МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Өнерін ұлттың жанына балаған халқымыз қашан да мәдениеттің мәйегіне үйір болып, рухани байлығын көзінің қарашығындай сақтаған. Тұрғындар мәдениетін қалыптастырып, өресін дамытуда жергілікті жауапты бөлімдердің ықпалы айрықша. Осы тұста Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада ШОМАЕВАМЕН сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтардың жауабын іздедік.

– Гүлзада Кәрібекқызы, жаңа жыл жақсылығымен енгей. Артқа сәл шегінейікші. Өткен жылы қандай маңызды іс-шаралар жүзеге асты? 

– Меніңше, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жылдық жоспарына енгізілген шаралар мен жобалардың барлығы дерлік маңызды шаралар. Жоспарға сәйкес атқарылған мәдени жұмыстардың барлығының мақсаты біреу: ол – халыққа мәдени-сауық қызметін көрсету, жастарды рухани азық болатын әлемге тартып, баулу, жас дарындардың өнерін танып, насихаттау, қысқасы, осы шаралар арқылы кенді қаланың мәденирухани өмірінің қандай деңгейде екенін көрсету. Әлеуметтік-экономикалық табыстармен танылу өз алдына, алайда, ел мен жер, қала мен ауыл жайлы сөз бола қалса, алдымен тілге тиек болатын нәрсе – оның мәдениеті мен өнері, жарқ етіп шыққан дарынды өнерпаздары. Бұл – аксиома.

Ендеше қала мәдениетінің қандай деңгейде екенін танытатын табыстарымыз қандай, міне, осыны айта кетуіміз керек шығар.

Қаламыздың мәдени және сауық мекемелерінде өткен жылы 1112 іс-шара өтті, оның ішінде 104 – қалалық деңгейдегі іс-шаралар. Іс-шаралардың көпшілігі еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойының аясында ұйымдастырылды. Мәдениет және өнер инфрақұрылымын құрайтын 22 нысан бар десек, онда өткізілген 1112 іс-шара халыққа мәдени қызмет көрсетудің өлшемі бола алады деп санаймын. Әлем жұртын әбігерге салған індет, оның салдарынан туындаған түрлі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтардың салмағы иыққа түсіп тұрған шақта біз халыққа қызмет көрсету шараларын тоқтатып тастаған жоқпыз.

Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрында қойылған 63 спектакль, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының 20 стационарлық, 21 гастрольдік концерті, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастырумен өткен кездесулер мен тақырыптық-танымдық көрмелер — қаланың мәдени өмірінің тоқтаусыз жүріп жатқанының дәлелі.

Табыстар бар ма? Бар. Халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерін дамыту мақсатында қаланың көркемөнерпаздар ұжымдарының халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі фестивальдер мен конкурстарға қатысуына мүмкіндік жасалды. Осындай 20-дан астам байқауға қатысқан өнерпаздар ұжымы ауыз толтырып айтарлық жеңістерге қол жеткізді. Айталық, «Диндалле» корей халықтық ансамблі халықаралық би байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. «Шашу» халықтық ансамблі «Turkestan Musik Festival» байқауында Бас жүлдені иеленді. «Шалқыма» ансамблі де халықаралық байқауға қатысып, дарынды бишілер додасында Бас жүлдені олжалады.

Өткен жылы халық шығармашылығын, қолөнерін сақтау, насихаттау және одан әрі дамыту, сондай-ақ осы салада жүрген өнер адамдарының орындаушылық шеберлігін арттыру мақсатында бірінші рет «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі өтті. Фестиваль байқауына облысымыздың қалалары мен аудандары қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Жезқазған қаласы әзірлеген фольклорлық-этнографиялық бағдарлама Гран-Приге ие болды.

Өткен жылы С.Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толуына, Серке театрының 50-ші маусымының ашылуына арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Бұл жоба «Қазақстан-1» телеарнасында көрсетілді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев атындағы форум-фестиваль өткізілді. Жаңа форматта өткізілген форумда Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды және Жезқазғанның жас актерлері үшін шеберлік-сыныптары мен тренингтер өткізілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаламыздағы жазушы Батырбек Мырзабековтің «Аманат» романы жазылды және романның желісі бойынша «Төртеу түгел болғанда» эпикалық-драмасы (авторы Ғ. Ештанаев) жазылды. Осы жұмыс барысында бөлім «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-гі мен «Қазақмыс Корпорация» ЖШС-мен шығармашылық байланыста болып, нәтижесінде қала жұртшылығына желтоқсан айында жаңа қойылым ұсынылды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтің туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Кешенді бағдарлама аясында қала әкімдігінің қолдауымен тарихи-танымдық көрме, көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері, «Тұғыры биік тұлға» атты альбом-кітап пен «Музей ата» атты естеліктер жинағы жарық көрді.

«Жезқазғанның сөнбес жұлдыздар» жобасы аясында қала тарихында айтулы орындары бар тұлғалар Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Жәлел Қалмағанбетовті, Жезқазған, Сәтбаев, Түркістан қалаларының Құрметті азаматы Жұмамәди Ибаділдаұлын, журналист, ақын, Ибрагим Бекмаханұлын, ақын, публицист, Зинаида Чумакованы еске алу шаралары өтті.

«Наурыз» саябағында ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың ескерткіші және «Абай тағылымы» кешенінің ашылуы – жыл жаңалығы.

2021 жылдың ерекше оқиғаларының тағы бірі – «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің іске қосылуы. Бұл – республика жұртшылығының назарын аударған ауқымды жоба. Кешеннің ашылуына ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтың қатысуы аталмыш  жобаның тарихи-рухани құндылығының қандай екенін танытты.

– «Жезқазғандағы мәдениет саласының қарқыны баяулап қалды» деген пікірмен келісесіз бе? Бұрынғы ірі жобалар қайта жандануы мүмкін бе? Биыл қандай жұмыстар жүзеге аспақ?

– Әуелі осы сауалыңыздың алғашқы тармағына жауап беріп көрейін. Жаһан жұртын бір уыс қылған, әлемді індет үрейі билеп кеткен соңғы екі жылда жоспарланған көп жұмыстарымыздың іске асып, мәдени іс-шараларымыздың қалыпты жағдайда өтуіне көп кедергілер болды. Көпшілік жиналатын шаралар қысқартылды, онлайн форматында өткізілді немесе көрермендер санына шектеулер қойылды. Бұрынғыдай Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне 500-ге тарта адамды, Серке театрына 300-ге жуық көрерменді жинап, мәдени-көпшілік шараларды өткізе алмадық. Шараға шақырылатын адамдар саны 30-50 адам ғана болды. Енді өзіңіз салыстырыңыз, 300-500 адам қатысқан шараның халық арасында жария болуы күшті ме, әлде 30-50 адам қатысқан шараның жария болуы күшті ме? Міне, осындай шектеулер және көпшілік жиналатын ауқымды шаралардың уақытша тоқтатылуы сырт көзге қаладағы мәдени шараның қарқыны баяулап қалған сияқты көрінуі мүмкін. Алайда эпидемиологиялық жағдайдың талаптарын ескере отырып, жоспарланған шараларды өткіздік. Қысқасы, Жезқазғандағы мәдениет саласының қарқыны баяулап қалған жоқ.

Жезқазған қаласының бренд-шарасы саналатын жоба – «Ұлытау үні» фестивалі. Осы індет салдарынан екі жыл бойы «Ұлытау үні» фестивалі өзінің 30 жылдығын атап өте алмады. Биыл осы фестивальдің жалауын қайта көтеріп, 30 жылдық тарихи жолын атап өту жоспарланып отыр. Фестиваль «Қала күні» мерекесіне орай қыркүйек айында өткізіледі. Әдеттегідей фестивальдің мерекелік ашылуы болады, оған фестивальдің алғашқы ұйымдастырушылары мен ардагерлері шақырылады. Биылғы фестиваль аймақтық емес, республикалық деңгейде өтеді.

Отыз жылдық тарихы бар шараның айшықты оқиғаларының бірі – Ж. Сейілов атындағы «Өнер өлкесінің Жезкиігі» атты эстрадалық әншілердің республикалық конкурсы. Осы күні қаламгер, режиссер К. Ахметовтің Ж. Сейіловтің балалық шағы жайлы түсірілген «Неге солай?» фильмінің алғашқы қойылымы болады.

Айта кету керек, фестиваль жаңалығы «Сарыарқаның сазды даласы» атты фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың шеруі болмақ. Бұл шеруге республикамыздың әр өңірінен өтінішімізді қабыл алған ансамбльдер қатысады. Шеруге қатысушы өнер ұжымдары кешкісін «Жезкиік» ротондасындағы сахнада «Кеңгір көлі жағасында» атты қорытынды концерт береді. Концертте қала жастарына арналған заманауи музыкалық шығармалар орындалатын болады.

Жезқазған – есімдері облыс, республика оқырмандарына таныла бастаған жас ақындардың қаласы. Осыған орай фестиваль аясында облыстық жас ақындар мүшәйрасын өткізу жоспарланды. Мүшәйра тақырыбы «Аңыз өзегі – Алаша, жыр арқауы – Жошы хан» деп аталады. Мүшәйра «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені басында өтеді. Аталмыш іс-шараға үздік деп танылған фольклорлық-этнографиялық ансамбль қатысып, музыкалық шашу шашады. Мүшәйра мақсаты – Ұлытау-Жезқазған жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді өлең тілінде насихаттау, жастар шығармашылығына қолдау білдіру. Кейін бұл шараны республикалық деңгейде өткізу ойда бар. 

Фестиваль бағдарламасының тағы бір жаңалығы – өндіріс саласы және басқа да кәсіп салаларында еңбек етіп жүрген өнерпаздар мен өнер ұжымдарының республикалық конкурсы. Бірінші рет өткізілгелі отырған бұл шараның көпшілік көңілінен шығарына сенімдіміз. Қорыта айтқанда, ХХХ «Ұлытау үні» фестивалі биыл осындай жаңалығымен өтетін болады.

Биылғы жылы жерлес ақынымыз, қарымды қаламгер Ж.Ермановтың өлеңдері бойынша жазылған «Менің киік тағдырым» атты поэтикалық драма қойылып, авторды қадірлі қонақ ретінде шақырамыз, ақын ағамызбен кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мухамединнің 70 жасқа толуына орай мамыр айында бенефис-шоу өткізу жоспарланып отыр. Бенефис шоуға еліміздің түкпір-түкпірінен өнер майталмандары шақырылатын болады.

Реті келіп тұрғанда айта кетелік, биыл 27 сәуір – Халықаралық би күніне орай хореографиялық ұжымдардың шеруі мен аймақтык байқауы өтеді. Қазан айында «Шашу» би ансамблінің 30 жылдығы, «Нұрсәулемай» би ансамблінің 25 жылдық тойы атап өтіледі.

Қыркүйек айының соңында шығармашылықпен айналысатын жастардың «Жұлдызды жастар» фестивалін өткізу жоспарланып, концепциясы жасалуда. Әнші, биші, қолөнерші, суретші, фотосуретші, қаламгер жастар қатысатын фестиваль да «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені басында өтеді деп жоспарлануда.

Абай ескерткіші орналасқан «Наурыз» саябағы биыл «Руханият» аллеясымен көріктене түседі. Ондағы ескерткіш белгілер өлкеміздің, қаламыздың танымал тарихи тұлғалары жайлы сөйлейтін болады.

Міне, осы жылдың ауыз толтырып айтар жаңалықтарының бір парасы осындай

Көпшілік жиналатын мәдени орын – Халықтар достығы мен мәдениеті үйі. Алдағы уақытта осы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жоспарлануда. Биыл жергілікті бюджеттен жобалау-смета құжаттарын жасауға қаржы бөлінді. Келер жылдарда ғимараты күрделі жөндеуден өткен мекеме халыққа заманауи қызмет түрлерін ұсынатын жаңа форматтағы орынға айналады.

Қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы да күрделі жөндеуді күтіп тұр. Бұл кітапхана жөндеуіне де қомақты қаржы бөлінетін болды. Биыл жергілікті бюджеттен жобалау-смета құжаттарын жасауға қаржы бөлінді.

– Ауа райы да жылынды. Жаңа келбетке ие болған «Жошы хан» кесенесі, одан бөлек Ұлытау аймағына туристерді тарту мәселесі қалай жүзеге асып жатыр? Биыл бұрынғы жылдарға қарағанда сырттан келетін қонақтар саны артады деп ойлайсыз ба?

– Кешен салынды. Оны дамытудың, ұлғайтудың концепциясы жасалды. Мемлекет басшысы тапсырғандай, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін туризм орталығы етіп, оны ішкі туризмнің ғана емес, халықаралық туризмнің нысаны ету – басты мақсат.

Қала әкімдігі биыл Жезқазған қаласы мен Жошы хан кесенесін қосатын тасжол салуды қарастыруда. Кешеннің инфрақұрылымын күшейту де басты назарда. Өзіңіз меңзеп отырғандай, «Жошы хан» кешені тек Жезқазған қаласы аумағы емес, жалпы Ұлытау аймағына туристерді тарту ісінің орталығы болмақ. Мұның жүзеге асатынына сенім мол.

Кешен ашылғаннан бері келушілер саны 3 мыңға жуық адам болды. «Жошы хан» тарихимәдени кешеніне «Газель» автокөлігі сатып алынды. Туристік жолсілтемелер, туристік карта жасалды. Биыл тарихи-мәдени кешен аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, ағаштар отырғызылады, суару жүйесі орнатылады, байланыс қызметі реттелетін болады. Осындай аса қажетті шаралар жүзеге асырылса, туристердің саны жылына 5 мыңға жуық болады деп күтілуде.

Алдағы уақытты «Жошы хан» кешені туризмнің орталығы ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарының базасына айналатынына үмітпен қараймыз. Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Алдағы уақытта жаз айларында ауқымды мәдени-рухани, тарихи-танымдық шаралардың біразын «Жошы хан» кешені басында өткізуді межелеп отырмыз. Мақсат – кешен басын көпшілік жиналатын мәдени орынға айналдырып, жұрт назарын аудару.

– Осы салада біршама тәжірибесі бар маман ретінде жеке пікіріңізді сұрасам. Жезқазғандағы мәдениет саласының дамуына көңіліңіз тола ма? Жаңа идеялар ұсыныла ма? Білікті мамандар тарту жұмыстары қалай жүзеге асуда?

– Толады, әрине. Бірақ толады екен деп барға, болғанға қанағаттанып, тоқырап қалмау керек. Алда – қаламыздың 70 жылдық торқалы тойы. Осы тойға орай жасалған «Жезқазғанның 70 жылдығына – 70 іс» бағдарламасында жоспарланған шаралардан тыс жаңа жобаларды да жүзеге асыруымыз керек қой. Жоспарлап отырған жаңа жобаларымыз жоқ емес бар, оны әзірше жария етпей-ақ қояйық. Уақыт көрсетеді.

Осы тұста бөлім басшысы ретінде мәдениет және өнер жанашырларына өтінішімді айта кеткім келеді. Қаламыздың мәдениеті мен өнерін, рухани саласын дамыту, оны жаңа жобалармен байыту ісін бөлімдегі 2 адам немесе мәдениет мекемелерінің қызметкерлері ғана атқару керек деп, нәтижені ғана күтіп отыру позициясы дұрыс еместігі белгілі. Бұл жерде көпшіліктің қалауы мен ұсынысы зор рөл атқарады. Бөлім басшысы ретінде жаңа жобалар жайлы ой-пікірлері бар,іс-шараларды өткізудің жаңаша форматтарын ұсына келетін жанашырларымызға есігім ашық екенін жеткіземін. Келіңіздер, ой бөлісіңіздер, пікір алысайық. Келісе, кеңесе отырып қала руханиятын дамытуға септігі тиер оң істерді тізе түйістіре отырып атқарайық

Сауалыңыздың соңғы тармағына берер жауабым мынау: білікті мамандарды бөлім жұмысына тарту – бақыт. Өз ісін, оның табиғатын терең білетін маман – қолға алар жұмыстарды жүзеге асырудың негізгі күші. Алайда біз осындай мамандардың тапшылығын сезініп отырмыз. Бір жылға жуық бөлім жұмысына аса қажет мәдениет саласымен тікелей айналысатын маманға жете алмай отырдық. Шүкір, қазір тәжірибелі маман келді. Енді басқа қалаға қоныс аударып кеткен маманымыздың орны бос тұр. Ол – тіл саясаты мәселесімен тікелей айналысатын маман. Өкінішке қарай, әзірге ол маманға қол жетпей тұр. Келісімшарт бойынша жұмысқа алынатын маманның орны да иесін күтіп отыр. Ол – латын негізді жаңа әліпби мәселесімен айналысатын маманның орны.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені – туризм орталығы. Осыған орай бөлімде туризм мәселесімен айналысатын маман қажет. Әзірге штат кестесіне ондай қызмет бірлігі енбей отыр. Бұл да өзекті мәселе. Алайда қол қусырып отыра алмаймыз, қолда бар күшпен халыққа мәдени қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу – міндет. Атқарылған да, атқарар да жұмыс ауқымды.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет. Жаңа жыл табысты болсын! 

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

09:55
2042

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020