ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН

Осыдан тұп тура 85 жыл бұрын яғни, 1937 жылдың 22 сәуірі күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданын, Сұлутөбе ауылында отырған Ділдебай палуанның үйінде бір ұл дүниеге келді. Баланың шар етіп жылаған дауысын естіген үлкендер: «Шіркіннің дауысы не деген зор еді. Түбі әнші болар-ау» дескен шығар. Солай дегендер болса, ол адам шын әулие болды онда. Өйткені, сол бала шыбықты ат қып мініп, ауыл арасын шаңдатып жүргенде-ақ жүрегі жыр деп соғып тұратын. Ол бала – Шынболат ДІЛДЕБАЕВ еді.

Бүгін сол Шынкеңнің туған күні. 85 жыл толып отыр. Егер көзі тірі болса, өзінің атындағы кең сарайда дүрілдеген той өтіп жатар ма еді. Жо-жоқ. Бұдан ақынның мерейтойы атаусыз қалады екен деп ойламаңыздар. Өзі айтқандай Сырда туып, қырда өскен Шынболат ақынның, Шынболат жыраудың ес білгеннен бергі өмір жолы осы Ұлытау – Жезқазған өңірінде өтті.

Сондықтанда, оның мерейтойын аймақ жұртшылығы айшықты шаралармен атап өтуге жұмыла кіріскен. Сол шаралардың басы-қасында жергілікті ақпарат құралдары да жүр. Бүгін біз газетімізде Шынкеңнің тойының шымылдығын тура туған күніне орайластырып әр уақыттарда жазылған естеліктермен, арнаулармен ашқанды жөн көрдік.

ШЫНБОЛАТ БОЛЫП ШЫМЫРЛАДЫ...

Шынболат десе – шындық, шындық десе – Шынболат көз алдымызға келетін болғалы қашан? Оның аты табиғи түрде ақындардың мөріне айналып, өршіл өлең мен ұрымтал сөздің найзағайы секілді қазақ аспанында от қамшыдай жарқылдап тұр. Көрнекті қоғам қайраткері, танымал ақын Кәкімбек Салықов «халқым кезінде мені «кенші ақын» деп атап кетті. Құдайға шүкір, кенші ақын-інілерім де баршылық. Соның көш басында Шынболат Ділдебаев тұр. Шынболат – қазақ атамыз сүйетін шын ақын, заманның әр ағысына пікір қозғайтын, қара қылды қақжарғыш шыншыл ақын» деп өз бағасын беріп еді

Бұл – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың сөзі. Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдығына орай шыққан «Шындық» деп аталатын кітаптың алғы сөзін осылай деп бастапты. Содан келіп айтады:

Жезқазған өңірінде қызмет етіп жүргенімде ағамызбен бірге жүрдік. Көкшетау, Қызылжар, Ақтөбе бағытында үзеңгі жолдас болу нәсіп болды. Сапарлас болдық, дәмдес болдық, пікірлес үндес болдық. Арқаның даласында қатар жүріп ақындық өнердің, салсерілердің арғы бергі тарихынан сөз қозғайтын едік. Болмыс-бітімі бөлек, сөйлесе мүдірмейтін шешен, домбыра алса көмейіне бұлбұл ұя салған, құйқылжыта арындайтын әнші, екпіні мен ырғағы шымдай байланған термешілігі күллі әлемді ұмыттырып ұйығына батырушы еді… Көмейінен шыққан жентек-жентек сөз тасқыны алпыс екі тамырыңды қуалап, арқаңды шымырлататын. Оның өз бояуымен қалыптасқан толғауы тоқсан әуені қазақ даласын шарлап кететін. Оның ырғағында жағымды жылылық, мейірлі сезім, асқақ рух қатар жататын, кезі келгенде құйғытып, екпіндейтін, қажет болғанда қадап-қадап тұрып қаныңды қайнататын, жарығы жүрекке жетіп шымыр-шымыр бойға сіңетін… Біз өткен ғасырда жасаған Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Үкілі Ыбырай, арынды Әсеттердің замандасы болғамыз жоқ. Өмірі ғажайып сұлу өткен ақын-жырау, сал-серілерді көзімізбен көргеміз жоқ. Алайда, тамыры тартылмаған аға буынның бізге жеткен жалғасын байқадық, қарқыны бәсеңдемеген тұлпарлардың тұяғын көрдік. Меніңше, ол, осы Шынболат Ділдебаевтардың дәл өзі болатын. Бір басында ақындық, әншілік, күйшілік, айтқыштық, батылдық қатар табыла беретін берен батырлар осындай-ақ болар!.. Ғасырлардың қатпарынан қаннан қанға өтіп, рухымыздан жаңылмай орын тауып отырған киелі өнер бізге Шынболат болып шымырлады, Шынболат болып шырқалды. Мінеки, ағамызбен қатар жүрген шақтар туралы ойласам, жүрекке осындай сағынышқа толы күй келеді, қимастық сезімдер көңілді тербейді…

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.


ШЫНБОЛАТ ҚАЛАЙ БИШІ БОЛДЫ?

Шынкеңді ел әнші, жыршы, термеші ретінде жақсы біледі. Өнерінің өзі бір төбе. Бишілігін де ел аңыздай етіп айтып жүреді. Бірақ оның қалай биші болғанын екінің бірі біле бермесі анық. Ол жайлы мен осы топтамаға материалдар іздеп отырғанда ғаламтордан жолықтырдым. Мақаланың авторы марқұм, жерлесіміз – Айтқадыр ТІЛЕУОВ екен.. .

Бір адамдай-ақ билейтін, орысшасы да көп-көрім, ақын-әртістігі тағы бар байқоңырлық бозбала Рудник халқымен етене араласып сіңісіп кеткен ең алғашқы «елші» болды. Елші дегеннен шығады, сол кездегі Рудниктің негізгі тұрғындары әр жерден жолдамалармен келген өзге ұлт өкілдері еді. «Крестовский» деп аталатын кеншілер кентінде туып-өскен атақты киноактер Олег Янковскиймен де біршама уақыт тамыр болғанын айтып отырушы еді. Ал Байқоңырдан әрі асып көрмеген ауыл қазақ тарының олармен емін-еркін жұғысып кетуіне тіл тосқауыл болғаны бар. Ондай кезде Байқоңырдағы әскери бөлімшенің офицерлерімен араласып тіл сындырып алған Шынболат аудармашылыққа келеді. Ол тайпалған жорға болмаса да, анаумынау орыстармен үзеңгі қағыстыра сөйлесетін дәрежеде-тін. Аса құпиялылық сақталатын әскери бөлімшеге еніп жауынгерлермен араласуы да бір қызық...

Осы мақаланы жазу барысында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, болашақ журналист Арай лым Ерқоңырова Шәкең туралы мынадай дерек алып келіпті. «Байқоңыр кеншілеріне қоңсы әскери бөлімше орналасыпты. Тәртіп қатты көрінеді. Қоршалған аумаққа бейсауат адам жоламайды. Кешке әскерлер ән айтып, би билеп дема­лады. Осыны естіп жүретін жаны сауыққа үйір Шынболат бір күні өзі сияқты қарасирақтарды ертіп бөлімшеге таяп бармай ма? Тәртіп бойынша оларды қақпайламақшы болған кезекші сарбазды офицер тоқтатады сонда. Сөйтсе дарбазаның ар жағында Шынболат әуенге ілесіп «твист» билеп тұр екен.

«Бұйрабас ұзын баланы шақыр», дейді сардар. Кейін білгеніндей, ол командирдің саяси істер жөніндегі орынбасары болып шықты. Табиғатынан ширақ Шынболат әскериге ілесіп жүре береді. Содан бастап ол сол ортаның сүйкімді «сарбазына» айналып, әскердің өнерпаздары құрамында әр кешті сонда өткізетін болған. Мерекелер қарсаңында тіптен үй қарасын көрмей кетеді. Мерекелік дайындық қой. Байқоңырлық балғынның әбден сіңіскені сондай, оған лайықтап әскери киім де тіккізіп берген көрінеді. Ал олардан үйренген «Полька», «Яблочко», «Солдатская пляска», «Матросский танец», «Молдавский танец» сияқты әскери билерді ауыл балаларына үйрететін…

Айтқадыр ТІЛЕУОВ,

журналист.

ШЫНБОЛАТТЫ ҰМЫТУЫ МҮМКІН ЕМЕС ЕДІ

Бәрі ойлағандай бола бермейді. Кейде пендешілікпен бұрыс кетіп қалатын да кездер болады. Әсіресе, өмірден өткен жандардың көзден де, көңілден де жырақ қалатыны өкінішті-ақ. «Qamshy KZ» сайтында жарияланған мына бір мақала да сондай өзекті өртер өкінішті қозғапты.

«Қазақстан айтыс ақындары» деп айқайлатып кітап жазғандарын қайтейін, ішінде Шынболат Ділдебаев жоқ! Кітапты қолыма алғанда бірден Шынболатты іздедім. Таппадым. Кітапты орнына қоя салдым», деп жазады журналист Нұрсерік Жолбарыс қамшы сілтеп.

Жүрсін ағамыз Шынболатты ұмытуы мүмкін емес еді. Заманында бір-бірімен араласқан адамдар ғой. Кезінде Н.Назарбаевқа арнау жазып, арнауында бар қазақтың мұқтажын жоқтаған Шынболат еді. КСРО қылышын сүйретіп тұрғанда «Шындық» деп жырлаған Шынболат еді. Н.Назарбаев Жезқазғанға келген сайын кездесетін Шынболат еді. Кітаптан таба алмағанымыз өкінішті. Кезінде Шынболаттың «Шындығын» тыңдаған Халық қаһарманы Қасым Қайсенов «Сен шын мәнінде бұл бейбастақ сойқан заманның бүгінгі Бұқар жырауысың. Сен өзіңнің әділетті аңсауыңмен, шыншылдығыңмен, бет қаратпас қайсарлығыңмен, адамгершілік парасаттылығыңмен, жыршылық мәнеріңмен қазақ өнерінің аспандап тұрған жұлдыздарының ең жарқырап, көзге түсерісің! Сенің атыңды қойған адамның тегін адам емес екені де көңілге ризашылық ұялатады» деп жүрекжарды пікірін білдірген екен.

Сөйле, Тілім, Алаңдама, тартынба,

Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!

Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,

Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?! – деп басталатын толғауды естіген қазақтың көзіне жас алмағаны кемде кем. Халықтың ойындағы, көңіліндегі, жан түкпіріндегі шындықты дөп басқан Шынболаттай ақын дәл сол кезде болмады. Ақын бір ғана «Шындықпен» шектеліп қалмады. Жырларын жалғастырып, «Ашыну», «Ұят болды-ау!» атты өлеңдерін өмірге әкелді. Бұл жырларында да қазақтың мұңы, қоғамның дерті, заманның қиындығы ашық көрініс тапты. Ақынның бұл толғауларына басты ортақ тақырып – ұлттың келешегі, қазақтың санасының оянуы арқау болды. Ақын осынысымен ұйықтап жатқан қалың елді дүр сілкіндірді. «Шындықты» жаттап алмаған бала, айтпаған кәрі-жасы қалмады. «Шындық» қазақтың бойына қан болып жүгірді. Ақын Бүркіт Ысқақов «Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» жырынан кейін батыл да ащы жыр ол Шынболаттың «Шындық» толғауы болды. Аз ғана уақыттың ішінде бұл жыр алыс шет елдерге тарап кетті» деп жазады. Расымен де, Шынболаттай шындықты көрсеткен ақындар сирек. Дастарқан басындағы лирикалық әндерден басқаны қаламайтын Кеңестік идеология үшін мұндай толғаулар жай отындай еді. Жазушы Шерхан Мұртазаның өзі Шынболатты Махамбет пен Ақтамберді жыраулардың жалғасы деп білетіндігін айтып, ерекше құрметтеуі осыдан болса керек. Бүгінгілер Қасым мен Шерханнан, Бүркіттен артық па екен?! Кітапқа қоспағаны ұят болды!

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

«Қамшы» сілтейді.

10:18
1868

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020