БАҒА БАҚЫЛАУДА БОЛСА ЖАРАР ЕДІ

Айлық жалақыға кішкене үстеме қосылса болды, тіпті кейде қосады-мыс дегеннен-ақ бағасы екі-үш есеге аспандап кететін азық-түліктің қымбатшылығына қарапайым халықтың еті үйреніп те кеткен секілді.

Бір ғана мысал күнбағыс майының бағасы 2021 жылы бір жылдың ішінде 60,4 пайызға көтеріліп, осы жылдың маусымынан бастап литрі – 713 сатыла бастады немесе бір жылдың ішінде бағасы 30 пайызға қымбаттаған тауық жұмыртқасы 2021 жылдың қазан айының өзінде 2,7 пайызға көтеріліп кетті. Қалтасына салмақ түсіп, күнкөрістің қамы ауыртпашылық әкелсе де қайран қазақтың қойдан жуас момын мінезі өзгермек емес. Алайда осы халықтың басым бөлігі бағаның көтерілуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорлары бар екенін және әлеуметтік маңызы бар он тоғыз азық-түлікке шекті баға белгіленгенінен бейхабар болуы бек мүмкін. Бірақ, қалтасының қамын күйттеген сатушыларға әрине бұл кедергі емес. Оларды тексеріп, бағаны бақылап, мониторинг жүргізуге қала әкімдігі енді ғана шындап кіріскен сияқты. Осы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп тұрса, бағаны негізсіз өсіргені үшін айппұл арқалайтынын ескерген саудагерлер бұл әдетінен әлдеқашан арылар ма еді? Бағадағы өзерісті байқау үшін және супермаркеттердегі супер бағаларды салыстырмақ ниетпен Сатбаев қаласының орталығында орналасқан «Самади», «Акцент», «Нұртай», «Ұлы дала» сауда орталықтарын аралап шығуды жөн көрдім. Сонда көргенім мынау. Барлық тауарды тізбектемей шектеу бағасы енгізілген 19 тауардың ішіне кіретін бір екі тауарға мысал келтіре кетейін. «Пиала», «Bassire» шайлары «Самадиде» – 883-1079 теңге болса, «Акцент» пен «Нұртайда» – 875-900 теңге көлемінде. Бір килогамм қанттың құнын «Самади», «Ұлы далада» – 318-319 теңгеге, «Акцент», «Нұртай» сауда орталықтарында 335-350 теңгеге сатуда. «Сұлтан» фирмасы өндіретін 400 гаммдық макарон өнімдерінің бағасы «Самадиде» – 325, «Акцентте» –320, «Ұлы далада» – 287 теңгені құрайды. Жаңа жылдан кейінгі бағада өзгеріс бар ма деген сауалыма «Самади» сауда орталығының әкімішілік қызметкері ұлты қазақ болса да алдымен қазақша жауап бере алмаймын деп жалтарып еді, кейін тіпті сөйлесуден бас тартты. Ал, бұл сауалыма «Акцент» супермаркетінің әкімшілік қызметкері, аға сатушы Әсел Досжан жаңа жылдан кейін тапсырыс берген бірқатар тауардың бағасында өсім байқалғанын айтады. Бұған дейін құны 297 теңге болған 400 граммдық макарон бүгінгі күні 320 теңгеге өскенін («Ұлы далада» – 287 теңге), тұздың бағасы едәуір көтерілгенін, керсінше бағасы шарықтап кеткен тауық жұмыртқасының 497 теңгеден 445 теңгеге арзан дағанын айтып, бағаның құбылмалы болуына жеткізуші фирманың әсері бар екенін алға тартты.

Жоғарыда бағалары көрсетілген тауарларда айтарлықтай өзгеріс болмаса да теңгенің тиыннан құралатынын және тауарды барлық сауда нүктелеріне бірдей фирма тасымалдайтынын ескерген де жөн. Бағаны бір қалыпты ұстап тұру бұл қашаннан келе жатқан мәселе. Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырма берді. Сөздеріне сенсек, алдағы 180 күнде бағаны тұрақтандыру үшін ауқымды іс-шаралар қолға алынбақ, сондай-ақ, монитрингтік топтар өз жұмыстарын бастап та кетті. Солай болғаны дұрыс та. Әйтпесе қарапайым халық қашанғы қымбатшылықтың зардабын тарта бермек?! 

Жаннұр ТӨЛЕНДІҚЫЗЫ

10:48
556

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020