​МЕМОРАНДУМ ҚАБЫЛДАНДЫ

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай мен әлемдік нарықтағы бағаның құбылуынан туындаған экономикалық қиындық кезінде жұмыскерлерді қысқартпау, еңбекақы мөлшерін төмендетпеу ерекше маңызды. Осыған байланысты Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтағы ірілі-ұсақты кәсіпорын басшыларымен, олардағы кәсіподақ ұйымдарымен үш жақты меморандумға қол қойды. Осындай меморандум Жезқазғанда да қабылданды.

-Коронавирус инфекциясының таралуы бір жағынан, халықаралық нарықтағы бағаның өзгеруі екінші жағынан біздің облыстың өміріне біраз өзгеріс әкеліп отыр. Бізде өндіріліп, экспортқа шығарылатын тауарлар бағасы түсіп жатыр. Соған қарамастан, жүйе құрушы кәсіпорындар басшылығы азаматтық жауапкершілік танытып, елге қарайласуда. Бұл үшін алғысымды білдіремін. Біздің тарапымыздан елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жол картасы әзірленіп, Үкіметтен қаржы бөлінуде. Осы бастама аясында біз құрылыс, инфрақұрылым сияқты салаларда 18 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз, — деді облыс басшысы ірі кәсіпорын жетекшілерімен кездесуде.

Облыс әкімдігі «Қазақмыс» rорпорациясы және Жәйрем тау-кен байыту комбинаты бастаған барлығы 160 ірі және орта комапниялар, олардың кәсіподақ ұйымдарымен жұмыс орындарын сақтауды, еңбек құқықтарының сақталуын және өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейтін үш жақты меморандумға қол қойды.

Жезқазған әкімдігінде де осындай бас қосу өтіп, онда 18 кәсіпорын мен әкімдік арасында меморандум қабылданды. Бұл кәсіпорындарда бүгінде 7 мыңға жуық адам еңбек етуде.

-Нарықтағы ахуалды барлығымыз көріп, біліп отырмыз. Бизнеске де оңайға соғып отырған жоқ. Алайда, сіздерден осындай қиын-қыстау кезінде жұмыскерлерге деген қамқорлық, азаматтық жауапкершілік күтеміз. Жағдайды терең түсініп, осындай қадамға барғандарыңыз үшін ризашылық білдіремін, — деді қала басшысы Қайрат Бегімов кәсіпкерлерге. 

18:15
328

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020