КЕЗДЕСТІ. КЕҢЕСТІ. УӘДЕ ЕТТІ. АЛ НӘТИЖЕСІН УАҚЫТ КӨРСЕТЕР

Жаңғырығы жер-жаһанға жеткен кешегі қаңтар оқиғасы шенділер мен шекпенділерді ғана емес, шенеуніктерді де жылы орнынан көтерді. Әкім-қаралар кабинеттерінен шығып, елмен кездесіп жүр. Жай кездесіп қана қоймай, кеңесіп, ой түйіп, уәде де беруде. Сондай бір алқалы жиын сәрсенбіде Сәтбаев қаласында да өтті. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірімізге жасаған жұмыс сапарын кеншілер қаласынан бастады. 

Аймақ басшысы әуелі қаладағы қордаланып қалған мәселелері бар бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мәселенің мән-жайына қанықты, жұмысты көзімен көрді. Соның бірі спорттық-сауықтыру кешені. Соңғы екі-үш жылда сол спорт кешеніндегі футбол алаңының үрлемелі күмбезі екі рет құлады. Әбден тозығы жеткен жабынды жел ұстап тұра алмай әбігерге салып, әупірімдеп жөндеп алған еді. Енді келіп бассейннің күмбезі де желі шыққан местей болып қалды. Оны темір-құрамамен жауып алды. Қазір ішкі жабдықтары жөнделіп жатыр. Оған осы кешеннің «Жастар» спорт залын косыңыз. Мұның бәрі қаланың қаржы қоржынына үлкен салмақ болып тұр.

Қалада құрылысы сағызша созылып келе жатқан тағы екі нысан бар. Оның бірі – «Оқушылар сарайы». Осыдан үш жыл бұрын басталған нысанның бағы жанбай-ақ қойды. Біресе бөлінген қаржысы жетпей қалды. Енді келіп тапсырыс беруші мекеменің әкімшілік басқару тетігі облысқа ауысып кетті. Осылардың бәрі нысан құрылысының уақытылы аяқталуына кері ықпалын тигізіп тұр. Жаңадан салынып жатқан балалар бақшасының да кебі осындай.

Өңір басшысы осының бәрін көріп, танысып шықты. Содан кейін барып Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қала активімен кездесті.

– Қаңтар қасіреті еліміз үшін нағыз сын сағаты болды. Елдің әр аймағында наразылық акциясы ұйымдастырылып, көпшілік көшеге шықты. Әрине, мұның бәріне елдің әлеуметтік жағдайы, дүркін-дүркін болып жатқан қымбатшылық әсер еткені рас. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында жасаған мәлімдемесінде ашық айтты. Айтып қана қойған жоқ, сол мәселерді шешу үшін жергілікті билікке, депутаттар мен министрлерге қадау-қадау тапсырмалар берді. Міне, осы мақсатта біз елге шығып, жұртпен жүздесіп, келелі мәселелерді кеңесіп шешуге келіп отырмыз, – деді алқалы жиынды ашқан Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы наразылық акциясына Сәтбаев қаласының кеншілері де шығып, «Қазақмыс» корпорациясының басшылары мен кеншілер қаласының әкімдігіне өздерінің талап-тілектерін жолдағанын айта келіп, кейбір аймақтардағыдай ашуға бой алдырмай, сабыр сақтап, мәселені байыппен шешуге ниет еткендеріне ризашылығын да білдірді.

Өз кезегінде Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов кеншілер қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жайлы қысқаша баяндады. Бір әттеген-айы, баяндамада бүгінгі әңгімеге арқау болған жайлар мен қаладағы шешімін күткен мәселелер жайлы бір ауыз сөз айтылмады. Жеңіс Махмұдұлы да «менің күткенім басқаша мазмұндағы баяндама еді» деп айтып қалды.

Хоош. Сонымен кезек елдің көкейінде жүрген сауалдарға келді. Бұл тұрғыда қаланың Қоғамдық кеңесінің мүшелері белсенділік көрсетті. Мәселен, кеңес мүшесі, қаланың белсенді азаматы Әбулайс Молахов кешегі наразылық акциясына елдің еріккеннен шықпағанын, әлеуметтік алақұлалық пен баға ның дүркін-дүркін өсуі ашындырғаннан шыққанын айта келіп, облыс әкімінің назарын мына мәселелерге аударды.

– Сәтбаев қаласында бас ауырып, балтыр сыздай қалса көмек көрсететін заманауи аурухана жоқ. Қазіргі барының халі мүшкіл. Қаладағы орталық аурухана осыдан он жеті жыл бұрын жөнделіп еді. Қазір күйі кетіп тұр. Осыған облыстан қаржы қаралса. Екінші бір мәселе, жылу тарифі. Бұл да қазір елдің бас ауруына айналып тұр. Ал, оны жылу-энергетика кәсіпорнының басшылары назарларына да алмайды. Қоғамдық тыңдаудың өзін олар өз жұмыскерлері арасында ғана өткізіп жүр. «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарына қарасты мекеме болған соң жергілікті билікті көзге ілгісі келмейді. Сондықтан, барлық коммуналдық мекемелердің басшылары ай сайын елдің алдында есеп беріп, атқарылатын жұмыстарымен таныстырып отыруы керек. Онсыз ауа жайылған кәсіпорындардың кесірінен жуырда қала жылусыз, жарықсыз қалды. Оған кінәлі жылу-энергетика кәсіпорны. Кәсіпорын ток желілерін уақытылы қарамаған. Бағандардың ескіргендерін ауыстырмаған. Сәтін салғанда ауа райы жылы болды. Егер 25-30 градус аяз болғанда қаланың жылу желісі қатып қалар еді. Оның бетін әрі қылсын, – деді Әбулайс Молахов.

Осындай өзекті мәселені Алаш Тұрлыбек те көтерді. Қаланың оңтүстік батысында №3 Сәтбаев байыту фабрикасының шайынды қалдықтарын сақтайтын дамба бар. Осы дамбадан ұшқан ақ шаң жаз бойы қаланың үстін тұмшалап тұрады. Ал, ол тозаңның құрамында адам ағзасына зиянды қаншама химиялық улы заттардың бар екенін айтудың өзі қорқынышты. Бірақ, «Қазақмыс» корпорациясының басшылары бұған бастарын ауыртқысы келмейді. Коғамдық кеңес мүшелері мұны сан мәрте көтерді бірақ корпорацияның осы іске жауапты мамандары «тозаңды су сеуіп басып отырамыз» дегеннен әрі аспауда. Күлесіз бе, жылайсыз ба?! Ала жаздай аспаннан тамшы тамбайтын біздің өңірде жаз бойы дамбаны қалай суландырып отырмақ. Осыған бір тосқауыл қоятын шара жасасаңыз деген елдің өтінішін жеткізді өңір басшысына Алаш Мырқалұлы.

Жиында жолдың жыры, баға мен әлеуметтік дүкендердің, тұрақтандыру қорының жайы да айтылды. «Шындық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Абдолла Дастанов «бағаны тұрақтандыру қорымен тұзақтаймыз деген бос сөз, оның орына сол ақшаны әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке шын зәру деген жандардың нақтылы тізімін жасап, соларға беру керек» деген ұсынысын айтты.

Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдады. – Қазір Үкіметте «Әлеуметтік әмиян» жобасы қызу қаралып жатыр. Оның бір бағыты осыған негізделген, – деген Жеңіс Махмұдұлы жиында көтерілген мәселелердің өзектілігіне тоқталып, оның орындалуын тікелей өзінің бақылауында ұстауға уәде берді.

Жалпы, аймақ басшысы елдің тарапынан қойылған сұрақтарға байыппен жауап беріп отырды. Оның айтуынша қалалық орталық аурухананы жөндеуге таяу уақытта қомақты қаржы бөлінетін болады. Жол мәселесі де біртіндеп шешімін таппақ. Биыл Жезқазған-Қызылорда бағытындағы жолды жөндейтін мердігерлер анықталатын болады. Келер жылы Қарағанды-Жезқазған жолына да түрен түспек.

– «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы тарапынан шешілетін мәселерді бүгін компания басшыларымен болатын кездесуде көтеретін боламын. Келешекте кеншілер қаласында заманауи үлгідегі үлкен медициналық орталық салынатын болады. Жалпы, бүгінгі айтылған мәселердің корпорацияға қатыстыларының өз шешімін табуына өз тарапымнан ықпал етемін, – деді Жеңіс Қасымбек жиынды қорытындылай келіп.

Қысқасы, облыс әкімі елмен кездесіп, толғақты мәселерді тыңдап, оны шешу жолдарын кеңесіп, айтылған жайттардың сөз жүзінде қалмайтынына уәде етті. Ал оның іс жүзінде қандай нәтиже берерін уақыт көрсетер.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ. Сурет облыс әкімінің баспасөз орталығынан алынды.

09:55
502

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020