Қажымұрат Ыбырайұлы НАҒМАНОВ 1948-2022

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қажымұрат Ыбырайұлы Нағманов дүниеден өтті деген қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып отырған жайы бар.

Қажымұрат Ыбырайұлының есімі елге мемлекетшіл тұлға, қарымды қайраткер, шебер ұйымдастырушы ретінде танымал болса, Ұлытауаймағының жұртшылығы үшін тіптен ерекше. Ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де біздің өңірдің халқы Қажымұрат Нағманов Жезқазған облысынбасқарған жылдарды ыстық сағынышпен еске алып, тебірене сыр шертеді. Оның себебі де жоқ емес. Еліміз егемендік алып, экономикада нарықтық қатынастар орнай бастаған ол жылдар өзекті проблемаларымен, төбеден жай түскендей күй кештіретін қиындықтарымен есте қалды. Ол сол қиын-қыстау кезеңде тығырықтан жол тауып, елдің еңсесін түсірмеді. Іскер басқарушы, ұтқыр ұйымдастырушы ретінде республика бойынша «шеру тартқан» құлдыраудан Жезқазған аймағын аман алып қалды. Облыс орталығындағы қаусаған құбырлар, қираған жолдар Қажымұрат Ыбырайұлының жанкешті еңбегі, жасампаз жетекшілігімен қысқа мерзімде қалпына келтіріліп, оның игілігін қала халқы әлі көріп отыр.

Қажымұрат Ыбырайұлы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіз ел ретінде уығын шаншып, керегесін кеңейтуге атсалысқан азамат. Егемендіктің алғашқы жылдарында Жоғарғы Кеңес депутаты, Қазақ мемлекеттік атом энергетикасы және өнеркәсіп комитетінің вице-президенті, Жоғарғы Кеңестің өнеркәсіп, көлік және коммуникация комитетінің төрағасы, Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімі лауазымдарында абыройлы еңбек етіп, ел Тәуелсіздігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. ҚР Көлік және коммуникация министрі, Президент кеңесшісі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті лауазымдарында жүріп, өз қарым-қабылеті мен білім, білігін ел дамуына арнады.

Адал еңбекпен күн кешіп, ел ықыласына бөленген Қажымұрат Нағмановтың ғибратты ғұмыры – болашақ ұрпаққа үлкен үлгі, ерен еңбегі ел тарихында алтын әріптермен жазылуға лайық.

Қажымұрат Ыбырайұлының есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Б. Әбдіғалиұлы, Э. Огай, Б. Шыңғысов, С. Қожамсейітов, Я. Асатов, В. Куприянов, С. Филипович, Р. Арыстанбаев, Т. Бүкіров, Ш. Асансейітов, Д. Жанботаев, Б. Мырзабеков, А. Рахұлы, Ә. Тәкішев, Н. Барбутько, М. Қазанбаев, Р. Идрисова, М. Мәдиева, Н. Нуриев, Б. Баймуханов, С. Медебаев, А. Ыдырысов, Ю. Бекхожин, Қ. Шайжанов, Т. Досаев. 

17:03
920

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020