанымызбен емес, жасағанымызбен мақтанайық. Жем болмай, ел болайық. Ол үшін қарашаның қамын хан ойласын, алашының қамын абыздар ойласын. Алғандарын қайтарсын, жылатқандарын жұбатсын. Қамағандарын босатсын, сабағандарын емдетсін. Міне, сонда елдің ертеңі үшін қатулы қабақ болған ерлер татулы одақ болар. Ерге ер, елге ел, ақылға ақыл қосылар. Дос қуанып, дұшпан шошынар. Осы жолы осылай ете алмасақ, астымыздан тақ, басымыздан бақ ұшар. Әзер құтылған бодандық, қазір-ақ келіп жабысар. Ел болу жағын ойлайық, сабырға терең бойлайық қазағым. «Судың да сұрауы бар», «Ашылмайтын ақиқат болмас» – деді ғой дана бабаларымыз. Сенейік! 

Ә нуар ОМАР

Сурет ғаламтордан алынды

09:41
610

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020