Көңілбай ШҮКЕНОВ, маркетолог: «ЕЛДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛЕУЕТІ біз ұстанған бағыттың ең бастысы»

2014 жылдары елдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен сол кездерде жұмыс істеп тұрған әлеуметтік желілерде «ASYL ADAM» қоры жайлы кеңінен жазылып жүрді. «Қор ана қаладағы көпбалалы отбасына үй салып беріпті, мына қалада үй-күйсіз жүрген жанға пәтер алып беріпті» деген сипаттағы мақалаларды көп оқитынбыз. Оқитынбыз да сол істің басы-қасында жүрген азаматқа риза болатынбыз. Ал, ол азамат өзіміздің жерлесіміз, іргеміздегі Сарлық ауылының тумасы екенін екінің бірі біле бермейтін… Бүгінде, әлеуметтік жобалардың авторы, заманауи тілмен айтқанда танымал маркетолог – Көңілбай ШҮКЕНОВТЫҢ есімі елге тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға үй салып беруші қайырымды жан ретінде кеңінен танымал. Жуырда біз Көңілбай бауырымызға телефон шалып, аймақтық «Saryarqa» газетінің оқырмандарына өзінің жобалары, алдағы жоспарлары жайлы әңгімелеп беруін өтінген едік.

– Ассаламағалейкум, Көңілбай бауырым!

– Уағалейкумассалам, аға! – Әлеужеліден көріп жатырмыз, қажылыққа барып қайтыпсыз. Алла ниетіңізді қабыл етсін. Бұл бірінші сапарыңыз ба? – Әмин. Иә, таяуда Алланың қалауымен қажылыққа барып келдік. Бұл енді бірінші сапарымыз.

– Қажылықтан алған әсеріңізбен бөлісе отырыңыз...

– Көп адам қажылыққа үлкейген соң барамын деп жатады ғой. Негізі қажылыққа жас уақытта барған дұрыс екен. Өйткені қаншама үлкен кісілер сол жерде Қағбаны жеті рет айналғанда, Сафа мен Мәруаның арасында жүгіргенде денсаулықтары сыр беріп қалады. Сондықтан жастық шақта барған дұрыс деген ойға келдім. Бұл менің бірінші көкейге түйгенім.

Екінші мәселе, барғаннан кейін сізге екі кез мата береді. Суға түсіп, ғұсыл алып алғаннан кейін. Бұл нені білдіреді? Бұл сіздің өмір бойы жыйған дүниеңіз, сәнді киімдеріңіздің бәрі артыңызда қалады. Сіз ақыретке осы екі кез матамен ғана кетесіз дегенді аңғартады. Сонда адам ойланады, бұл өмір уақытша екенін. Көзбен көріп, денемен сезінеді. Балаларыңызға осыны өсиет етіп айтасыз. Яғни сізге осы екі кез матадан киім тіктіруді тапсырасыз.

Үшіншіден, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл дүниеде болғанын, оның осы жерде өмір сүргенін сезініп, туәбеге келесіз. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген дұрыс» дейді ғой. Сондықтан қажылыққа барған дұрыс екен.

– Жөн екен. Ал енді негізгі әңгімемізге ойысайық. Сіз айналысатын кәсіп нарықта қалай аталады?

– Жалпы бізде кәсіппен айналысу дегеннің екі түрі болады. Бірі өзін жарылқау үшін, ақша үшін айналысады. Екінші адам әлеуметтік қоғамда бір нәрсені өзгерту үшін айналысады. Біздің қазіргі айналысып жатқан кәсібіміз халықтың әлеуметтік саладағы жағдайын жақсартуға бағытталған. Қазіргі заманауи тілмен айтсам – маркетинг десек болар. Әйтпесе өзінің қу қарақан басын асырау үшін жүрген қанша кәсіпкерлер бар. Олар өзі үшін еңбек етеді, өзі үшін тіршілік жасайды. Тапқан таянғанын бала-шағасына береді. Мүмкіндігінше ішіп жейді. Соны кәсіп деп атайды. Біздікін айтатын болсақ, бұл ә л еуме т — тік жобалар. Негізі, әлеуметтік жобаны жасау өте қиын жұмыс. Ондай адамдар көбіне тарихта қалады. Біз енді атақ, даңқ үшін, ақша үшін жұмыс жасап жатқанымыз жоқ. Біз үшін ақша мақсатқа барар жолдағы құрал.

Осы жерде, ақша мәселесі туралы бір әңгіме айта кеткім келіп тұр. Мен өзі бұрын газетке сұхбат берген емес едім. Телеарналарда, ютубарналарға сұхбат бергенмен. Сондықтан Сіздердің газеттеріңіз арқылы оқырмандарға мына жайтты жеткізгім келеді. Бірінші, ақша мәселесінде көптеген құпиялар бар. Халық оны біле бермейді. Бірінші құпиясы, ақшаны шығарғандағы өзіндік құны өте қымбат. Мысалы 100 теңгенің жасалу құны 3,5 доллар. Яғни ол жүз теңге минус 1500 теңге болып келеді өмірге. Сол жүз теңгені табу үшін біз дүниедегі ең қымбат нәрсе – уақытымызды береміз. Сегіз сағат жұмыс жасаймыз. Сол 8 сағат жұмысты жаңағы теңгеге көбейтеміз, сонда айдың соңында жалақы шығады. Ал, ол жалақы бізге үй алуға, телефон алуға, машина алуға жетпейді. Яғни, керек-жарағымызды ала алмаймыз. Мұнан кейін міндетті түрде қайда барамыз. Әрине, банкке. Сөйтіп банкке құл болып шығамыз. Сонда есептейік енді. Біз бұл дүниеге ақша тауып, кредит төлеуге келдік пе? Яғни, банкке құл болу үшін келдік пе? Енді мынаны қарайықшы, сол банктердің иелері кім деген сұраққа келейікші. Қазіргі уақыта алған үй, көлік құжаттары банкте тұр. Ал, банк иесінің артында шет ел азаматы тұр. Сонда біз шетел азаматына жұмыс істеп жатқандаймыз ғой. Осы жерде келешек ұрпағымызға тәуелсіздік туралы қандай әңгіме айтамыз. Ал мұны еш жерде айтпайды. Сондықтан біз өз жобаларымыздың бәрін бастағанда Қазақстан мемлекетінің заңына сәйкес, экономикалық жағынан бәрін есептеп, одан кейін маркетингтік жоспарлардың бәрін жасап, бірнеше жылға осыны жоспарлап құрдық. Сондай жоспардың ең біріншісі – «ASYL ADAM» қайырымдылық қорын жібердік халықтың арасына танымал қылып. Бұл баспана және жұмыспен қамту қоры деген кезде, тегін үй береміз деген кезде адамдардың бәрі шошып қарады.

Екінші – «Аманат драйв» жобасы арқылы баспана, автокөлік және «Бақыт мекені» деп аталатын ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін шығардық.

Жалпы, кооперация деген қазіргі уақытта көпшілік жерде айтылып жүр. Мысалы үшін кешегі Украинаның соғысынан кейін Белоруссия мен Ресейде кооперация жасап жатыр. Кооперация дегенді қазір бүкіл мемлекетте коалиция деп ауыстырып алды. Негізгі бір мақсатқа жету үшін бүкіл күштерін жұмылдыратындай жағдайға барып жатыр. Бұл жеке адамдардың арасында да, компаниялардың арасында да, мемлекеттердің арасында болатын жағдай. Сондықтан біз халықтың басын біріктіріп, осылай кооператив құрдық. Жалпы, кеңес үкіметі уақытында үйдің бәрін сол кооператив арқылы алған болатын. Кейін мына қаржылық дәуірге өткеннен кейін, қаржы саласындағы алыпсатарлардың жұмыстарының арқасында халықтың бәрі кредитке кіріп, төлей алмайтын қарызға батты. Яғни біздің қаржылық сауатсыздығымыздың арқасында біреулер байып отыр. Біздің осы істеп жатқан жұмысымыздың бәрі халқымыздың келешекте банктерге, басқа біреулерге құл болып кетпеуі үшін.

– Әлеужелілердегі жазбаларда Сіздің қазіргі жобаларыңыз бала кезгі армандарыңыз екенін айтады...

– Иә, солай десе болады. Мектепте керемет оқыдым деп айта алмаймын. Бірақ, әдебиет пәнінің мұғалімі менің бір шығармамды сақтап қойыпты. Сірә, кейін сол шығармамды көрсетіп мені ұялтпақ болда ма екен. Әлгі шығарманы оқып отырып қазіргі істеп жатқан жұмыстарымның бәрі көз алдыман өтті. Өйткені мен сол кезде бүгінгіні болжағандай жазыппын.

Жалпы, менің әкем өмірден ертерек өтті. Бізді анамыз қиналып жүріп жеткізді. Қатарымыздан қалдырмады. Тоқсаныншы жылдың ауыртпалығын қала да, ауыл да көрді ғой. Оның ауылдықтарға тиген үлесі тым ауыр болды. Соны көріп жүргендіктен де шығар, бала қиялмен өскенде өйтемін де бөйтемін деп жазған болуым керек. Бәлкім Алла Тағала менің санама сол кезде-ақ осы ойды әдейілеп салған шығар.

Негізі, біз бұл жобаларды ертерек бастадық. Бір жобаның шеңберінде екінші жобаны ойластырдық. Бәрі бір-бірімен сабақтас болды. Бірінің кем-кетігін бірі толықтырып жатыр. «ASYL ADAM» қорының негізінде «Бақытты отбасы» жобасын шығардық. Жобаның авторлық құқығы және «Бақытты отбасы» деген сөздің өзі Қазақстан мемлекетінің зияткерлік меншігі бойынша тауарлық таңба ретінде менің атымда тіркелген. Қазіргі уақытта жақсы нәрсеге талас көп қой. Ондай атаулармен жақсы жұмыстар жасалып жатса оның бәріне кедергі болу керек емес.

Менің айтайын дегенім, осы «ASYL ADAM» қоры үй береміз дегенде қаншама адамдар жазды. Тіпті, «біз қиналып жатырмыз, сорлымыз осы үйді маған бер» деген адамдар да болды. Бірақ, біздің қанша қиындық болса да ажыраспаған, қиындыққа қарсы тұра білген отбасыларына ғана береміз деген сөздің өзінің астарында үлкен ұғым жатыр. Шындығында, бізден үй алған адамдардың бәрі бақытты отбасылар. Иә, біздің елдегі отбасылардың бәрі бақытты болуы керек. Қазір бізге хат жазған адамдар, біз сорлымыз деп жазбайды. «Мен бақыттымын, бала-шағам бар» деп бастайды әңгімені. Яғни, біз, көмек сұрайтын адамдардың өздерінің әңгімесін 180 градусқа өзгерттік. Осылай біз жұмысты идеологиядан бастадық. «ASYL ADAM» деген бұл жақсы адамдардың басын біріктіру, дінге, нәсілге бөлінбейтін осындай қайырымдылық қоры. Мұны идеология дейміз. Кез келген нәрсені идеологиядан бастау керек.

– Қиналған, тығырыққа тірелген кездеріңіз көп болды ма?

– Таза қиналып, әбіржіген кездеріміз болды дей алмаймын. Қай істі болмасын бастау үшін қаншама жыл уақыт керек, қаншама қаражат керек. Өзіміздің астымыздағы көлігімізді, дүние мүлкімізді сатсақ та осы жобаны қаншама жылдар бойы Алланың қалауымен алып келеміз. Қаржылай көмек бізге мемлекеттен, болмаса белгілі бір кәсіпкерлерден түсіп жатқан жоқ. Енді, қасымыздағы жора жолдастарымыз бар, осы жобада жүрген. Негізінен қаржы өзімізден кетеді. Мұндағы мақсат, мүддені ел әлі толық түсіне қойған жоқ деп ойлаймын.

– Ана бір кездері Сіздің қызмет жүйеңіз екіге бөлінді. Жұмыс енді белең алып келе жатқанда ондай шешімге бару кедергісін келтірмеді ме?

– Жалпы, анау айтқандай екіге бөлінген ешнәрсе жоқ. Біз жобалардың бәрін, бөлек-бөлек құрғанбыз. Мысал үшін баспана бір бөлек, автокөлік бір бөлек, ауыл шаруашылығын бір бөлек. Енді бүкіл жерде басшы болып өзім жалғыз тұруым мүмкін емес. Сондықтан басшылық мәселесін әр жерден сенімге кірген адамдардан қойдық.

Әрине, қасыңда бірге жүріп, бірге намаз оқып, бірге шай ішіп жүріп ту сыртыңнан пышақ ұрып кететін жандар да болады ғой. Негізі, біз жасап отырған жобаның иесі халық болғандықтан олар дауыс беру арқылы кез-келген уақытта басшылыққа өзгерістер енгізе алады. Сіз айтқан, екіге бөліну кезінде дауысқа салғанда халықтың көпшілігі маған қарсы дауыс берді. Бұл деген әрине үлкен қасірет мен үшін. Бірақ сол кезде Алланың қалауы солай болған шығар деп артқа шегінуге тура келді. Сол уақытта елдің бетін бұрғандар болды. «Көңілбайға сенбеңдер» деп ел аралап жүрген белгілі адамдар да болды. Осындайлардың әрекетімен халықтың көпшілігі қарсы шықты. Осы кезде мынаны түсіндік, қаншама жыл бойы халыққа жалпақтап келгеніңмен адам оның көңілін таппайды екен. Бір-ақ ауыз сөзбенен сіздің тағдырыңызды шеше салады. Бір адам сіз туралы жаман айтса, соған құлай салады. Ал ол адамның кім екенін тексеріп жатпайды, мүмкін оған біреу ақша төлеп «жаман» деп айтқызып жатқан шығар. Адамның бәрі «ә бәсе сондай екен ғой» деп жамандыққа тез сенеді. Тырнақтың астынан кір іздеген де адамдар бар. Рас, кейін ол адамдар бұған өкінді. Сондықтан бұл екіге бөлінгендік емес. Халықтың көпшілігін маған қарсы қойып мені жұмысымнан шектетті. Оған әрине олардың құқықтары бар. Сөйтіп, «Аманат хоум» тұтастай бір бөлек кетті. «Аманат драйв» жеке шаңырақ көтерді. Бірақ, бұлардың бәрі «ASYL ADAM» қорының шекпенінен шыққан жобалар, қазақша айтқанда. Бұл жобалардың көбі менің атымда патенттелген.

– Құрылғаннан бергі жеті жылдың ішінде қанша адамды баспанамен қамтамасыз еттіңіздер?

– Бүгінгі күні автокөлік пен баспана алғандардың жалпы саны мыңға барып қалды. Жалпы, екі бағытта жұмыс жасап жатырмыз дедім ғой. Бірі баспана және автокөлікпен қамтамасыз ету, екіншісі – жұмыспен қамту. Екі бағыттағы жұмыстарымыз да жеміссіз емес...

– Әр аймақтан жер алып, ауыл шаруашылығын құрып жатырсыздар. Сол жайлы ашып айтып өтсеңіз.

– Иә, бұл сол жұмыспен қамтудың тікелей жолы. Бұл ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Оны – «Бақыт мекені» деп атадық. Бұл жерде халықтың басын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығы санатындағы жерлерді алып соларды қаржыландырып, кейінгі оның иесі де киесі де халық болатын ету. Оның иесі бір адам болсын, мысалы, мен өзім бір шаруа қожалығын ашып, бірнеше жерден жер алуға болады. Оны істеуге мүмкіндік бар. Бірақ, сіз оның жалғыз егесі болғандықтан сізден біреу тартып алуы мүмкін. Немесе сізден кейінгі бала шағаңыз ырың-жырыңын шығаруы мүмкін. Мынадай жағдайда экожүйе құрғандықтан оның иесі халық болуы керек. Сонда оны халықтан ешкім тартып алмайды. Кейін мұнда сол кооператив мүшелерінің балалары келеді, олардың орнына. Сондықтан, бұл жобада негізгі мақсат халықтың басын біріктіріп, ауылшаруашылық жерін айналымға әкеліп, халықтың атына беруіміз керек. Кейін олардан ешкім тартып алмайтындай болуы керек. Мысалы, қазір «мынау найманның жері, мынау қыпшақтың жері» деп жатады. Ондай сөз еш құжатта жазылмаған. Ал, біздің «Бақыт мекеніне» кейін келген балалар «бұл менің әкемнен қалған жер» деп толық айта алады. Өйткені оның әке-шешесі осы жерде құрылтайшылардың қатарында болғаны құжатта көрсетіліп тұрады.

Одан кейін, осында түскен ақшаның бәрі, малмүлік болсын, техника болсын, жер болсын сол жердегі құрылтайшылардың бәріне бірдей тең тиесілі. Яғни, бұл жобада олардың ақшасын, басқасын біреу басқа жаққа алып қашып кетіп жатқан жоқ. Бұл жерде керісінше ауыл шаруашылық жерлерін алып, соны игеріп жатыр. Негізгі мақсат осы.

– Cіздің қызметтеріңізді алу үшін, яғни, жобаға қатысу үшін қанша теңге көлемінде алғашқы жарна төлеу керек. Бір сөзбен айтқанда қалай жобаның мүшесі бола аламыз?

– Мәселен, Сізде үйдің не көліктің 30 пайыз ақшасы бар. 10 млн. теңге үй алғыңыз келеді. Осы арманыңызды жүзеге асыру үшін Сіз 3 млн. теңге алғашқы жарнасын төлейсіз. 500 мың теңге 5 процент кіру жарнасын төлейсіз. Кіру жарнасы дегеніміз осы кіріп жатқан «Аманат драйвтың» ішкі, сыртқы шығындарын жабу үшін қажет. Яғни жаңағы он жыл бойы сізге қызмет көрсеткен адамның ақысы деп есептелсін. Одан кейін 3 мың теңге мүшелік жаранасы бар. Ай сайын төленетін. Ол резервтік фондқа кетеді.

Ал енді жаңағы 3 млн. теңгеге келейік. Алғашқы 3 млн. теңгені төледіңіз. Сізге аманат дарайв 7 млн. теңге қосып 10 млн. теңгеге пәтер сатып әпереді. Сіздің атыңызға жазып береді. Автокөлік болса оны да алып, сіздің атыңызға жазып береді. Бірақ «Аманат дарайв» жағынан обременение, яғни, құқықтық ауыртпалық шарасын қолдана алады. Яғни оны арестке қояды. Сіз оны сата алмайсыз, сіз оны ешкімге сыйға бере алмайсыз. Тек он жыл бойы не жалға бересіз, не өзіңіз тұрасыз. Оны өзіңіз білесіз. Төлемді ай сайын төлейсіз (автокөлік 5 жыл). Бірақ, пайызсыз төлейсіз. Егер төлей алмай қалсаңыз екі ай сізге каникул береді. Үшінші айда – үйді сізден алады. Бірақ, банктегідей сізді тырдай жалаңаш қалдырмайды. Алғашқы берген 3 млн. теңгеңізді, ай сайын төлеп тұрған ақшаңызды қолыңызға санап береді. Бұл жерде кісі ақысын жемеу деген мәселе тұр. Үстінде пайызы жоқ.

– Сіз бір сұхбатыңызда криптовалюта жайлы айтып едіңіз. Осы жайлы да ақпарат бере кетсеңіз?

– Криптовалюта деген не? Жалпы осы экожүйенің бәрін бір теңгеге бағындырып қоя алмаймыз. Өйткені теңгенің құны жыл өткен сайын, ай өткен сайын құнсызданады. Осы кезде теңгеден алшақтайтын, долларға бағынбайтын осындай ішкі жүйені қалыптастыру керек. Яғни «Стайл бук» ойынын шығаруымыз керек. Сондай-ақ, тұрақтылық құралы да керек. Доллар қымбаттап кетсін, төмендеп кетсін ақша құнсызданып кетсін, мүның бәрінде ішкі нарықты ұстап тұратын «АMANAT COIN» деген криптавалютамен қанаттандыруымыз керек. Мұның артында не тұр дейтін болсақ, «Бит куиннің» артында технологиялық прогресс тұратын болса, «АMANAT COIN» да сол техногиялық прогрессті пайдаланып, даму. Оның артында автокөлік, баспана, ауыл шаруашылығы өнімдері тұр. Бұл халыққа әр уақытта керек нәрселер.

– Ақпанда өткізген онлайн конференцияңызда Сіз ақшасы жоқ жандардың да өз армандарын жүзеге асыруға болатынын айтып едіңіз. Енді сол мүмкіндіктер жайлы да айтып өтсеңіз?

– Жалпы, бізде үш түрлі бағытта үй алуға мүмкіндік бар. Бірі ақшасы бар адамдар 30 пайызын салады. Екінші мүмкіндік, ақшасы жоқ адамдар 30 пайызын болмаса 50 пайызын ай сайын жинақтай алады. Үшінші жол – ақшасы жоқ адамдардың бәрі жұмыс жасауға болады. Жұмыс жасаймын дегендер біздің «Аманат драйвтың» платформасына тегін тіркеле алады. Және біздің сапалы жұмыстарымыздың бәрін, бізде өтіп жатқан әртүрлі акциялардың бәрін халыққа түсіндіре отырып, өздеріне балл жинайды. «Балл» – дегеніміз, ішкі ақша десек болады. Бұрын кеңес елі уақытында әр адмның жұмысын КТУ-мен есептеді ғой (коэффицент трудового участия). Ал бізде «КРІ» деген жүйе бар. Істелген жұмыстың нақтылы көрсеткіші. Адам жұмыс істесе ақша алады. Жұмыс істемесе ақша алмайды. Яғни бізге жұмысқа тұрмай-ақ, жарнаманың жұмысын, баннерлердің орнын сол жұмыскерлер атқарып, ақша таба алады. Мысалы үшін, біз телеарналарға, өзге де жарнама берушілерге ақша төлейміз. Блогерлер сұрайды, «маған ақша төле, мен саған жарнама жасап тұрамын» деп. Біз неге ол ақшаны қарапайым адамға төлемейміз?!

Одан кейін, мысалы үшін Сіз үй алдыңыз. Сосын үйде отырып алып «мен үй алдым» деп үйге кісі шақырып, құжаттарыңызды көрсетіп, адамдардың бәріне мақтанасыз. Олардың бәріне «Аманат драйвтың» жұмыстарын түсіндіріп айтасыз. Олар үй аламын десе Сіз оларға үйді қалай алғаныңызды, қалай алу керек екенін соларға түсіндіресіз. Сонда сіз бір менеджердің, болмаса көшеде жанып тұрған бір жарнама баннерінің, телеарнаның жұмысын немесе блогердің жұмысын жасап отырсыз. Осындай жағдайда біз неменеге блогерге ақша төлеуіміз керек. Сізге төлеуіміз керек қой. Сіз осындай жұмыс жасаймын деп, келіп келісім-шарт жасасаңыз, Сізге анау бес пайыз бар емес пе, 500 мың теңге болмаса 200 мың теңгенің 100 мың теңгесі балл болып түседі. Өйткені, Сіз келісім-шарт жасауға, жарнама жасауға жұмыс істедіңіз. Қазір көшеде үй алғысы келетін, бірақ ақшасы жоқ жастар, әйел кісілер бар. Солар бізде осылай жұмыс істеп жүр. Олар халыққа түсіндірме жұмысын жүргізіп, жарнамалап жүргенін білдіріп QR-кодтарын береді. Егер адамдар сол кісінің айтуы бойынша бізге келгенін айтып, QR-кодын көрсетіп, келісім шарт жасасса, біз ана адамға ақшалай төлейтін мүмкіндіктер бар. Сол ақшаны жинақтап олар 30 пайызын, 5 пайызын толықтырып жарна жинай алады. Сіз үй алып, жаңағыдай жарнама жүргізіп ай сайынғы төлемақыңызды да жауып отыруыңызға болады. Бұл қазіргі уақыттағы кэшбектің ең жоғарғы нүктесі.

– Қазір баспана салумен де айналысып жатыр екенсіздер. Бұл жоспарлы жұмыс па, әлде?...

– Иә, қазіргі таңда біз үйлер салып жатырмыз. Қарағанды қаласында біз жаңа технологиямен үй салдық. Ол тез арада құрастырылатын және энергия ресурстарын көп пайдаланбайтын от жақпайтын, су тасымайтын, кәдімгі заманауи үйлер салып көрсеттік. Яғни қақаған қыстың аязында от жақпай-ақ, еденнен жылыту қондырғыларын пайдалана отырып айына 15-18 мың теңге токқа ақша төлеу арқылы қалыпты температура ұстап тұруға болады. Неге ол 15 мың теңге? Мысалы сіз көмір жақсаңыз одан көп төлейтін едіңіз. Ал мына жағдайда мұздатқыш, пеш бәрі қосылып тұрғанда төлейтініңіз 15 мың теңге. Неге ол үй тез суымайды, жылуды ұстап тұрады. Өйткені ол үйдің сырты «теплоизоляция», «гидроизоляция» сияқты қазіргі заманауи технологияға сай жабдықталып жасалған. Әдемі үйлер. Оны тапсырыс арқылы салуға да болады.

Қазіргі уақытта біз тек қана бір ғана үйлер емес, сонымен қатар тұтас қалаларды да осындай заманауи үйлермен жоспарлап салуды қолға алып жатырмыз.

– Сіз шет елдерде жиі боласыз. Түбі сол мемлекттердің біріне тұрақты тұруға кету ойыңызда жоқ па?

– Иә, шет елдерде көп боламыз. Шет елге шығу деген шетелге қашу деген мәселені білдірмесе керек. Рас, сондай бір тобыр бар енді. Шет елге кетіп жатқан. Соларға қарап, елдің бәрін солай ойлайтын шығар. Ал біздің баруымыз мүлдем басқа мақсатта. Мысалы, шет елдіктер біздің елімізге келіп компаниялар ашып жатыр. Өздері шет елде тұрады. Неге қазақтарға шетелге шығып, сол жақта компания ашпасқа? Қытайға барып бір завод ашып қоймасқа, неге Түркияға, Өзбекстанға, Ресейде бір завод, комбинат ашып қоймасқа? Сізге де Қазақстанда отырып сол жақтан жеміс жеуге болады ғой, дұрыс па?! Немесе сіз соңғы үлгідегі технологияларды дамыту үшін Қазақстанда ондай мамандар жоқ болса не істейсіз? Немесе бір заводтармен, кәсіпорындармен тәжірибе алмасуға шет елге барасыз. Сондай мақсаттарда шығып жатырмыз. Осылай, шет елге шығып жатқанымызды естіп бәз-біреулер: «Ойбай бұлар шетелге кетейін деп жатыр екен», – деуі мүмкін. Ол енді біздегі қалыптасқан жағдай ғой.

Шет елге барғандағы мақсатымыз – ең бастысы Қазақстанды дамыту үшін жан-жақтан қарап, үйреніп, оқып, тәжірибесін алу, технологияларын қарап, соған сәйкес жұмыс жасау.

Соңғы сауал. «Туған жерге туыңды тік» деп жатамыз ғой. Осы тұрғыдан келгенде Сарлық, Ұлытау, Жезқазған өңіріне қатысты жобаларыңыз жоқ па?

– Бар. Жезқазған, Сарлық өңірін дамытуға қатысты жобалар әзірлеп жатырмыз. Мысалы үшін Жезқазғанды дамытуға байланысты біз қазір астананы салған архитекторлардың бастарын біріктіріп Жезқазғанға бір үлкен қала салатын жоба жасап жатырмыз. Ол негізі келешектің қаласы болып жоспарлануда. Үйлердің бәрі адреспен емес координаторлық сектормен бөлінетін болады. Үйдің төбелерінде келешекте дүкенге бармай интернет-дүкендерден тапсырыс беріп алдыру үшін дрондар келіп қонатын алаңдар болуы керек.

Әрине, қазір оның бәрін айтқаннан кейін бәз-біреулер «қияли бір әңгіме айтады екен» деп дүрліктіруі мүмкін. Кезінде миллиардтаған табыс әкелетін компанияларды жүргізу үшін де осындай нәрселерді ойлап, іске асырсақ қалай болады екен дегенде де «қой олай болмайды, біз сияқты ауылдан келген жігіттерге ондай миллиардтық компания қайда?» деп жолатпаған болатын. Олар сол баяғы қалпында жүр. Күнделікті нанын табудан әріге бармай. Олар өзгермейді. Өзгергісі де келмейді. Солардың айтқанына қарап отыра берсек, әрине ештеңе болмайды. Қимылдау керек. Жұмыс істеу керек. Жан-жаққа барып қарап, ізденіп, тауып, іске асыруымыз керек. Басқа елдер қалай дамып жатыр? Олардың қандай ұсынысы бар. Смарт қалаларды дамытуға қандай ойлары бар екенін білу үшін әрине, ұсыныс тастаймыз Жезқазған қаласының дамуына. Ол ұсынысты қабалдай ма, қабылдамай ма? Оған өңір дайын ба, дайын емес пе, біз оны білмейміз ғой. Мысал үшін, қаланың Кеңгірге қарай өскенін қаламаймыз. Сәтбаевқа қарай қосылғанының керегі жоқ. Сәтбаев пен екі ортаны қосу деген – сапырылыстыру деген сөз.

Біздің ойымызша қаланы Кеңгірдің қарсы жақ бетіне шығару керек. Мысалы Деев көшесінен тіке өтіп, Бейбітшілік көшесінен тіке көлдің келесі жағалауына шығып кететін. Ол келесі жағалауда арал секілді жер бар. Қазір соған жоспар сызып жатырмыз.

Ал, енді Сәтбаевқа қарай өсіру деген ол енді өте оңай жол деп ойлаймын. Көлдің келесі бетіне шығару жаңа қадам, жаңа шешім. Ол жаққа қарай өтетін үш көпір болуы керек. Дамыған елдердегідей аспалы көпірлер болуы керек. Көрікті қала салуға мүмкіндік бар. Оның бәрін жоспарлаймыз, ұсынамыз әрине. Оның бәрін мемлекеттің ақшасына емес, үлкен қаржылық тетіктерді тауып, дамыған мемлекеттер сияқты криптовалютамен де қаржыландыруға мүмкіндік бар.

Қысқасы, жоба бар. Үлкен кісілердің басын біріктіріп жасап жатырмыз. Астана маңайына жобаларды жасап бітірдік. Қазіргі жоба – Жезқазған. Қазір тапсырма бердім. Қасымдағы кісілер бәрін орындап жатыр. Алла қаласа бұл «Туған жерге туыңды тік» деген мәселемен кететін жоба. Егер де, әкімшілік «бармақ басты, көз қыстымен» қолында дымы жоқ біреуге құр папкісі мен компьютерден алған жобасына қарап бере салмаса, интернеттен алып, қалаға келтіріп жасаған арзанқол жобаларды мақұлдап, тендерді біреулер алып кетпесе. Қазір мұндайға жол бермеуге тырысамыз. Бұрын тәжірибесіз едік. Көп тайталаса қоймайтынбыз. Қазір біздің де азу тісіміз шыққан. Қолымыздағыны беріп қойып, отыра алмаймыз. Жобамызды дәлелдеп, іске асыруға бар күшімізді саламыз.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

10:55
1824

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020