​ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ 70 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖҰМЫСЫНА ОҢ БАҒА БЕРДІ

ҚР Президенті жанындағы  Орталық коммуникациялар қызметі  наурыз айында қазақстандықтардың қоғамдық көңіл-күйін талдау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат .

Сауалнама нәтижесі бойынша сұралғандардың 70 пайыздан астамы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне оң қарайтынын айтқан. Бұл ретте респонденттердің 67,4 пайызының Тоқаевқа қарым-қатынасы соңғы сайланғаннан кейін жақсарған.

Респонденттердің көпшілігінің (42,1%) пікірінше, Президент, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударуы керек, бұл елдегі соңғы қаңтар оқиғаларына байланысты болуы мүмкін.

Бұл ретте отандастарымыздың 41,4%-ын жалақы, зейнетақы және жәрдемақы деңгейін көтеру мәселесі толғандырады. Респонденттердің 35,3% азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолдап отыр. Сұралғандардың 35,5 пайызын халықаралық байланыстарды нығайту алаңдатады.

Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бір бөлігі (26,3%) Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске көбірек көңіл бөлгенін қалайды. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы (56,7%) Президент қызметінің негізінде қауіпсіздік, әлеуметтік әділеттілік (35,9%), тұрақты экономикалық даму, әрбір отбасының амандығы, қоғамдағы достық пен келісім (26-28%) мәселелері болуы тиіс деп есептейді.

Респонденттердің көпшілігі (71,3%) оптимистік көңіл-күйде және алдағы екі жылда өзгерістер болатынына сеніммен қарайды. Бұл ретте респонденттердің жартысынан көбі (51%) Қазақстандағы өмірді жақсартуға деген үмітін тікелей Президентпен байланыстырады.

Сауалнамаға қатысқандардың 20,5%-ы Үкіметке, ал 15%-ы жергілікті атқарушы органдарға үміт артады. Парламентке (Сенат, Мәжіліс) деген сенімі – 14,1%. Ең маңызды құндылықты таңдағанда респонденттердің көпшілігі бірінші орынға қауіпсіздікті қойды (60,2%). Сауалнамаға қатысушылардың 34,3%-ы үшін ең маңызды құндылық — тәуелсіздік.

Әлеуметтік зерттеу 15-24 наурызы аралығында жүргізілді. Қатысқан 1863 респондент — 18-50 жас аралығындағы ҚР тұрғындары, интернет пайдаланушылары. Сауалнама жүргізілген жерлер: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, елдің 14 облысы.

12:54
1948

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020