Жеңіс ҚАСЫМБЕК ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІН ЕСТІП ОТЫР

Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбектің Жезқазған қаласы активі және жұртшылығымен кездесуі тартысты өтті. Қала әкімдігі тарапынан ескі тәсілге жүгіну, яғни, залда отыратын жұртшылықты сегіз сүзгіден өткізіп, тізім арқылы жинау әрекеті жасалғанына қарамастан талай өткір сұрақтар қойылды. Менің байқағаным облыс әкімінің Жезқазған, Сәтбаев қалаларының жұртшылығымен кездесуге келе жатқанын қарапайым халықтың тоқсан пайызының естімей де қалғаны. Ақпарат еш жерде жарияланбаса, жарияланбауын қатты қадағаласа қайдан естісін?!

Кездесуден бір күн бұрын кешке таман фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Сарыарқа күнделігі» тобына шыққан кездесу туралы үш-төрт сөйлемнен тұратын ақпаратты қалалық әкімдіктің жұмыс істеп алдырып тастағанын да естіп отырмыз. Кездесу барысында қала әкімі Қайрат Әбсаттаров барынша ашық отырды. Кездесуге кім келсе де қарсылығы болмағанын да сездіріп-ақ бақты. Олай болса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еститін мемлекет, Жаңа Қазақстан құру туралы тарихи да тағдырлы бастамасына бұрыннан әбден сүйектеріне сіңіп қалған әдеттері бойынша қарсы шығып отырған қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова болғаны ғой. Осы екі шенеуніктің жай тұрғандарды былай қойып, қалада елу жылға тарта шығып келе жатқан «Saryarqa» газетінің бас редакторы болып отырған менің де кездесуге кіруіме кедергі келтіруге барынша тырысқандарын айтып өтпеске амалым болмай отыр. Ескі сүрлеу, солақай соқпақпен тарта беретін болсақ, Жаңа Қазақстанды қалай құрмақпыз?! Сондағы маған аудио арқылы айтқан, уотсап арқылы жазған уәждері: «облыс журналистерін өздері алып келеді. Сіздерге солар жазады. Суретке де өздері түсіреді. Облыс әкімінің баспасасөз хатшысы М. Шаповалованың талабы осындай» дегенге саяды. Ал, кездесуде мен облыс әкімі Ж. Қасымбектің «еститін мемлекет құруға атсалысайық» деген құлшынысын көзіммен көріп, бір оң өзгеріс болатынына сене түскендей бір күйді бастан кешірдім. Ескі жол, таптауырын тәсілден айналшықтап шыға алмау, бір орында ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырып алатын басшыларға тән екенау деген ойдың туғанын да жасырмай-ақ қояйын… Ал, кездесу шыншыл әрі мүмкін болғанша нәтижелі болды. Спикерлік жасап отырған облыс әкімі де, оның жанындағы облыстың прокуроры Құсайын Игембаев та барша сұрақтарға бүкпесіз, жалтарып, бұлтарусыз жауап беріп отырды. Кейбір ұстараның жүзіндей шебердің бізіндей сауалдарға да салқын қанды, сараптамасы басым жауаптар алды жезқазғандықтар.

Алдымен сөз алған Сағындық Қожамсейітов қаланың экологиялық ахуалына алаңдайтынын дәйекті түрде жеткізе келе, «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындары халықтың денсаулығына аса зиянды қалдықтарын суға, ауаға, топыраққа сіңіріп отырғанын жеткізді. Олардың ішінде кадмий, сынап тәрізді аса улы элементтердің бар екеніне айрықша тоқталды. «Қазақмыс» күкірт қышқылы цехын саламыз дегелі бірнеше жыл өтсе де, мәселенің әлі сөз түрінде ғана қалып тұрғанын да жасырмады. Соған қоса қала ішіне және сыртқы аумағына тал-терек, жасыл желек егіп, өсіру жұмысына да мыс алыбының кейінгі жылдары салғырт қарап отырғанын жеткізді.

Сұрақтарды мұқият тыңдағын Жеңіс Махмұтұлы әрқайсысы бойынша жауап бере келіп: «Бұлар ауқымды мәслелер. Сол себепті бір айдан соң мен арнайы келейін. Үкіметпен келісіп экология министрінің орынбасарын, «Қазақмыстың» басшыларын да шақырып, келтіріп айтылған мәселелерді нақты шешудің жолдарын бекітейік», – деді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазанбаев «Қазақмыстың» өз ардагерлеріне курортттық-санаториялық жолдамалар беретініне тоқталып, басқа да салаларға барын берген қалалық ұйымдағы он мыңға тарта ардагерлер де жолдамадан тыс қалмаса екен деген ойын жеткізді. Келесі болып сөз алған аймағымыздың сыйлы азаматы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров қашандағыдай шындықтың туын биікке тікті. Ел ағасы ретінде елдегі жағдайға қабырғасы қайысқан кейіпте ащы да болса ақиқат сөзін іріккен жоқ. «Жазушы Шерхан Мұртазаның бір сөзі кешегі қаңтар оқиғасынан бері құлағымнан кетпей тұр. Қазақ халқының бір қасіреті бар. Ұдайы кесапатқа ұшырап отырады деген. Мен келмеске кеткен Кеңес Одағымен бірге қазақтың қасіреті де ере кеткен шығар деп ойлап едім. Қаңтарда болған оқиға қазақтың сүйегіне түскен таңба болды. Сол күндері көптеген адам ажал құшты. Соның ішінде өлгендер де қазақ, түрмеге түскен де қазақ, жылап жүрген де қазақ! Егемен ел болдық деп отыз жыл бөркімізді аспанға атып жүріп біз қайда келдік?! Қазақ елінің болашағы қандай болмақ? Жаңағы тұрмыстық сұрақтар шешілер, қала мен су, экология да тазарар. Ал, біздің көкрегіміз бен ойымыз қашан тазарады? Бай мен кедейдің, бастық пен жұмысшының арасы өте алшақтап барады. Аңда-саңда Президент келсе, халықты електен өткізгендей сұрыптап сен барасың, сен қаласың, ал сен мынаны ғана айтасың деп қолынан қолхат алып қана кездесуге кіргізеді. Сөйтіп жүріп жеткен жеріміз, міне, осы болды. Алда да осы саясатпен кете берсек, енді бір дүрбелең болса мемлекетіміз шыдай алмайды деп ойлаймын. Жеңіс Махмұтұлы, мен жас көшбасшылардың ішінде Сізді сыйлаймын. Елмен бірге жүресіз. Әрқашан қандай сынды болсын дұрыс қабылдап, айтылған мәселе бойынша шешімдер қабылдап жатасыз. Кешегі ел толқыған күндері мен алаңда да, кеніштерде де болдым. Неге шықты сол жастар? Олар емес, аға буын біз кінәліміз. Билік халықтың үніне құлақ асуды қойды. Өзім білемдікке салынудың соңы, міне, мынандай болды. Қарағанды облысының аумағы өте үлкен. Қай облыс әкімі болса да оны құшағына да сыйғыза алмайды, қадағалап та үлгермейді. Сондықтан да Жезқазғанның облыс статусын қайтарып беруі керек. Олай болмайынша бұл аймақ дами алмайды. Кадр таңдау мәселесі де көңілден шықпайды. Осы Жезқазғанға кімдер келмеді? Жынды бала атанғандары да бар ішінде. Сонда Жезқазған аймағы сынақ алаңы ма жоғары жақ үшін? Өмір көрген, өндірісте шыңдалған Талғат Аханов, Бақтияр Қырықпышев, жас та болса бас боп жүрген Мұрат Бөрібаев сияқты жергілікті кадрлар да бар. Соларды неге көрмейсіздер?» — деген Төлеген ағамыз басқа да бірқатар мәселелерді өткір айтты.

Жалпы жиынға қатысқан қаланың белді азаматтары елге деген жанашырлықтан туған ойларын ортаға салудан тартынған жоқ. «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының басшысы Ерболат Сатыбалдин Қарағанды облысының бірнеше қаласындағы кеншілер мен балқытушыларға пайызы төмен ипотекалық несие беру үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінгенімен, ол тізімге Жезқазған, Сәтбаев қалаларының кірмей қалғанын тілге тиек етіп, облыс әкімінің мәселені оң шешуін сұрады. Облыс басшысы бұл уәжге тоқтап, бұл мәселені қысқа уақытта шешуге уәдесін берді. Облыстық мәслихаттың депутаты, ел ағаларының бірі Бауыржан Шыңғысов бірнеше сұрақты көтерді. Соның ішінде аймақ халқы арасында онокологиялық ауру түрлерінің көбейгенін жеткізіп, бұл сұрақты жартылай шешімдермен шектемей, жаңа онкологиялық аурухана салуды ұсынды. Оған облыс басшысы да келісіп, алдағы сессияда құрылысты бастауға қажетті құжаттарды түзуге қомақты қаржы бөлетінін, бірақ жаңа аурухана құрылысына кемі екі-үш жыл кететінін айта келе, оған дейін қаладағы ауруханадан онкоаурулар үшін 50 орындық бөлімше аша тұру дұрыс екенін ортаға салды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Әбдірахман Досанов жас мамандардың «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа тұруы қылкөпірден өткендей қиын екенін айтып, осы мәселенің оң бағыт алуына Жеңіс Махмұтұлы атсалысса екен деді. Оған өңір басшысы осы кездесуден соң корпорация жұмыскерлері және басшыларымен болатын кездесуде мәселені көтеруге уәде берді. Басқа да сөз алғандардың барлығы тек қана елдің ортақ мәселелеріне алаңдаған ойларын, тілек-ұсыныстарын ортаға салумен болды. Аймағымызға танымал елжанды азамат Абзал Мулаков үлкен басшылармен болатын кездесулер туралы ақпараттың әдейі таратылмайтынын, залдарға халықтың тізіммен қана таңдалып шақырылатынын, сол себепті мәселесі қитығына тиіп жүрген қарапайым тұрғындардың басшыларға қолы да, сөзі де жетпейтінін жеткізді. Мысалы үшін дейді Абзал ашынып: «Осы залды қарап отырмын. Бес-алты адамнан басқасы әкімдіктің, мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Сонда халықтың жағдайын қалай білесіз? Халықпен кездесу дегенде халық болуы керек емес пе? Менің негізгі айтайын дегенім Жезді су қоймасы туралы еді. Кезінде 100 млн. текше метрге таяу су жиналатын қойма еді. Бүгінде батпағы көтеріліп, су құйылатын жағдайы қалмаған. «Қазақмыстың» кеніштерінің, Сәтбаевтың жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының улы қалдықтары келіп құйылады. Жақында арнайы мекемеден келіп сынама алғандар қолдануға жарамсыз деген қорытындыны ресми беріпті. Осы су қоймасын негізінен ластап отырған «Қазақмыс» корпорацисы қаржы бөліп, тазалатса деймін. Сонда маңайын игеріп, екпе шөптер өсіріп, мал шаруашылығының дамуына серпін беруге болар еді. Осы су қоймасы маңының суармалы егістікке қолайлы 45 мың гектар жерін біреулер рәсімдеп алыпты. Бірнеше жыл бойы игермей құр ұстап отыр. Қала әкімі де соттасып жеңе жүрген көрінеді. Осы жер мәселесіне көмектесіңізші» – деді А.Мулаков. Аймақтың және бір белсенді азаматы Арман Ашимов кезіндегі облыстық ветеринариялық зертхананың жөнсіз жабылып, 200 мың халқы бар Жезқазған-Ұлытау аймағынан 30 мың тұрғыны бар Жаңаарқа ауданына көшіріліп жатқанын қынжыла жеткізді. Бұл ақпаратты таң қала тыңдаған облыс әкімі облыс прокурорларымен бір сәт кеңесіп алған соң «құрылысы толық аяқталмаса да, ақшасы игерілген модульдік зертханалар мәселесін де, бір қабаты түнгі клубқа айналдырылған зертхана ғимаратының мәселесін де қатаң бақылауға алатынын кесіп айтты. Облыс прокуроры да өз кезегінде қала прокурорына ел алдында тапсырмасын беріп те үлгерді. Басқа да сұрақ көтерген азаматтар толыққанды жауаптарын алып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Көзімізбен көргеніміз облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халық үнін естіп отыр екен. «Әлі талай кездесеміз. Аймаққа екі ай сайын келіп тұрамын. Қандай мәселе болса да, осылай бірлесе шешейік. Алдағы кездесулерде белсенді азаматтар мен жергілікті блогерлер де болсын. Ешкім оларға кедегі келтірмесін» – деді ол.

Әнуар ОМАР

10:35
462

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020