БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ ӨСІРУГЕ ЖОЛ ЖОҚ

Қала әлеуетін арттыруда жеке кәсіпкерлікті дамытудың маңызы айрықша. Мысты шаһардағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6020 бірлікке жеткен. Яғни, жеке кәсіппен 14,4 мың адам айналысады. Бұл – жұмысқа белсенді жезқазғандықтар үлесінің 32 пайызының жеке кәсібі бар деген сөз. 

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Данияр Арынғазиннің айтуынша, жалпы өнеркәсіп көлемі 711,7 млрд-қа артып, 13,5 пайыз өсім болған. Қала кәсіпорындарынан түскен қаржы көлемі 42,6 млрдты құраған. Оның ішінде 8,4 млрд-ы ауыл шаруашылығына тиесілі.

Көрсеткішті сандармен сөйлеткенде ауыз толтырып айтылғанымен, қаладағы кәсіпкерліктің деңгейі дүкен мен тойхана салудан әріге аса алмай тұрғаны белгілі. Азық-түлік дүкені қай кезде де артық етпесі анық. Дегенмен, олардағы халық қалтасын қағып жатқан бағаның үстемдігі көпті қынжылтпай қоймайды. Осы тұста «Баға тұрақтылығы бақылана ма?» деген «Подробности» газетінің тілшісі Юлия Высоцкаяның сауалына Данияр Арынғазин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын баға 15 пайыздан аспауы қажеттігін, «Самади», «Самаз», «Органик», «Ақтоты», «Акцент» сынды сауда желілерінде бұл көрсеткіш 6-7 пайыздан артпағанын жеткізді. Дегенмен, шағын азық-түлік дүкендеріне бақылау жүргізу қиын секілді. Бағаны шарықтатып қоятын мұндай дүкендердің аз емес екенін бөлім басшысы да тілге тиек етті. Әйткенмен, «Оларға қандай шаралар қолданып жүрсіздер?» деген сұрағымызға, алдымен, түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстары жүргізілетінін, одан пайда болмаса, құқық қорғау орындарының көмегімен айыппұл салынатындығы айтылды. Десе де, былтыр айыппұл арқалаған бірде-бір кәсіпкер болмаған.

Осы тұста әлеуметтік маңызы бар тауарларға І сортты бидай мен бидай наны, өлшеніп салынатын макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5 пайыздық пастерленген сүт және айран, сары май, І санатты тауық жұмыртқасы, аc тұзы, майлылығы 5-9 пайыздық сүзбе жататынын айта кеткен жөн.

Қазіргі таңда қаладағы «Ұлы дала» минимаркеттерінде бөлке нан бағасы 70 тг-ден, «Органик» пен «Ұлытау Нан» желілерінде 80-85 тг-ден сатылуда.

Азық-түлік дүкендеріндегі тауарлардың сөредегі бағасы мен кассаға апарғандағы сомасы екі түрлі болып шығатын жағдайларға да жиі кездесеміз. Мұндайда тұтынушы сөредегі бағамен төлеуі қажет. Бұл туралы толығырақ тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне хабарласып, нақты ақпарат алуға болады.

Жезқазған аймағында сүт өнімдеріне, жеміс-көкөніске тапшылық мол. Сол себепті Данияр Арынғазин жеке кәсіппен айналысқысы келгендерге аталған салалардың көзін табуға кеңес берді. Мысалы біздің аймақта аса қажетті көкөністер тек жылы маусымдарда ғана сатылымға шығады. Қысқы мерзімде оңтүстік өңірлердің өніміне иек артамыз. Сүт өнімдерін шығаратын «Сүт жағасы» ЖШС-нде де қысқы уақытта өнім азаяды. Оған мұндағы сапалы сүт өнімдерін ұсынатын ірі қара малының аздығы да себеп болып отыр.

Жыл сайын ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы және кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Ең үздік бизнес жоба» байқауы ұйымдастырылады. Ілкімді идея авторларына 600 мың1,5 млн теңге аралығында гранттар беріледі. Кәсіпке икемі бар жастарға қолдау көрсеткен жөнақ. Дегенмен, грантты қалтасына басып, ары қарай ұшты-күйлі жоғалғандарды да көзіміз көріп жүр. Осындайда мемлекет қаржысын шын кәсіп ашуға ниеттілер емес, көрінген көк атты жүгендеп кететініне қапа болмау мүмкін емес. Қай нәрсенің де сұрауы бар емес пе?! «Грант алғаннан кейінгі жағдай кімнің бақылауында?» деген сұраққа Данияр Арынғазин бұл жобаны тікелей ішкі саясат бөлімі бақылайтынын, соған сай жас кәсіпкерлердің қаржыны игеруіне осы бөлім мониторинг жасауы қажеттігін айтты. Аталған бөлім бұл іске ықылас танытпаса, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі де мән-жайды анықтауға құқылы. Әзірге мұндай ақпарат анықталмағанын жеткізген Данияр Арынғазин алдағы уақытта бұл іске де аса ден қоятынына сендірді. 

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

10:30
1119

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020