ҰЛЫТАУДА ТАҒЫ ДА ҮЙ ДАУЫ

Ұлытауда тұрғын үйге қатысты тағы дау шықты. «Тағы» деп таңба салып айтып отырғанымыздың да себебі бар. Өткен жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде Әлібек Әбдіраштың «Ұлытауша үй бөлу» деген тақырыптағы мақалалары жарық көрген еді. Кәдімгі сериал сияқты екі сезонда жазылған мақалаға аудандағы тұрғын үй бөлудегі шалағайлықтар арқау болған-ды. 

Ақпарат үшін анықтама:

Өткен жылдың соңын ала, дәлірек айтқанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында Ұлытау ауданың орталығында 3 қабатты, 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Дәл осы күні аудандағы 24 көп балалы аналарға 3 және 4 бөлмелі пәтерлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспананың құрылысын «СарыАрқа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Заманауи үлгіде салынған көппәтерлі үй автономды жылу қазандығы арқылы жылытылады. Арнайы автотұрағы бар ауланың жол жиектері ернеутастармен шегенделген. Келешекте балалар ойын алаңын орнату да жоспарланған. Қысқасы, жайлы тұрмыс үшін қажеттінің бәрі бар.

Ал, бұл жолғы шу таяуда ғана көп балалы аналарға берілген үйден шықты. Нақтырақ айтқанда, пәтер алған аналар бұл баспананың әлден-ақ бас ауруына айналар мәселелерін айтып редакциямызға қоңырау шалды. Мәселенің мәнжайымен жақынырақ танысу үшін Ұлытауға барып, тұрғындарды тыңдап қайттық. Сонымен... 

АНАЛАРДЫ НЕ НӘРСЕ АЛАҢДАТАДЫ?

Хош. Естіген құлаққа жағымды-ақ жаңалық. Үйді көргенде көз де қуанады. Бірақ, баспаналы болған аналардың лепірген көңілі көп ұзамай-ақ су сепкендей басылды. Оған не себеп болды? Тұрғындардың өзін тыңдап көрелік.

Мөлдір ЖАППАСОВА, көп балалы ана:

– Көп балалы ана ретінде пәтер кілтін алғанда қатты қуанған едім. Алайда, қуанышым ұзаққа бармады. Оған бірнеше себептер бар. Талдап айтып берейін. Біріншіден, бұл үй бізге өмір бойы жалға ғана беріледі екен. Яғни, белгілі бір мерзімнен кейін (бес не он жылдан соң – М.Ж.) үйді жеке меншігімізге ала алмаймыз. Екіншіден, ата-анамыз бізге сыйға үй берген күні бұл баспана автоматты түрде бізден алынып, өзге адамға беріледі. Үшіншіден, баспананың жалға беру тарифі де жоғары. Бүгінгі күні мен 14 580 теңге төлеймін. Бұған әзірге газдың бағасы қосылған жоқ. Өйткені, үй газ арқылы жылытылады, ал жылу тұрақты емес. Барының өзі мардымсыз. Қазір біз екі бөлмеге электр жылытқыш қосып отырмыз. Үйге кіргенімізге жиырма күндей болды. Сонда біздің осы бір айдағы тоққа төлейтін ақшамыз 30-40 мыннан асып кететін түрі бар. Оған аренданың ақшасын, өзге де коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Ал, балаға алатын жәрдемақымыз 60-70 мыңның шамасы. Төртіншіден, үйдің салыну сапасы да көңілге кірбің ұялатып тұр. Терезелердің жақтауынан жел гулеп тұрады. Жылу батарейлері бөлменің аумағына сай емес. Секциялары аз. Едендерге цементтің үстіне линолеум төсей салған. Менің пәтерім бірінші қабатта. Тым болмаса бірінші қабаттағы пәтерлердің еденін ағаштан төсеуге болмайтын ба еді. Үйде шеттей жас балалар бар. Бесіншіден. Үйде пеш жоқ. Түсінеміз. Көп қабатты үй болған соң оған от жағатын пеш салынбайды. Бірақ, тұрғындарға газ пеш беруге болатын еді ғой. Кеше тоқ болмай қалған кезде осы үйдің тұрғындары не істерімізді білмедік. Шайымызды қойып іше алмай қиналдық. Үй газбен жылытылатын болған соң әр пәтерге шағын газ пештер алып, орнатып берсе, көп балалы аналарға жасалған қамқорлық деп түсінер едік. Көп қабатты үй болған соң осындай форс-мажорлық жағдайлар ескерілуі керек еді.

Ирина СТРЮК, көп балалы ана: 

– Осы пәтерді алғанда тұрғындар атынан жүрек жарды лебізімді білдіргендердің бірі едім. Бірақ, мұның аяғы дәл осындай жағдайға алып келеді деп ойламаппын. Бізді толғандыратыны – балаларымыздың келешегі. Пәтер бізге жалға ғана беріліп отыр. Егер мен жұмысымды ауыстыратын болсам, бұл үйді де өткізуге мәжбүр боламын. Бұл дегеніміз, мен шиеттей бала-шағаммен тағы үй жалдап жүремін деген сөз. Үйдің жылуы, салыну сапасы жайлы жаңа көршім тәптіштеп айтып берді. Ол өз алдына бір проблема. Бірақ, проблеманың үлкені үйді біздің жеке меншігімізге беруде болып тұр. Бұл мәселені жергілікті билікке жеткіздік. Бірақ, олар «пәтер тек жалға беріледі» дегендерінен қайтпайды. Неге оның меншікке ауыстыруына болмайтынын да дұрыстап түсіндірмейді. Амалсыздан, ақпарат құралдарына жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Пәтердің бағасын да ашып айтпайды. Сатылу бағасын айтамын. Оны сұрасақ, «сендерге оның қажеті жоқ, бұл жалға берілетін ғана пәтер» деп отыр. Сонда қалай болғаны. Мен қазір пәтерімді заманға сай әрлеуім керек. Тұсқағаз жапсырып сәндеуім керек. Егер, пәтер менің жеке меншігім болмаса мен неге бұлай шығындалмақпын?! Тағы бір сорақысы, әлде бір себеппен жалдау ақысын уақытылы төлей алмай қалсам, өсімақы жүреді. Бұл қайдан шыққан нәрсе. Қысқасы біз түсінбейтін мәселелер көп болып тұр. Оны түсіндіретін әкімдіктен әзірге ешкім болмай тұр. 

БҰЛ ҚАЛАЙ БОЛҒАНЫ? 

Міне, тығырыққа тірелген тұрғындардың жанайқайы осы. Олар: «Сонда біз не үшін ай сайын 14 мыңнан астам ақша төлеуге тиістіміз? Ел бойынша жалға берілетін пәтерлердің белгіленген тарифі жоқ па? Пәтер неге меншікке берілмейді?» деген сауалдарды аудан әкіміне де оның орынбасарына да қойған екен. Алайда олар «Бұл үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынды. Сол себепті де ол меншікке берілмейді», деген жауаптан өзге ештеңе ести алмағандарын айтып налиды. Айтпақшы, пәтер кілті тапсырылғанда 24 көп балалы ана қуанышқа бөленген екен. Алайда, бүгінде солардың 11-і ғана қалыпты. Қалғандары жалдау құнынын қымбатсынып әрі үйдің меншікке берілмейтінін естіп, кілтерін кері қайтарса керек. Сонымен, мәселенің мән-жайына қаныққанда «мәс-саған» демеске лажыңыз қалмайды екен. Бұл қалай болғаны? Бір қолымен басынан сипап, бір қолымен кеудесінен итерген биліктің бұл әрекетін біз де түсіне алмадық. Оны ауданның жауапты тұлғалары тәптіштеп түсіндірер деген үміттеміз. 

P.S. Тұрғын үйді пайдалануға беруге қатысты техникалық тұрғыдан да ойластырылмаған жайтар бар сияқты. Мәселен, көп қабатты үйдің кәріз жүйесі белгілі бір желіге қосылуы керек. Не болмаса ол үйдің жеке септигі болуы қажет. Біздің жағдайда 24 пәтерлі, 3 қабатты үй орталық кәріз жүйесіне қосылған. Бұл жүйе әлі пайдалануға берілген жоқ. Сонда қалай болғаны. Қазіргі тұрып жатқан 11 пәтердің кәріз суы қайда ағып барып, жиналып жатыр? Бұл өз алдына бір сұрақ.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

10:18
363

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020