АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП...

«Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ», бала күнінде бір көрпенің астына сыйған туғандар, әрқайсысы бір-бір отбасы құрғаннан кейін тұрмыстың талабымен, тірліктің ыңғайымен жан-жаққа тарап кетуі заңды нәрсе. Келе-келе олар «қазаны басқаның қайғысы басқа» болып, әркім өз отбасының әбігерімен болып кетеді екен. Осылайша көзден кеткен, көңілден де кетедінің кейіпін киеді. Алайда Алланың «туыстық қарымқатынасты үзбеңдер» деген бұйрығын ұмытпайық, ағайын!

Ай көрмесе, ағайын жат, 

Жыл көрмесе, жекжат жат.

Адамға ұмытшақтық тән қасиет, ұзақ уақыт көріспеген адамдар, бір-бірін іздемек түгілі, бар екендігін ұмытып та кетеді.

«Бала бірте-бірте алыстай береді, әкесін әке емес жай ғана таныстай көреді», – деп ақын Қадір Мырза Әлі айтпақшы, бүгінгі жақын дегендерің бір күні жат болып кетуі оп-оңай, содан «ағайын ащы, мал тұщы» деп отырғаныңды бірақ байқайсың. 

Сондықтан жақын туыстар көбірек араласып, жиіжиі қонаққа шақырысып тұрғандары жөн. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранда: ْمُكْيَلَع َناَك َهَّللا َّنِإ َماَحْرَأْلاَو ِهِب َنوُلَءاَسَت يِذَّلا َهَّللا اوُقَّتاَو اًبيِقَر

«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», («Ниса» сүресі, 1-аят) – деп бұйырады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім) десе, тағы бір хадисте Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم»: Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бухари) дейді.

Ағайындар бір-бірінің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып жүруі керек. Ақын-әулие бабамыз Мәшһүр Жүсіп: 

Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын, 

Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын. 

Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын, 

Еркелетіп, бетіңнен қақпайтын да ағайын, – деп жырлаған екен. 

«Ағайынмен жауласпа – басың азаяды, Көршіңмен дауласпа – асың азаяды», 

«Ағайын – ағайынның айнасы», 

«Ағайын бірде араз, бірде тату», 

«Ағайында өкпе бар да, кек жоқ», 

«Ағайынның азары болса да безері жоқ»,

«Ағайынмен ішкен ас тәтті», 

«Ағайынның қадірін білмесең жалғыздық берер сазайды»,

«Ағайынды өкпелеткеннің үні іриді», 

«Туғаныңмен туыспасаң, кең дүниеге сыйыспассың», 

«Ағайын тату болса ат көп, Абысын тату болса ас көп» – деген асыл сөздерді естен шығармайық!

Мейіржан ӘНУАРБЕКОВ,

Жезқазған қаласы Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің наиб имамы. (Сурет ғаламтордан алынды)

11:45
1240

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020