​КӘРІ ҚҰРЛЫҚТАҒЫ ІРІ ІНДЕТ ОШАҒЫ ИТАЛИЯ ҚАЛАЙ ДҮРЛІКТІ?

Қытайдың Ухан қаласынан басталған коронавирус «шеруі» бүгінде бүкіл әлемді шарпыды. Covid-19 атауын иеленген бұл індет ошағы бүгінде Америка мен Еуропаға түбегейлі қоныс аударды десе де болады.

Жексенбі күні Қытай халық республикасы денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитетінің ресми өкілі Ми Фэн ел аумағында қауіпті вирустың таралуы тоқтағанын ресми мәлімдеді.

«28 наурыздағы жағдай бойынша тіркелген коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғаларының саны үш мың адамнан төмен болды. Жалпы алғанда эпидемияның Қытай аумағында таралуы тоқтады» деді ол. Оның айтуынша Қытайдағы ендігі күрес вирусты сырттан әкелуге байланысты болмақ. Өйткені, сырт елдерден келушілер арасында бұл індетті жұқтыру жиі қылаң беріп отыр. Мәселен, өткен сенбіде 42 елден келген 693 адамнан коронавирус инфекциясы анықталыпты.

Ал, қазір АҚШ осы індет ең көп тараған елге айналды. 30 наурызда мұнда аталған вирусты 142 356 адам жұқтырғаны хабарланды. Еуропаға келсек, Ұлыбритания ханзадасы мен премьер-министрі коронавирус жұқтырғанын әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Covid-19 жұқтырғандар саны 62 мың адамнан асатын Германияда да жағдай мәз емес. Эпидемиялық ахуалдан бөлек мұнда экономикалық қиындықтар да қылаң беруде. Еуропа елдері ішінде Италиядағы жағдай тым күрделі болып отыр. Өте қысқа мерзім ішінде мұнда ауырғандардың да, қауіпті дерттен көз жұмғандардың да саны күрт артып отыр. Дүйсенбі күні бұл елде коронавируске шалдыққандар саны 97 мыңнан, науқастан көз жұмғандар 10 мыңнан асып кетті.

Сонымен Италия қалай ірі індет ошағына айналды? Мұнда неге көп адам өліп жатыр? Итальяндықтар қай жерден мүлт кетті? Осы сұрақтар төңірегінде әлемдік БАҚ материалдарына шолу жасап көрдік.

Италияны мысалға алуымыз бекер емес. Елдің Ломбардия провинциясында өткен аптаның басында вирус жұқтырғандар саны 2000 адам болса, апта соңына таман олардың саны 32 мыңнан асып кетті. Кейін вирус жұқтырғандар санының өсуі ресми статистикада төмендегенімен, шынайы жағдай күрделі болып отырғанын айтады Италияның жалпы тәжірибе дәрігерлері федерациясының баспасөз хатшысы Паола Педрини.

«Инфекция жұқтырғандардың елеулі бөлігі тестілеуден тыс қалғандықтан статистикаға енбейді. Егер біз алғашқы апталарда инфекция жұқтырғандар санының нақты көрсеткішін ресми деректерден бес есе жоғары есептесек, қазір бұл алшақтық 10 еседен артып кеткені сөзсіз», — дейді ол.

Егер Италияда жалпы науқастардың 75 пайызына Covid-19диагнозы қойылғанын ескерсек, Педрини болжамына сай мұнда қауіпті вирус жұқтырғандар саны жалпы әлемдік көрсеткіштен асып түсіп, миллионға жеткен болуы да мүмкін.

Қатерлі вирус Италияда неге осынша қарқын алды? Бұған бүгінгі таңда нақты жауап айтылмады. Бір бірін толықтыратын бірнеше нұсқа талқылануда.

Италияда Covid-19жұқтырды деген диагноз алғаш 20 ақпанда Ломбардияның Кодоньо қаласында қойылыпты. Ол уақытта әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 70 мың адам шамасында және олардың 70 пайызы Қытай аумағында тіркелген еді. Бір айдан кейін Италияда коронавирус шеңгеліне іліккендер саны 50 мың адамға жетіп, 4 мыңнан астам науқас көз жұмды.

Жағдайдың бұлай өрбуін итальян ғалымдары вирус жұқтырғандардың дер кезінде және толық анықталмауымен түсіндіреді. Олардың пайымдауынша, әрбір анықталмаған вирус тасымалдаушы осы уақыт ішінде кемінде үш адамға вирус жұқтырған.

Осы ретте тексеруден өткендердің орташа жасы тексерілгендердің ең кішісі 1 жасар нәресте болса, ең үлкені 101 жастағы әйел екеніне қарамастан 69 жасты құрағанын қаперде ұстау керек. Науқастардың жартысына жуығы ауруханаға жатқызылып, әрбір бесінші науқас жансақтау бөліміне ауыстырылған.

Эпидемиялық ахуалды зерттеушілер індеттің күрт өршу мерзімін дәл болжап айтпағанымен, 20 ақпаннан ерте басталған деген тоқтамға келіп отыр.

Филадельфия университетінің профессоры Энрико Буччи инфекцияның таралуының біршама нақты хронологиясын ұсынды. Оның сөзінше, SARS-CoV-2 Италияға былтыр желтоқсанның ортасына дейін жеткен. Буччи бұл аргументін алғашқы диагноз қойылғаннан кейін бір аптадан соң жариялады. Профессор өз зерттеуінде желтоқсанның соңғы аптасында Кодоньодан бірнеше шақырым жердегі Пьяченца қаласының ауруханасында бір уақытта өкпесі қабынған қырықтан астам науқас ем алғанына назар аудартады. Ақпанның аяғында пневмониядан емделіп шыққан пациенттерден жаңа коронавирусқа антидененің анықталуы ма профессордың күдігін растай түсті. Ол бұл адамдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирусқа атау бергенге дейін-ақ Covid-19 вирусымен аурыпы шыққан деген қорытындыға келді. Яғни, эпидемия Италияда ресми жарияланғанға дейін ол екі айдан астам уақыт білінбей тарай берген.

Италияға коронавирус нақты қашан барғанын қазір дөп басып айту қиын. Алайда, генетикалық талдаулар оның шынымен Қытайдан жеткенін көрсетті.

Еуропаның басқа елдеріне де вирус былтыр желтоқсанның басы немесе ортасында барды деп шешім шығару қиын. Бірақ Италияда оның мықтап орныққаны сөзсіз. Соңғы жылдары бұл елде маусымдық тұмаудан қайтыс болу, әсересе егде жастағы кісілер (65+) арасында, орташа еуропалық көрсеткіштен жобамен екі есе асып түсіп жүрді.

Былтыр қараша айында итальяндық дәрігерлер 2013-2017 жылдар аралығында тұмау эпидемиясы қалыптасқан «нормадан» артық 70 мың адамның өмірін жалмағанын есептеп шығарды. 2016-2017 жылдары Италияда тұмаудан көз жұму деңгейі 100 мың адамға шаққанда 40 адамнан асқан. Салыстырар болсақ, әлем бойынша сүт безі немесе қуық асты безі қатерлі ісігінен қайтыс болудың орташа деңгейі 100 мың адамнан 10 адам болса, безгекте бұл көрсеткіш 20, туберкулезде 25, АИТВ/ЖИТС-те 44 адамды құрайды.

Бұл көрсеткіштерді бірнеше себеппен түсіндіруге болады. Бірінші себеп – халықтың орташа жасы.

«Өлім-жітімнің жоғары көрсеткішін Италияда тұратын қарт кісілер мен науқастар санын ескерсек, күтпеген жағдай деуге келмейді» деп жазады зерттеушілер.

Өйткені, Германияда науқастардың орта жасы 45 жас болса, Италияда 63 жасты құрайды.

Екінші себеп ретінде Италияда антибиотиктердің көп қолданылуы аталады. Бұл препараттар вирустарға қарсы тұра алмайды, бірақ, ауыр науқастардың жағдайын күрделендіріп жіберетін резистентті инфекциялардың пайда болуына жол ашады. Статистикаға сенсек, итальяндықтар Еуроодақтың басқа елдері тұрғындарынан антибиотикті бір жарым есе көп пайдаланады екен.

Яғни, коронавирус Италияда осындай өте қолайлы ортаға тап келді. Ал, эпидемияның кең тарауын көптеген сарапшылар Миланда 19 ақпанда өткен футбол матчымен байланыстырады. Ойынды тамашалауға 50 мыңға жуық адам сырттан келген көрінеді. Келесі күні коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталды.

PS. Көріп отырғанымыздай, коронавирус алдында мемлекеттік тәжірибесі зор, қоғамдық-саяси институттары жетілген, экономикасы мен технологиясы дамыған әлемнің озық елдері де қауқарсыздық танытты. Алыс-беріс, барыс-келіске ашық алпауыттардың өзі қысқа мерзім ішінде өкпесі қабынып, өлім алдындағы күйге жетті. Қатердің күшеюіне «лидерлік бейқамдық» та әсер етпей қоймағаны анық. Бұл қауіп біздің елді де айналып өтпеді. Коронавирус жұқтырған алғашқы науқастар анықталғалы бері де жиырма күндей өтті. Осы уақыт ішінде Мемлекет басшысы ел аумағында Төтенше жағдай жариялап, сақтық шараларын қолға алды. Алғаш болып Елордамыз бен Алматыда карантин енгізілді. Шығыс пен Батыстағы жағдайды жіті бақылап, жан-жақты саралай келе қабылданған Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімін дұрыс деп отырғандардың қарасы көп. Жиын-тойдың доғарылып, жүріс-тұрыстың шектелгені кімге ұнай қойсын, түрлі қауесет таратып, сақтық шарасынан қисынсыз астар іздеп жатқандар да жоқ емес. Бастысы бейқамдыққа салынып, бармақ тістегеннен ерте қамданып, етек-жеңімізді жиып алдық. Бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Дархан МҰХАН

18:40
517

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020