​«БІЗ БІРГЕМІЗ!» ДЕГЕН ҰРАН ҚҰР АЙҚАЙ ЕМЕС

Тұтқиылдан түре тиген коронавирус індеті дүниежүзі халқының екі аяғын бір етікке тықты. Дүрліктірді. Дамыған ел, дамушы ел, кедей мемлекет деп таңдап-талғамай, бүкіл адамзат баласына жойқын шабуыл жасаған вирус соғысына қарсы қимылдар жасалып жатыр. Жанталас басталып кетті. Деректерге сүйенсек, бүгінде әлемнің 177 мемлекетін шарпыған дерет 800мыңға жуық адамды құрсауына іліктіріпті. Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда деп дабыл қағылуда.

Сын сағат Қазақстанның да басына түсті. Мемлекет басшысының тікелей жетекшілігімен қауіпті індетке қарсы тұру шаралары қолға алынды. Жекелеген қалалардың оқшаулануы, бақылаудың күшейтілуі, халықты материалдық-моральдық жағынан қолдау жұмыстарының дереу қолға алынуы сияқты маңызды істер жүзеге асып жатқанын білеміз. Барлық жағынан дамыған елдер деп саналатын ірі державалар мен қуатты мемлекеттердің өзі шарасыз күй кешіп жатқан шақта Қазақстан өз мүмкіндігінше барынша тиімді қарекеттерді қолға алды деп санаймыз. 2020 жылдың 31 наурызындағы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың мәлімдемесінде қолға алынған нақты жұмыстар мен алда уақытта жүзеге асырылуы тиіс маңызды жұмыстар айтылды.

Мемлекет басшысының мәлімдемесінен бірден аңғарылатын жайт мынау: мемлекет өз халқының індет зардаптарынан тез айығып кетуіне барлық жағдайды жасайды; мемлекеттік деңгейде қолға алып жатқан шараларға қазақстандықтардың түсіністікпен қарауы қажет және төтенше жағдай талаптарын бір кісідей орындауға ұмтылуы қажет; ел бірлігі керек.

Осы Мәлімдемеден мемлекет тарапынан болатын кешенді көмек шараларын байқадық. Індет жайлаған мұндай күрделі уақытта тіршілік тауқыметіне алдымен ұшырайтындар – зейнеткерлер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар, жұмыссыздар немесе жұмысынан айырылып қалған адамдар. Осы орайда айтылған Президенттің: «Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға   индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсеттік. Енді, 42 500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Соған орай, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік сегіз жүз мыңнан астам адамға беріледі»,- деген сөзі мен нақты тапсырмалары жұртшылықты қуантатыны сөзсіз.

Індет шабуылы да аяқталар. Мемлекет өзінің қоржынындағы қазынамен елді тарықтырмай алып шығар. Бұған сенімдіміз. Алайда алдағы күндерде аса қауіпті дерттің зардаптарын жою шаралары шығатыны сөзсіз. Бұл жағдайды да мемлекет жан-жақты ойластырған. Аз уақыттың ішінде пандемия зардабына ұшыраған ел экономикасының маңызды буындарының құрдымға кетіп қалмауы үшін немесе тығырыққа тірелген кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының т.б. аяғынан тік тұрып алып, ырғақты жұмысын жалғастырып кетуіне мүмкіндік жасау шараларының қолға алынғанын байқаймыз.

Экономикалық өркендеудегі маңызды буындардың бірі – орта және шағын бизнес. Мына күрделі кезеңде бизнестің осы түріне мейілінше тиімді қолдау көрсету жоспарланғаны бізді қуантады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі»,- дейді нақтылап. Президентіміздің: «Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін « Қарапайым заттар экономикасы » бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады»,- деуі — ел экономикасының маңызды буындарына деген зор қамқорлық. Президентіміз шегелеп айтқан сегіз тапсырма ел шетіне түре тиген індетке қарсы шаралар мен кейін оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттік стратегиялық бағдарлама деп санаймыз.

Індет те соғыс, оқ шығармайтын, бірақ адам баласын қынадай қырып өтетін соғыс. Оған қарсы күрес те қиын болмақ. Бейбіт кезеңде сырқаттана қалған адамның бар ақшасын жинап Германия, Оңтүстік Корея, Қытай сияқты мемлекеттерге барып емделуіне мүмкіндік болған. Дүние бір уыс болған қазіргі жағдайда ол жағдай жоқ. Жер бетінен жаныңды сақтап қаларлық қуыс таппайтын уақыт болып тұр. Адам баласы коронавирус қырғынан паналар жер таба алмай дал болуда. Амал біреу: отандық дәрігерлердің ем-домына жүгіну, айтқанды екі етпей орындау, қазақстандықтың қазақстандыққа деген жанашырлығы. «Біз біргеміз!» деген ұран құр айқай емес, біріксек қана тажалдың бетін қайтарамыз.

Ғазиз Ештанаев,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

14:29
494

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020