«АУРАМЕД» БАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН КҮРЕСЕДІ

Міндетті әлеуметтік медициналық жүйесін енгізу балалар денсаулығын сақтауға және емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Қаржы көлемінің жыл сайын артуы елімізде жаңа оңалту орталықтарын, медициналық ұйымдарда оңалту бөлімдері мен кабинеттерін ашуға серпін болды. Бүгін Жезқазған-Ұлытау аймағындағы ерекше балаларға шарапатын тигізіп, сол арқылы көптің алғысын арқалаған медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсететін «АураМед» оңалту орталығына барудың сәті түсті.

Мұнда церебралды сал, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балалар оңалтудан өтеді. Орталық түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтерін ұсынады.

2018 жылы неврологиялық бағыт бойынша жұмысын бастаған «АураМед» балалар оңалту орталығы «Аурасервис» ЖШС құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Бас дәрігері – Денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары санатты дәрігер Бақыт Жидебайқызы Досжанова медициналық сақтандыру енгізілгелі оңалту орталықтарына деген сұраныстың айтарлықтай артқанын айтады.

45 балаға шақталған орталықта 2020 жылы – 559, 2021 жылы 516 бала оңалту бағдарламасынан өтсе, өткен жылы 510 кішкентай пациент ем қабылдаған. Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалы «АураМед» оңалту орталығымен 170 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.

Заманауи аппараттардың тілін ең алдымен қызметкерлер бес саусақтай білуі тиіс. Сол үшін оңалту орталығының басшылығы мамандардың біліктілігін арттыру мен оқытуға ерекше ден қойып отыр. Соңғы жылдардың ішінде «АураМед» мамандары баланы неғұрлым кішкентай кезінен оңалтудан өткізу және терапия түрлері бойынша Германия, Польша жәнеРесей ғалымдарының іс-тәжірибесін меңгеріп,іс жүзінде сәтті қолданып жүр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі оңалту орталықтарында медициналық аппараттар саны, емдеу тәсілдері көбеюде. Себебі балаларды емдеп, аяққа тұрғызып қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеу де маңызды. «АураМед» оңалту орталығы да заманауи технологиялармен жабдықталған,. Мұнда церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемнің үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері қолданылады. Мамандар аурудың ерекшеліктерін ескеріп, әр баланы қалпына келтірудің жеке бағдарламасын жасайды. Оңалту үшін қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары, атап айтқанда арнайы техникалық құралдар, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер пайдаланылады.

Оңалту ем-шарасы екі модуль бойынша жүзеге асырылады. Олар – психологиялық-педагогикалық және медициналық модульдер. Алғашқы модуль бойынша жоғары кәсіби мамандар, атап айтқанда невролог, реабилитолог, травмотолог, педиатр, ортопед пен психиатрлар кешенді емдік шараларды қолдану арқылы баланың жағдайын жақсартуға ат салысса, екінші модульде психолог, логопед, дефектолог пен эрготерапевт мамандары бірлесе арнайы оқу-әдістемелік бағдарламалар аясында науқас балаларды өмірге бейімдейді.

Айта кету керек, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен сақтандырылған. Олар МӘМС тізіміне кіретін медициналық қызметтердің барлық спектрін тегін алуға құқылы. Соның ішінде медициналық оңалту да бар. Бұрын ата-аналар балаларын порталға қойып, оңалтудан өту үшін кезегін айлап күтетінін алға тартқан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Әлібек Бердібеков қазір пациенттер оңалту қызметтерін көрсететін мекемені өздігінен таңдап, тіркелген емханасындағы учаскелік дәрігердің жолдамасымен баратынын айтты. Жолдаманы пациенттің құжаттары толық дайын болғанда, учаскелік дәрігер жоспарлы түрде күндізгі стационарға «емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы ресімдейді. Әрі қарай Оңалту орталығы стационарға жатқызу күнін растайды.Қабылдау күні пациент және оны күтіп-қарайтын адам Оңалту орталығына қажетті талдаулармен және құжаттар тізбесімен келеді, орталық әкімшісінде тіркеуден өтеді. Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

08:16
129

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020