ШЫНБОЛАТ ЖАЙЛЫ ҚАЛАМ ТЕРБЕЙДІ

ШӨЛІРКЕП ЛЕБІЗІҢЕ...

Шығарған төбемізге, төрімізге,

Сен едің, салымыз да, серіміз де.

Беу Шәке. Бауырым-ай, бақұлымсың, 

Шөліркеп шөлдеп келдім лебізіңе. 

Шөліркеп лебізіңе, жырларыңа, 

Сен келдің «Төртінші» жоқ қырда мына.

Тербеткен төңіректі қоңыр үнің,

Ілесіп ескен желдің ырғағына. 

Көк желек құлақ түріп шүбә қалмай,

Көк пен жер сән-салтанат құрағандай. 

Шалғынға аунай кеттім арсалаңдап,

Өзіңнің құшағыңа құлағандай. 

Көңілді қай-қайдағы тұсап қайғы, 

Сырғанап қашқан елес ұстатпайды. 

Қайдасың, қайран Шәке, қайран Шәке, 

Қара жер қанша құшсам міз бақпайды. 

Көре алмай көптен бері дидарыңды, 

Жанымды шарасыздық қинай берді. 

Сұп-суық құлыптасқа қойып кеттім, 

Бөктерден өзіңе арнап жиған гүлді. 

Мұса ТІЛЕУОВ, кенші ақын.



АЛМАС ЖЫРЫН АҚИҚАТҚА СУАРҒАН

Қос анасы Сыр мен Қырды тел емген, 

Жыр да жазды, кен де қазды тереңнен.

Төртіншіден төрт тарапқа танылып, 

Алты алаштың алғысына бөленген. 

Домбыра алып, жоғын жоқтап мұңдының, 

Ашып талай сұм өмірдің сұмдығын. 

Шынкең жүрді-ау қырандайын қомданып, 

Намысына қайрап алып «Шындығын». 

Бет пердесін қу заманның қуарған, 

Сыпырғанда исі қазақ қуанған.

Сал қоғамды өткір тілмен шабақтап, 

Алмас жырын ақиқатқа суарған.

Жүрек жұлған маздақ жырын ағытып, 

Жыр төгетін жанып алып шабытын.

Тәуелсіздік бақ қонғанда еліме, 

Жарқылдаған нағыз алмас шағы-тұн. 

Ақын ақты жұлдыз болып. Тұл арман, 

Жыр іздеймін дертке дауа мұнардан. 

Шөліркесе Шынболатын іздейді ел, 

Жырға сусап, шықпай қалса құмардан. 

«Жылжиды жыл». Өмір алға көшеді,

Бәрі өтеді. «Уақыт– емші» деседі. 

Ал ақыннан қалған мұра мәңгіге 

– «Өлең шіркін елге жаяр өсегі», 

Ұлы Абайдың ұлағаты кешегі. 

Аманкелді БҰҚАР, ақын, мұғалім.

10:27
1858

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020