ЖАННЫҢ НӘРІ – МЕЙІРІМ

Қала шетіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қазіргі таңда облыстың түпкір-түпкірінен келген 203 адам қызмет алуда. Олардың арасында 107 зейнеткер мен 96 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Тағдыр тәлкегінен моральдық және физиологиялық соққы алған жандар ерекше күтімді қажет етеді.

О сы тұста оларды тамақтандыруға апарудан бөлек киіндіру, жуындыру, әжетханаға апару, төсек-орнын жинау, киімкешегінің тазалығын қадағалау сынды жұмыстардыатқарыпжүрген санитарлық қызметкерлердің жұмысы мақтауға тұрарлық. Аталған мекемеде санитарлық қызметкерлерлер – әйел адамдар. Жай мақтауға ғана емес, биік ілтипатқа барынша лайық жандардың жұмысы шынымен екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қызмет алушыларға көмек көрсетіп, жағдайын бақылаудан бөлек ғимарат тазалығы да осы жандардың мойнында. Табиғатынан нәзік болып жаратылған жандарға өздігінен отырып, тұра алмайтын адамдарды қозғалту да оңайға соқпасы тағы белгілі. Десе де, әйел адам еңсермейтін қиындық жоқ-ау… Толағай төзім мен беріспес қайсарлығының арқасында бесік пен әлемді қатар тербеткен аналар қауымы осынау арда қасиеттерімен аса қастерлі, айрықша сұлу.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тазалығына жауапты қызметкерлер қатарында Разиля Маханова, Әлия Скалиева, Рамилия Загитова, Замира Көпбаева, Татьяна Бондаренко, Толғанай Абылаева, Жанна Амантаева, Әдемі Сүйінжановалардың еңбегін атап өтпеуге болмас. Олардың қай-қайсы да өз ісіне адал, мол жауапкершілікті, ұжым абыройын бәрінен жоғары қойып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, маңдай терлерін төгіп келеді. Орталық басшылығы да олардың еңбектерін елеусіз қалдырған емес. Биылғы мереке қарсаңында есімі аталған қыз-келіншектердің бірнешеуі «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

«Тазалық бар жерде адамның денсаулығы да, көңіл күйі де кемелдене түседі», – дейді Әдемі Сүйінжанова. Ізгі мінезі, тынбайтын еңбекқорлығы арқасында құрметке кенеліп жүрген ол өзінің тек жалақы үшін ғана жұмыс істемей, қарттардың батасын алатындығына әрдайым іштей қуанып жүреді.

– Қарттармен сөйлесу де бір ғанибет. Олардың көбісінің туыстары жоқ. Қартайып, әл-қуаты тайғанда жалғыз қалған жандардың өмірлері тым аянышты әрі күрделі.Мұндажұмыс істейтін кез келген жан олардың сырласына айналып кетеді. Қарттар терең мұхит іспетті. Олар әрдайым өмірден көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін ақтарып, ақыл-кеңестерімен бөліседі. Ішкі сырларын ақтарады. Сондай сәттерде көп нәрсені көңілге түйіп алуға тырысамын. Аманесен оянған әр күніме, әр атқан таңыма шүкіршілік етуім қажеттігі еске түседі. Өмірдің сынақ екенін түйсінемін. Жалпы әрбір қызмет алушының өмірінен бір кітап жазуға болады. Сан қилы тағдырлы жандардың көңілін көтеріп, баласындай құрмет көрсетуге барымды саламын, – дейді ол.

Кей сәттерде мінез-құлқы қиын немесе түзету мекемелерінен келген қызмет алушылар былапыт сөздер айтып, дауыс көтеретін кездер де болатын көрінеді. Ондайда үндемей, оларға қарсы қысым жасамай, жай ғана күлім қағып жүре беретінін айтқан Әдемі ханым адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы психолог болып кететін кездер де болады деп бір жымиып алды.

Әдемі Сүйінжанова қазақ және орыс тілдерінің мұғалімі мамандықтарын меңгерген. Дегенмен, еңбек жолын осы салада бастапты. Басшылық тарапынан оның қарым-қабілетіне байланысты әлеуметтік педагог болуға да ұсыныс түсіпті. Өз ісін бір жерде тиянақтап істеуді қалайтын әрі өз міндетіне үйренісіп қалған ол бұл ұсынысты қабылдамапты. Сондай-ақ жұмыс істеу тәртібі де өзіне қолайлы екенін жасырмады.

Бүгінде 3 бала тәрбиелеп отырған ана перзенттерінің биіктен көрініп, халқына қалаулы, еліне елеулі, кәсібінде білікті маман атанулары үшін бар күшін салуда. Әдемі Сүйінжанова елін сүйген әрбір жан өз ісіне адал болуы міндетті деп санайды. Әдемі сияқты ақ пейілді, кең жүректі жандар барда еліміздің ертеңі кемелдене түсеріне бізде еш шүбә келтірмейміз.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

10:18
926

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020