ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы 15 наурызда ел аумағында Төтенше жағдай жариялау туралы Жарлық шығарғаны белгілі. Аталған Жарлыққа сай елді мекендерде бірқатар шектеулерді көздейтін сақтық шаралары қолға алынды.

Сондай сақтық шараларының бірі – Жезқазғанға Қарағанды және Қызылорда бағытынан келетін жолдардың кіре берісіне қойылған санитарлық бекеттер. Аталған санитарлық бекеттер 16 наурыздан бастап, екі ауысыммен жұмыс істеуде. Бекет жұмысының басты мақсаты – қала аумағына өзге аймақтардан келетін жолаушылардың денсаулығын тексеріп, келушілер туралы мәлімет қорын жинақтау.

-Президент Жарлығына сай қаламызда осындай екі санитарлық бекет жұмыс істеп тұр. Мұнда қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің, санитарлық қызмет мамандары және полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Келуші көліктердің барлығын полиция қызметкерлері тоқтатып, медицина мамандары олардың қызуын өлшеп, денсаулық жағдайын тексереді. Полиция қызметкерлері егер келушілер арасында науқастар анықталса, оларды жедел жәрдем көлігімен медциналық мекемелерге жеткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, полиция инспекторлары қызметтік планшеттер арқылы келушілер туралы мәліметті «Сергек» автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізеді, — дейді Жезқазған қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Аманжол Кәрімов.

Екі бағытта орналасқан санитарлық бекеттерде бүгінде жұмыс қалыпты. Келген көліктерде науқас азаматтар мен түрлі ереже, заң бұзушылықтар анықталмады. Жергілікті әкімдік тарапынан санитарлық бекеттің қызметіне қажетті барлық жағдайлар жасалған. 

18:25
758

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020