АҚМОЛАДАҒЫ «АЗАП АРАЛЫ»

«АЛЖИР» – 85

Ақмоладағы «азап аралы»

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары КСРО басшылығы Қазақстанды лагерлер еліне айналдыруға әрекет жасады. Сөйтіп ел аумағында Карлаг, Степлаг, Жезлаг лагерлер бірінен соң бірі ашылды. Солардың бірі – халық арасында «АЛЖИР» деп аталып кеткен әйелдер лагері еді. Тарқатып айтқанда – «Халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөздердің орысшасының алғашқы әріптерінен алынған атау...

Кеңестік кезеңдегі «Архипелаг ГУЛАГ» қанды құр­сауы­на қарасты әйелдер­ге ар­нал­ған 3 ірі азап «аралы­ның» біреуі осы – «АЛЖИР». Ол жиырма алтыншы лагерь бол­ған­дықтан, бір кездері «26-нүкте» деп те аталыпты. Қалай аталса да, он бес жыл бойы қасіреттің қанын жұт­қызған, талай тағдырдың тал­қанын шығарған, тарихтың «ақ­таңдақ» бетіне айналған жер. Бұл жерге саяси айыптаулармен сотталған әйелдер Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен әкелінді. Бұлардың дені елдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері, аналары, қыздары болатын.

Қарағанды еңбекпен түзеу лагері Қазақстандағы ең ірі лагерь болды. Ол 1930 жылы құрылды. Сол лагердің базасында Отан сатқындарының Ақмола лагері (АЛЖИР) 1937 жылғы желтоқсанда құрылды. 1936 жылы барактардың құрылысы сондай-ақ осы жерде балалар колониясы құрыла бастады. Ал 1937 жылы тамыз айында жасөспірімдер басқа жерлерге көшірілді. ОСОМ (отанын сатқандардың отбасы мүшелері) тұтқындарын қабылдауға дайындық басталды. Ресми түрде ол Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің Ақмола арнайы бөлімі болып аталды. Бірақ іс жүзінде ол дербес шаруашылық бірлігі болатын.

«26-нүкте» базасында «еңбекпен түзеу лагері» ретінде ұйымдастырылған «АЛЖИР» (бұрынғы атауы – «Р-17» лагерь) 1938 жылы 10 қаңтарда алғашқы тұтқындарды қабылдайды. Кейбір деректерге қарағанда, 1938 жылы «АЛЖИР» лагерінде «Отанына опасыздық жасағандар» отбасының 4500 мүшесі отырған, тағы 1500-ге жуығы «Карлагтың» қалған лагерьлерінде ұсталған. Өйткені, «Алжир» жарты жылда толған соң, «Карлаг» басшылығы «Отанына опасыздық жасағандар» отбасы мүшелерінің кезекті легін бастапқыда уақытша басқа бөлімшелерге бөліп, күзге қарай Спасскіден тағы бір арнаулы бөлімше ашқан.

«АЛЖИР-дің» басқа бөлімшелерден айырмашылығы – ол бірнеше қабат тікен сыммен қоршалып, күзет мұнарасы қойылған. Аумағындағы көлді қоршаған қалың қамысты сотталғандар қыста барақтарды жылытуға пайдаланған, ал жазда құрылыс материалдары ретінде дайындаған. Лагерьдегі тұрмыс адам төзгісіз болыпты. Хат жазысуға, сәлем-сауқат алуға, мамандығы бойынша жұмыс істеуге тыйым салынған. Әншілер, ақындар, мұғалімдер, гуманитарлық саланың басқа да мамандары ауыл шаруашылығымен айналысты, құрылыста ауыр жұмыстар атқарды. Ауру-сырқаулар, кәрі-құртаңдар, балалар киім тоқу және тігумен шұғылданған.

1939 жылы мамырда «ГУЛАГ» басшылығы «Отанына опасыздық жасағандар» отбасының мүшелері шоғырланған «Темлаг», «Сиблаг» және «Карлаг» бөлімшелерін «қатаң режимнен» жалпылагерлік тәртіпке көшіру туралы бұйрық шығарады. Сөйтіп, әйелдердің хат-хабар, сәлем-сауқат алысуына, мамандығы бойынша жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. «Арнайыконтингент» (Спецконтингент) атауынан арылып, басқа тұтқындардан оқшаулау жойылды, оларды өзге лагерьлерге ауыстыруға шектеу қойылмады.

Азап «аралына» айналған «АЛЖИР» 1953 жылы, «Халықтар әкесі» атанған Сталин қайтыс болғаннан кейін жабылды.

2007 жылы 31 мамырда «Ақмолда» саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені ашылды. Саяси қуғын-сүргіннің тарихы мен жазалау механизмін аса мол жәдігерлер мен құнды құжаттар арқылы баяндайтын мұражайдың маңына монумент, күдік пен үмітті кескіндейтін композиция­лар және қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөні жазылған «Еске алу тақтасы» орнатылды.

Ізбасар Ойбас

13:46
1540

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020