ІСПЕН ҚАБЫСПАҒАН СӨЗ ҚҰНСЫЗ

Халық арасында показуха атанып кеткен көзбояушылық пен сөзі бір басқа, өзі бір басқа болып жүру індеті қоғамның аллергиясына айналғанмен кейбір саясаткерлердің бойы мен ойынан шығар емес. Теледидарда айтқанына өмірдегі әрекеті қарама-қайшы келіп жататындардың қатары әлі де қалың. Дегенмен «сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей әр аймақтан шыққан шыншыл, халықшыл азаматтар да жоқ емес. Бірақ, осы сеніп жүрген серкеңнің екі стандарттық әрекетін көргенде көңілің жасып-ақ қалады екен.

Мамыр айының соңғы күні бір танысымнан «Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы кездесу жасайды екен» деген сөзді естігенде қайран қалғаным шын. Себебі Жезқазған аймағының бас газетін басқарып отырып бұл ақпаратты естімегенім және рас. Берік сынды демократия құндылықтарын жалауындай желбіретуімен бедел жинап жүрген саясаткердің әлдебір депутаттардың ескі тәсілімен жасырынғанға бергісіз жабық жиналыс жасағалы жатқаны оғаш көрінді. «Жасырынбаса ең болмаса БАҚ өкілдерін шақырмас па еді?», – деп ойлаймын ғой баяғы. Сенер-сенбесімді білмеген соң не де болса айтылып тұрған «Amanat» партиясы филиалының ғимаратына барып көрейін деп шешпеймін бе. Келсем дөңгелек үстелді айнала жайғасқан алты адамның ортасында мәжілісмен Берік Әбдіғалиұлы референдумның маңыздылығы жайлы сөзін бастап та кеткен екен. Амандаса сала отыра қалдым. Басқасы басқа Бекең Ата Заңымызға енгелі отырған өзгерістер туралы өзгеше бір сараптама жасайтын шығар деуге толық негіз бар ғой енді. Өкінішке орай ештеңе алған да, қосқан да жоқ. Сол күнделікті айтылып жатқанның аясында айналсоқтады да отырды. Сонда деймін-ау, билік пен халықтың ортасына алтын көпір болуға тиісті осындай атпал азаматтарымыз көзбояушылықпен, сөзбояушылықпен айналысса, Жаңа Қазақстан қалай құрылмақ?

Кездесудің соңына таман өзіне де айттым осы ойымды. «Ел үмітін арқалап жүрген азаматтың бірісіз. Жасырынбақ ойнап жүргеніңізге жол болсын», – деп. Сонда қызарақтап отырып айтқаны: «Ана бір жолы халықпен кездескем». Кездесудің тақырыбын тастай салып жеке басының шаруасын айтып кетті көбі. «Содан соң бұл жолы Қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесейін деп шешіп едім» болды. Мәселесін айтады деп халықтан қашқанша сол мәселе неге туындап отыр деп үңіле зерттеуі керек емес пе депутат кісінің. Және бір сұрақ қойдым. «Жезқазған-Ұлытау аймағы арқылы Парламентке бардыңыз. Кеше екі облыс бөлінген кезде жол берілген қиянатты көріп, естіп отырып неге шидің басын да сындырмадыңыз?» – деп. «Үкіметтік комиссиядан барлық жағдайды біліп отырдым. Бірақ әрекет істеп жатқанымды пиарит еткен жоқпын», – деді. Не ешқандай нәтижесі не ақпараты жоқ ол қандай әрекет болды екен? Ол жағын айтпады. Сөйтті де «Дотацияда отырған аудан, қалаларды қайтесіздер. Одан да шағын облыс тез дамиды ғой» дегенді қосты. 230 мыңға толмайтын халқы бар облыстың қалай тез дамитынын түсіндірмеді бірақ. Жобасы Бекең облысты немесе мемлекетті дамытпайтын халқының санының көптігі деп ойлайтын болса керек...

Осылай болды. Әлі де бола беретін сияқты. Ең болмаса сенгендеріміз сертінде тұрмаса, әрине, бола береді. Жаңа Қазақстан тезірек орнаса екен.

Әнуар ОМАР

14:58
1352

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020