ЕСТИДІ ДЕП ЖҮРГЕН МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ БІР ҚҰЛАҒЫ САҢЫРАУ БОЛЫП ШЫҚТЫ

2022 жылдың 3 мамыры Ұлытау облысының туған күні ретінде ел тарихына таңбаланды. Мейлі, мұнысына да шүкір. Іргесі құтты, шаңырағы биік, керегесі кең болсын! Керегесі кең болса да терезесі тең бола алмады. Әділіне бақса болуы керек-ақ еді. Биліктің тізгінін ұстағандар әділіне баға алмады. Қарағанды облысының ұлықтары 9 қала 9 ауданнан 3 қала, 2 ауданын бөліп бергендерін әділдіктің шыңына балап, «Осыған неге разы болмайсыңдар?» деп жан-тәнімен таң қала ренжіп отыр. 1997 жылы қабағын шытпастан қосылған Жезқазған облысының Балқаш, Приозерскдей екі қаласын, Шет, Ақадыр, Ақтоғай сынды үш ауданын жұлқа тартып алып қалғандарын қиянатқа санамай, халық үніне құлақ асқанға балап бетбақтырмауда. Жарайды Ақадыр таратылды. Шет пен Ақтоғай шынында тым қашықта. Онсыз да осыған дейін барлығын атағанмен ең болмаса Балқашты қосып беретін шығар деп үміттеніп келіп едік. Үміттенуге толық негіз де бар болатын. Себебі, Балқаш пен Жезқазған ежелден егіздің сыңарындай кәсібі де, кені де, зауыты да, кәсіпорны да бір қалалар ғой. Халықтың сабылатын да жөні жоқ болатын. Өйткені халыққа қызмет ету керек мекемнің барлығы Балқашта қазір де бар. Бірлі жарымы жоқ болса ашып, қалыптастыру облыстың деңгейінде-ақ шешілетін мәселелер еді. Балқаш берілгенде облыс халқының саны 300 мыңға жетіп жығылатын еді. Жетпей жығылды. Жығылмауға амалы да қалмады. Аяғынан шалғандардың қарасы көп болды…
Жарайды облыстың пиғылы түсінікті! Қолында тұрған құймақты кімнің бере салғысы келеді? Бере алатын болу үшін тұтас мемлекеттік масштабта ойлана алулары керек болатын… Құданың құдіреті-ай десейші қызметі мен құзіреті республикалық болса да парасат, әрекеті ауданның деңгейінде қалып қойған басшылар да болатын көрінеді. Бар екен. Естіп, көріп, танып отырмыз.
Енді бір білгім келетіні еститін мемлекет екі тарапты да естуі керек емес пе еді? Ал, естіген соң, әділдіктің таразысына тартпаушы ма еді? Шешімді содан соң ғана шығармайтын ба еді? Олай болмады. Яғни біздің естиді деп жүрген мемлекетіміздің бір құлағы саңырау болғаны ғой. Әлде бір құлағын әлдебіреулер басып тұрды ма екен? Сұрақ көп те жауап жоқ. Бірақ ашылмайтын ақиқат болмайды. Ашылады. Сонда мемлекет басшысын халық наразы болатындай шешім қабылдауға итермелеген кімдер екені де белгілі болады.
Ал, әзірге айтарымыз қасиетіңнен айналайын қарт Ұлытаудың атынан да, әруағынан да ұят болды деу ғана. Шынында да ұят болды!
Әнуар Омар
19:21
1708

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020