КЕТКЕНДІ КЕЛТІРІП, КЕЛГЕНДІ КЕТІРМЕУ ТҮБІ ЖЕМІСІН БЕРЕТІН БОЛАДЫ

2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін-2050» жобасы іске қосылған болатын. Аталған жоба бойынша білім алушылар саны жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, гранттар саны да көбеюде. Өзінің сәтті жоба екенін дәлелдеген «Серпінге» Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының жастары қатысуға құқылы. Олар еліміздің орталық, солтүстік, шығыс өңірлеріне барып, тегін білім алады. Тегін дегенде қалай? «Серпін» грантының өзге мемлекеттік гранттардан айырмашылығы жоқ. Бұл жоба пайда болғалы қабылдаушы аймақтардағы бұрынғы мемлекеттік гранттар мен ауылдық квоталардың саны қысқарып, олар «Серпін-2050» жобасының гранттарының қатарын түзеді. Бұл бағдарлама бойынша да түлектер ҰБТ тапсырып, мемлекеттік конкурсқа қатысады. 4 қала мен 4 оқу орнын таңдау парағын толтырып, меңгерер мамандығын белгілейді. Жолы болып бағы мен бабы қатар шапқаны тегін, шәкіртақылы оқуды жеңіп алады.

«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша қабылдаушы аймақтар қатарында Қарағанды облысы, оның ішінде Жезқазған қаласы да бар. Бағдарламаға ЖОО-мен қатар колледждер де қатыса алады. Бүгінде 1438 білім алушысы бар Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті де 2015 жылдан бері оңтүстік пен батыстың жастарына құшағын айқара ашты. «Серпінмен» келген жастар біраз жыл тоқырауға ұшыраған университеттің жаңа тынысын ашқандай болды. 4-5 баладан әрең жасақталып жүрген топтардың орнына 30-35-ке дейін студенті бар бакалаврлар құрылды. Мықты оқытушылар құрамы, у-шу болған бәсекеге қабілетті жалынды жастар педагогикалық, техникалық мамандықтарды оқыды. Заң бойынша барлық грантта білім алушылар, соның ішінде «Серпіндіктер» де өздері білім алған облыс аумағында 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. 

2015-2021 жылдар аралығында Жезқазған университетіне «Серпін» бағдарламасымен 425 білім алушы оқуға түскен. 2019 бен 2021 жылдары университет қабырғасын аяқтаған студенттер саны 350 екен. Осы 350-дің 59-ы магистратураға оқуға түскен. 98-і мысты шаһар аумағына жұмысқа орналасқан. Ал қалған 193-і қайда? Олар өздері туып-өскен аймақтарына қайта оралған және еліміздің басқа өңірлерінде жұмыс істейді. Жалпы санның жартысынан астамы диплом алып, жоғары білікті маман атанғаннан кейін Жезқазғанда қалып, болашағын осы қаламен байланыстыруды жөн санамаған. Ащы болса да, шындығы – осы. Бұған магистратураға түсіп кеткен 59-ды да қосып қойыңыз. Себебі магистранттар үш жылдық міндетті жұмыстан құтылатындығын ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы мамандарының өз ауыздарынан естідік. 

Хош! Осы тұста «Су ішкен құдыққа түкірмеу керек» деп тәмсілдетіп кетеріміз анық. Ал расында бұл жердегі жалғыз ағаттық «Серпін» жастарында емес екенін де мойындауымыз шарт. Олар өз еңбектерімен білім гранттарын жеңіп алды. 4 жыл оқыды. Президенттік шәкіртақыны да алды. Жастық шақтарының ең қызықты сәттерін осында өткізді. 4 жыл зулап өте шығып, диплом алар сәт те туды. Алды. Әрі қарай не болмақ? Олар өздері оқыған мамандықтары бойынша жұмыс таба алмады. Бұл тек Жезқазғандағы проблема емес екені белгілі. Осындай жайт қазіргі Қазақстанның бүкіл аймағында орын алып жатыр. 

тыр. Оқу бітірген соң Жезқазғаннан «тайып отырған» жастың бірі – Айгерім Жақсылықова. Түйіндеме жазылған парағын ұстап, қақпаған есігі қалмаса да геолог мамандығына жұмыс таба алмаған ол кәсібін туған жері Қызылордадан тапқан. Геолог болып Қазақстанның біраз жерін шарлап үлгерген ару бұл мамандықта еңбек ету қыз баласына тіптен қиын екенін де мойындайды. 

Өзге топтастары қыркүйекке дейін жұмыс таба алмағанда, оқуын аяқтап үлгерместен мұғалім атанған жастың бірі – Бекзат Әуелбек. Себебі ер мұғалімге жұмысқа орналасу аса қиын емес. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 13 мектепке жұмысқа орналасқан ол жас маман деп көмегін аямаған ақылшы әріптес әпкелеріне алғысын айтуда. Алғашында досымен бірге қоғамдық тамақтану орталығын ашып, сонда да жұмыс істеген ол қаржыдан айтарлықтай таршылық көрмейді. Дегенмен ұстаздық жолының екінші жылында сабақ кестесінің реті келмегендіктен бизнесті тастап, біржолата мемлекеттік жұмыспен шұғылдануды жөн санайды. Осы тұста оқу жүктемесіндегі сағат санының аздығы әсерін тигізбей қоймады. Мардымсыз жалақы көңілге қуаныш сыйламасы сөзсіз. Пәтерақысының қымбаттауы, ішіпжемі, жол ақысы, одан бөлек қосымша ұсақ-түйек шығындар… Қате басқан кей сәттерде бірден бөле-жара қарап: «Осы «серпіндіктер» жарытып жұмыс істей алмайды» деп ақырған басшылардың қысымына жігіт баласы шыдай қойсын ба?! «Бәріне де, бәріңе де рақмет!» деп, жолсөмкесін жинап, артына бұрылмастан Алатау бөктеріндегі әсем қалаға аттанып кетті. 

– Әрине, қосымша жұмыс істеп болсын күнелте тұруға болар еді. Мен Жезқазғанды жақсы көремін. Мектеп бітіріп келген сәттен бір нанды бөліп жеген достарымның біразы сонда. Жезқазған – жарқын естеліктерімнің қаласы. Дегенмен орайы келіп тұрғанда үлкен қалаға кеткендіжөн санадым.Себебі қаладан көп таныстарым көшіп кетуде. Мен 2016 жылы оқуға түскенде қала қандай еді, әлі сондай. Даму, алға қозғалу жоқ. Мұнда уақыт тоқтап қалғандай сезінесің. Алматының аты – Алматы. Жастар, мәдениет, инфрақұрылым, түрлі қызметтер – барлығы жоғары деңгейде. Мұнда бәсекелестік жоғары болғанымен мүмкіндіктер легі мол, – дейді ол. Дей тұра өзі оқыған қаланы сағынатынын да жасырмады.

Міне. Жастар ойы осындай. Соңғы курсында үйленіп, жезқазғандық жас отбасылар қатарын толықтырғандардың бірі – Дінмұхаммед Сейдін. «Көлік, көліктік техника және технология» мамандығы бойынша білім алған бұл кейіпкеріміз де көпке дейін жұмыс таба алмаған. Ойламаған жерден Жезқазған индустриалды-гуманитарлық колледжіне оқытушылыққа шақыртылған ол педагог болудан тартыншақтағанын да жасырмады. «Ұстаз болам» деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген ол өз мамандығы бойынша жастарды тәрбиелеуге келісімін берді. Бұл таңдауына өкінбейді. «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен аруды жары еткен Дінмұхаммед үш жылдық жұмыс өтілі аяқталған соң да мысты шаһарда қалып, еңбек еткісі келеді. «Серпін-2050» бағдарламасымен қалада қалған жастардың басты проблемасы – баспана мәселесі. «Дәрігер мамандар секілді біздерге де тұрғын үй жалдауда немесе сатып алуда жеңілдіктер қарастырылса» деген тілегін білдірген олар шағын болса да Жезқазғанның өмір сүруге қолайлы қала екенін айтып, осында тұрақтағысы келетіндіктерін де сездіре кетті. 

Жаңашыл жастармен ғана ел еңсесі тіктеліп, тегеурінді мемлекет қалыптасарын сіз бен біз айтпасақ та білеміз. Жезқазғандықтар өз балаларын Қарағанды мен ел астанасы Нұр-Сұлтанға аттандырып, оқытуға бейім тұратыны да өтірік емес. Олар да өздері оқыған үлкен қалаларда қалып, жұмыс істегенді тәуір көреді. Өз жастары Жезқазғандағы оқуды менсінбей сыртқа кетсе, шеттен келгендерді ұстап қала алмасақ, қаланың дамымайтындығын, халық саны азайып бара жатқанын айтып кімге өкпелемекпіз?! Ендігі айтпағымыз – арман қуып келген қаншама білімді кадрларды жіберіп алып, бармақ тістеп отыра бермей, оларға лайықты жағдай жасаған жөн-ау. Сонда ғана түпкірде орналасқан Жезқазғанның болашағы бұлыңғырлықтан айығатын болады. 

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

16:54
549

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020