ЖЕЗҚАЗҒАНДЫ ЖАҢААРҚАҒА ЖӨНСІЗ ЖЫҒЫП БЕРІП ОТЫРҒАН КІМ?

Еліміздің жер аумағына әлемнің бірнеше мемлекеті еркін сыйып кететінін мақтана айтып жүрміз. Мақтану жағынан қазақ алдына қара салмайды ғой шіркін. Осы ұланғайыр даланы төрт түлік малға, тербеліп тұрған астыққа, көз қуантар бақша өнімдеріне толтырсақ, қалай мақтансақ та жарасар еді ғой. Өкінішке орай, қолданылмағандықтан құлазып бара жатқан жер аумағы миллиондаған гектармен саналады. «Бос жатқан жер жау шақырады» дегендей алпауыт көршілеріміздің көз құртына айналып отырған жерлер жеке бір мақаланың тақырыбына сұранып-ақ тұр. Ол жайына да бір соғатынымыз айдан анық. Бүгінгі әңгіме басқаша.

Ауыл шаруашылығының тиесілі деңгейде дамымауына билік тарапы халықтың енжарлығы, әрекетсіздігінен көріп, кәсіп ашып, нәсіп тере алмай отырған ауылдықтарды кінәлаумен келіп еді. Шынында ауылды жерде өмір сүріп отырған халықтың жалқаулыққа бергісіз жайбасарлығы көзге ұрып, сынауға сұранып тұратын жылдар болмады емес болды. Үкімет тарапынан пайызы төмен несие, түрлі субсидия беру, кепіл болатын қор ашу сияқты дұрыс қадамдар жасалғаннан соң салаға қарапайым қазақстандықтардың қызығушылығы артып, далалықтармен қоса қалалықтар да мемлекеттен түрлі мақсаттағы жер алып, несие рәсімдеп, ауыл шаруашылығы саласында белсенділік пайда болды. Малды да, дәнді дақылдар түрлерін де асылдандыруға ден қойып, өнімнің өтімділігі мен табыс әкелу әлеуеті артқан сайын ауыл кәсіпкерлері де құлшына түсті. Міне, осы кезде ауыл шаруашылығы саласын алға бастыра алмай отырған үкімет қуана қоштаудың орнына дөңгелене бастаған шаруашылықтардың дөңгелегіне бюрократияның ағашын көлденең қыстырып, кедергісін келтіре бастады. Әрине қастандық жасау үшін емес шығар. Бірақ, сол баяғы билік пен шаруаның арасына кіріп алып, паразиттік әрекеттері арқылы жеңіл табыс көзін жасап алған делдал фирмалар халық арасында «крыша» аталып кеткен әлдебір көкелерінің қолымен шаруалардың мойнына лақтырған қыл арқандарын сығымдап, тартылта түсті. Мысалы: мал ауруы пайда болған шаруашылық иесінің оның нендей ауру екенін анықтай алмай, жобалап біліп тұрса да, дәлелдей алмай апталап жүгіріп жүруі қалыпты жағдайға айналды. Жезқазған-Ұлытау аймағындағы шаруалар зертханалық сынамаларды алған мамандардың диагноз-жауабын кемі үш апта күтетіндерін айтуда. Талап бойынша үш күн ішінде анықталып, анықталған ауру түріне қарсы жедел ем-дом, тиісті вакцина егу шаралары жасалуы керек екенін ескерсек, аталып отырған мәселені жұмсартып айтқанда шектен шыққан жауапсыздық деп қана бағалауға болады. Қарағанды облыстық Ауыл шаруашылығы немесе Ветеринария басқармасы басшылары негізінен соңғы сөзді айту хұқы бар референттік орталықтардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана бар екенін, оларға сынамаларды жеткізіп, жауабын алғанша осынша уақыттың кететінін алға тартуды әдетке айналдырып алған. Сонда Жезқазған, Қарағанды қаласында орналасқан зертханалар не үшін керек?! Ұзақ жылдар бойы бұрынғы Жезқазған облысының аумағына қызмет етіп келген зертхананың арнайы қондырғылары да, мамандары да аурудың таралып жүрген түрлерін анықтап беруге әбден жарамды екенін біліп отырған біздер үшін сынамаларды Нұр-Сұлтан қаласындағы референттік орталыққа ғана жеткізу туралы талап түсініксіздеу. Бұл ретте шаруалардың да ойы басқаша екен.

Мысалы, Амантай Мамақовтың шаруашылығы Ұлытау ауданында орналасқан. Былтыр жазда ірі қара малы ауырып, жергілікті ветеринар маман аусылдың барлық белгілерін тапқан. Аудандық ветеринариялық бөлім басшысының орынбасары келіп, малдан қан алып кеткен. Бірақ, алынған қанның нәтижесі он бес күннен соң бірақ келіпті.

– Сараптамаға алып кеткен қан үлгісінің нәтижесін сұрастырып, тексеруге әлі кетпегенін білдім. Жеті күн ауданда жатқан. Қан үлгісін менің шаруашылығымнан 200 шақырым Ұлытау ауданына апарған. Қарағандыға хабарлассам, әне әкеле жатыр, міне әкеле жатыр деумен отыр. Мен малымның жағдайына алаңдағандықтан ренжіп, айқай-шу көтерген соң, үлгіні Ұлытаудан 700 шақырымдай жердегі Қарағандыға алып кетті. Бұл ретте Ұлытаудан 120 шақырымдағы Жезқазған қаласында да ветеринарлық зертхана бар емес пе? Солай бола тұра 700 шақырым жерге әкеткені түсініксіз? Содан олар бір дәрі берді. Оны егіп едік, кесел сап тыйылды. Ол аусылдың дәрісі болып шықты. Ал, он бес күннен соң келген сараптама нәтижесін оқысам лестериоз деген диагноз қойылыпты. Осы сынаманың нәтижесін күтіп жүрген күндері 15 сиырым өлді, – дейді Амантай Мамахов. 

– Менің шаруашылығымда жеке ветеринар дәрігерім бар. Тәжірибелі маман. Малым ауырғанда бірден айтты аусыл деп. Біз дереу дәрі іздей бастадық. Кейбіреулер аусыл туралы айтпаңдар. Ертең малдарыңды қамап қояды. Карантин қояды, мал сата алмайсыңдар, – деді. Біз жасырған жоқпыз. Облыстан Тұрсынов деген өкіл және аудандық ветеринарлық қызметінен келген маман аусыл екенін мойындады. Вакцина берді, мен оған дейін малымды емдеп алдым. Аузын тұзбен шайдық, антибиотик салдық, аусылдан вакцина салатын облыстар, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы жігіттермен ақылдасып 10-15 күннің ішінде емдеп алдық. Шығын болған жоқ. Бірақ, маңайымызда 7-8 шаруашылықтың малы ауырды. Шығын болды. Біз көмектесіп емдеттік. Аусылға қарсы жалпылама ем қолданбаса болмайды. Егілмеген шаруашылықтар қалды. Демек, көктемде кесел қайта өршуі мүмкін. Ол әрі қарай жұға береді дейді, – «А. Мулаков» шаруа қожалығының жетекшісі Абзалбек Мулаков.

– Облыстық, аудандық ветеринарлар келеді де «Неге айқай шығарасыңдар? Салып береміз ғой вакцинаны» – дейді. Біздің ветеринар дәрігерлер өздерін қорғаштайды. Екіншіден, айтуларынша ауыл-ауылды аралайтын жанармайлары жоқ. Мал болса қырылып жатыр. Жұмысқа деген көзқарас өзгермесе келесі жылы тағы сондай болады. Мұны айту керек. Ұлттық референттік орталық әдейі АШМ-нің ауруды жасыру үшін жасап отырған қулығы. Әйтпесе анықтаманы неге республикалық зертхана бермейді? Тек қана жаңағы референттік орталық береді, – дейді А. Мулаков.

Ал, Жезқазған қаласында орналасқан бұрынғы облыстық зертхананың басынан кешіріп отырған хикаясы тіпті ақылға сыймайтын жағдайда. Ұзақ жылдар бойы осы зертханада қызмет атқарған Серікбек Көпбаевты сөзге тартқанымызда білгеніміз мынау болды:

– Жезқазған қалалық-ауданаралық ветеринариялық зертхана Балочная көшесіндегі үш қабатты ғимаратта орналасқан. Одан бөлек аула ішінде гараж, жем-шөп тұратын қойма, зертханалық жануарлар тұратын вивари, үстіндегі екінші қабатында Жезқазған аумақтық филиалы кезінде зертхана әкімшілігі (директордың кабинеті, бухгалтерия, завхоз, күзетшілер, жүргізушілер, мәжіліс залы) отырды. 1986 жылы Блочная көшесі 16-дағы осы үш қабатты ғимаратқа Жезқазған облыстық ветеринариялық зертханасы көшіп келгеннен бастап 2022 жылдың басына дейін ветеринариялық зертхана қызметін мүлтіксіз орындап келді, Бірақ, үстіміздегі 2022 жылдың басында зертхана қызметін белгісіз себептермен тоқтатты. 2000 жылдары Жезқазған аумақтық ветеринариялық зертхана филиалы құрылып, қарамағына Ұлытау, Жезді, Қаражал ветеринариялық зертханалар кірді. Және де осы жылы Жезқазған аумақтық инспекциясы құрылып, Балочная көшесіндегі үш қабатты ғимараттың бірінші, екінші қабаттары ветеринариялық зертханадан бөліп алынды. Ең сорақысы осы бөліп алынған қабаттар кейін жекеге сатылып, қоғамдық тамақтану орнына айналды. Ал, 2012 жылы Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданына талапқа сай зертханалары бола тұра жаңадан ветеринариялық зертхана салатыны белгілі болды. Бірақ, Қаражал қаласында зертхана жоқ екені ескерілмеді. Талапқа сай аса қауіпті ауруларды тексеретін зертханалар елді мекеннің шетінде 150-200 метр қашықтықта орналасу керек еді. Тіпті осыны да ескермей Балочная көшесіндегі үш қабатты ғимарат ауласының ішінен құны 120 млн болатын модульдік зертхананың құрылысын бастап, 8 айда бітіріп, кіргізетіндерін хабарлады. Солтүстігінде 60 м тұрғын үйлер, оңтүстігінде 20 м автобөлшектер сататын базар мен 80 метр жерде Абай көшесі, шығысында 10 метр жерде «Самади» сауда үйі, батысында 100 метр қашықтықта №6 колледж бола тұра құзырлы мекемелер осы құрылысты салуға қалай рұқсат берген? 2015 жылдың аяғында бітпеген зертханаға жалған құжаттар толтырып, бітірдік деп актіге қол қойдырып, құрылысшылар ақшаларын толық алып алған соң зертхананы бітірмей тастап кетті. 2019 жылы «Жезқазған қаласындағы жаңадан салынған зертхана қашан пайдалануға беріледі? – деп «Хабар», «Қазақстан-1», «КТК» телеарналарына үндеу жарияладық. Онымызға АШМ лауазымды қызметкерлері «Қаржы қарастырып зертхананы іске қосамыз» деп телеарна арқылы жауап берді. Осыған қарамай Қарағанды облыстық филиалдың директоры Н. Ескендирова заңсыз қудалау ұйымдастырып, Астана мен Қарағандыдан комиссия келтіріп, зертхана туралы мәселе көтергендеріміз үшін сөгіс арқалатты. Осы қылмыстардан қалай құтылудың басқа амалын таба алмаса керек 2022 жылдың басында Жезқазған қаласы ауданаралық ветеринариялық зертхананы жауып тастады. ҰлытауЖезқазған өңірінде 200 мыңнан аса халық тұратынын және де Жаңаарқа, Қаражал, Жәйрем, Ұлытау өңірлері мал өнімдерін негізінен Жезқазған, Сәтбаев қалаларына өткізетінін ескерсек бұл қастандыққа бергісіз шешім болды. Оның үстіне мал жайылымдары шахтадан шығатын сулармен ластанып, елді мекеннен 50 шақырым жерге Байқоңырдан ұшқан зымырандар қалдығы құлап жатқанын, оған қоса бұрынғы Жезді ауданының аумағы Арал апат аймағына кіретінін және де осы аумақтың бәрі мал жайылымдары екенін біле отырып осындай қадамға барып отырса бұл шешімді қастандық демегенде не деуге болады? Қызылорда, Қостанай облыстарымен шектесетін селолық аймақтар ауырған малдардың сынамаларын 350 шақырым Қызылорда мен Арқалыққа ма, әлде 1000 шақырым Қарағандыға апарғандары қолайлы ма? Осы сұрақтарға Жезқазған зертханасын жабу мәселесімен айналысып отырған Республикалық ветеринариялық зертхананың басқарма басшысы Н.Ескендирова мен Қарағанды облыстық филиалы директорының м.а. Қ.Қабдулла мырзалар не дейді екен?-дейді Серікбек Көпбаев таңданысы мен ренішін жасыра алмай.

Алаңдағандарынан ащы дауыстары шыға бастаған аймақ фермерлерінің айтуынша жабылды делініп тұрған зертхананың арнайы қондырғылары Жаңаарқадағы зертханаға тасыла да бастаған сияқты. Рас болса, шынымен де түсініксіз қабылданған шешім екен. Кешегі білдей бір облыстық зертхана екенін айтпағанның өзінде бүгінде де тұтас бір аймаққа қызмет етуге әлеуеті әбден жететін мекемені Ұлытау ауданының кейбір ауылдарынан 500-600 шақырым қашықтықтағы Жаңаарқаға ауыстыру кімге қажет бола қалғанын түсіне алмай отырмыз. Бұл сұрақтың жауабын Қарағанды облысы әкімінің сала бойынша орынбасары Серік Шайдаров мырза бере алар ма екен? Қалай болғанда да көтеріліп отырған мәселе өте маңызды. Оның дұрыс шешімін табу аттары аталған басшылардың жауапкершілігінде. Тұтас бір аймақ шаруалары шаруасының шатқаяқтауына себеп болуы мүмкін солақай шешімнің күші жойылып, әділдік салтанат құратынына сенгіміз келеді.

P.S. Айтпақшы тағы бір сорақы шаруаны ұмытып барады екенбіз. «Ташкенде бір апам бар. Менен де өткен сорақы» дегендей зертхананың қоғамдық тамақтану орнына айналды деген қабатында «Рояль» түнгі клубы ашылған. Рұқсат берілуі мүлде мүмкін емес ғимаратта клуб ашып алған мықтылар бүгінде «Қоғамдық тамақтану орнының жанында зертхана орналасқаны заңға қайшы» дегенді алға тартып, зертхананың басқа жерге көшірілуін талап етіп отырған көрінеді. Мәссаған мәмпәси деген осындай-ақ болар. Зертхананың Жаңаарқаға қисынсыз көшірілуі туралы шешімге рояльдықтардың да ықпалы болуы мүмкін-ау деген ойдың жылт ете қалуы да заңды. Қалай болғанда да бұл мәселенің шешілуі құзырлы органдарға қарап тұр. 

Әнуар ОМАР

20:42
477

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020