​АЛҒЫ ШЕПТЕГІЛЕРГЕ – АЙРЫҚША ҚОЛДАУ

Коронавируспен күресуге тартылған медицина қызметкерлеріне төленетін үстеме ақы көлемі бекітілді.

Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, өңірлердегі ахуал туралы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдері, ТЖ енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлемдер жасау шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов баяндады.

ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті.

Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі:

1. «Қауіптілігі аса жоғары» — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ), 850 мың теңге).

2. «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстеме ақы 10 ЖТМ (425 мың теңге) құрайды.

3. «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстеме ақы 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) құрайды.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Медициналық қызметкер коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды.

Отырыс барысында әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар мен төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жұмысынан уақытша айырылған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды.

-Мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте көмекті тағайындау тетігі тұрғындар үшін барынша қарапайым әрі қолайлы болуы тиіс, — деді А. Мамин.

16:14
58

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2019