​Ләззат РАНОВА: АХУАЛДЫ БАҚЫЛАУДА ҰСТАП ОТЫРМЫЗ

Әлемді алаңдатқан COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жарияланған ел аумағында төтенше жағдай бәрімізден тас түйін дайындықты талап етеді. Осы ретте қаладағы эпидемиологиялық жағдай мен індеттің алдын алу мақсатында қолға алынған шаралардың барысы жайында Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат РАНОВАДАН білдік.

–Ләззат Нәбиқызы, бүгінгі таңда медицина қызметкерлеріне жүктелген міндеттердің еселеп артқанын білеміз. Қауырт та қарбалас кезеңде оқырмандарды алаңдатқан сұрақтарға жауап беруге уақыт тапқаныңызға алғыс білдіреміз. Енді Жезқазғандағы жалпы ахуалды әңгіме өзегіне айналдырсақ.

– Жезқазған-Ұлытау аймағындағы жағдай тұрақты. Қазіргі таңда біздің аймақта коронавирус инфекциян жұқтырғандар тіркелмеді. Дерттің алдын алу және болдырмау мақсатында Жезқазған қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитарлық-профилактикалық іс-шаралар кешені әзірленіп, эпидемиологиялық жағдай туындағанда қолданыналатын шаралар легі қабылданды. Атап айтар болсақ, Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің Сәтбаев қаласында орналасқан Жезқазған бөлімшесінде 80 провизорлық төсек орын дайындалды. Бұған дейін мұнда ем қабылдап жатқан науқастар түгел Қарағанды облыстық туберкулез диспансеріне ауыстырылды. Карантин кезінде туберкулез ауруын қоздыратын таяқшаларды жұқтырып алу қаупінің мүлде жоқ екеніне назар аударғым келеді. Өйткені, диспансер толығымен залалсыздандырылды. Ағымдағы жөндеуден өтті. Күнбе-күн емхана кварцталып, ылғалды дезинфекция жасалады.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы жанынан да коронавирустық инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды провизорлық емдеуге жатқызу үшін 20 орындық резервтік төсек бөлімшесі жасақталды. COVID-19 вирусы пайда болған жағдайда Сәтбаев қаласының № 1 орталық ауруханасы жанынан ашылған инфекциялық бөлімшеде арнайы дайындалған инфекциялық және реанимациялық төсектер де іске қосылмақ. Дәрігерлер бригадасы, орта және кіші медицина қызметкерлері арнайы дайындық курсынан өтті. Қажетті медициналық препараттар мен дезинфекциялық құралдарының қоры да жеткілікті. Сондықтан, тұрғындарды дәрігерлердің дайындығы жоқ, вирусты жеңуге қауқарсыз деген ойдан аулақ болуға шақырамыз.

–Жақында шет елдерге шығып келген тұрғындарды қатаң бақылауға алғандарыңыздан хабардармыз. Олардың жалпы саны қанша, жағдайлары нешік?

– Коронавирус инфекциясы кең тараған елдерден келген адамдарға тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр. Оларға провизорлық бөлімшелерге орналастыру немесе үй жағдайында оқшаулау шаралары қолданылды. Медициналық бақылауға алынғандар арнайы сауалнама толтырып, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлері жүргізген медициналық тексерулерден өтті. Күні бүгінге дейін провизор бөлімінде 41 адам болды. Жүргізілген медициналық талдаулардың теріс нәтижесінен кейін 38 адам үйіне шығарылды. Сонымен қатар, үй карантиніне 43 адам алынды. Қоңырау шалу әдісімен медициналық бақылауда тағы 13 адам бар. Олардың денсаулығы бір қалыпты деп бағалауға болады.

–Алдын алу шараларына оралсақ.

–Ауыр індетті ауыздықтап, еліміздің өзге аймақтарына таралмауын қамтамасыз ету мақсатында жауапты мекемелердің бәрі күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін білесіздер. Біз де, яғни денсаулық сақтау саласының қызметкерлері тәулігіне 24 сағат күзет сапындамыз. Жезқазған-Қарағанды мен Жезқазған-Қызылорда бағытындағы жолда екі санитарлық блок-бекеттер белгіленген. Бекеттердің қызметкерлері екі ауысымда 12 сағаттан жұмыс істейді. Блок-бекеттер COVID-19 вирусының таралуына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында елде жарияланған төтенше жағдай шеңберінде қойылған міндеттерді сапалы орындау үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Олар қалаға кірген әр азаматтың дене қызуын тексеріп, коронавирус дерті белгілерінің бар-жоғын анықтайды. Медицина қызметкерлері үшін жайлы вагондар орнатылған. Онда ауысымдағы қызметкерлер демалып, тамақтана алады. Қазіргі уақытта блок-бекеттер тәулігіне 4 рет берілетін тамақпен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 21 наурыздан бастап, күн сайын құрамына Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің қызметкерлері, медицина қызметкерлер бригадасы және көлік бойынша санитарлық дәрігер кіретін арнайы топ біздің қалаға пойызбен, автомобиль көлігімен немесе ұшақпен келетін жолаушыларды қарсы алып, олардан сауалнама алып, медициналық тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жолаушылардан алынған мәліметтер Жезқазған және Сәтбаев қалаларының санитарлық сараптама мекемесіне жөнелтіледі. Олар өз кезегінде белгіленген алгоритм бойынша одан әрі жұмысты ширата түседі. Бұл коронавирус жұқтырғандармен және осы инфекция тараған елдерден келгендермен байланыста болған адамдарды шұғыл анықтау мақсатынан туындап отырған қажеттілік. Сондықтан, уақытпен санаспай, бастарын тәукелге тіге отырып, жерлестерінің саулығы үшін қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегіне құрмет қарап, тұрғындар түсіністік танытса дейміз.

–Медициналық маскалар қат болады деп кім ойлаған. Аталған мәселені шешу үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

Шынында, Жезқазған қаласында да бүкіл ел аумағында секілді медициналық маскалар мен антисептиктердің тапшылығы сезіліп тұр. Дегенмен, Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы және жергілікті жерлердегі жауапты органдар маска тапшылығын жоюды күнтәртібінен түсірмей отыр. Маска шығаратын «Мерей МФ» ЖШС біртіндеп өндіріс қарқынын үдетуде. Қазіргі таңда қарағандылық кәсіпорын күніне 40-50 мың маска тігіп жатыр. Алайда, облыстың құрамына енетін 9 қала мен 9 аудан барын ескерсек, маска жетіспеушілігінің туындауы заңдылық. Жезқазғанның әлеуметтік дәріханаларына (Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы, Жезқазған қаласының емханасы (ауруханалар қалашығы) 23 наурызда 6 мың дана маска мен 180 литр антисептик жеткізілді. Және сол күні олар сатылып алынды. «Бізге 15-20 мың дана маска керек» деп күнде тапсырыс жасағанмен аптасына бір рет жеткізілетін олардың саны аз. Соңғы рет жеткізілген маскалардың белгіленген бағасы 80 теңгені құрады. Бағаның өсуі шикізаттың қымбаттауымен байлансты.

Енді қала тұрғындарында «Неге масканы міндетті түрде «Мерей» ЖШС-дан сатып алу керек» деген сауал туындауы мүмкін. Бүгінгі таңда басқа фирмалар біздің тұтынушыларымыз үшін қолайлы баға ұсына алмай отыр. Олар ұсынған маскалардың бағасы 180-200 теңге немесе тіпті жоғары. Ал, бұл баға өз кезегінде әлеуметтік дәріханалар үшін тиімсіз. Айта кету керек Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын реттегенмен, медициналық бұйымдарға шекті бағалар белгілей алмайды. Ал, маскалар сол медициналық бұйымдар тізіміне жатады. Дей тұрғанмен біз бағаны ұстау және негізсіз көтерумеу жөнінде бизнес құрылымдармен түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргіземіз.

Жеке дәріханалардың маскаларымен қамтамасыз етілуіне келетін болсақ, бұл мәселені олардың әкімшілігі шешеді. Айта кету керек, дәріхана иелерінің басым көпшілігі маскаларды өзіндік құны бойынша сатуға дайын. Бірақ қазір жеткізушілер ұсынған бағаларда өсім байқалады. Оған жол шығындарын қосса, 2-3 сағаттық маскалардың құны шарықтап шыға келеді. Сондықтан дәріхана иелері маскалардың бағасы тұрғындардың қалтасын қағып, сатылмай қалады деп күдіктенеді.

Тұрғындардың әлжуаз тобын маскамен қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін тауып жатқанын жақсы білесіздер. Осы ретте бейжайлық танытпаған белсенді жезқазғандықтардың бастамасы бас июге тұрарлық. Олар көп рет пайдалануға жарамды маскаларды тігіп, оны мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға таратып жатыр. Сонымен бірге, Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы маска тігу үшін тегін 15 000 метр дәке бөлді. Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе осы дәкеден маска тігетін еріктілердің тізімі жасалды. 27 наурызда тігіліп басатлған маскалар 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге және егде адамдарға арналмақ. Аталған маскалардың дайын болғанда жоғарыда аталған санаттағы тұрғындар өздерінің отбасылық дәрігерлік амбулаториясынан немесе емханасынан тегін алатын болады.

–«Сақтансаң, сақтайды» дейтін халықтың өкіліміз ғой. Сондықтан, әрбір тұрғынның көкейінде «қайтсем ауырмаймын?» деген сұрақ бар. Сіз не дейсіз?

–Көктемді ата-бабамыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы деп бағамдаса, дәрігерлер үшін наурыз-мамыр айлары авитаминоз кезеңі. Коронавирустың біздің елде таралғаны шағы дәл осы сәтпен тұспа-тұс келіп отыр. Қай дерт болмасын иммунитеті төмендерді айналдыратыны білгілі. Сондықтан, тұрғындар құнарлы әрі дәрумендерге бай тағамдарды, оның ішінде С, Д және Омега-3 дәруменді жеміс-жидек пен көкөністерді тұтынып, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Сонымен қатар, дене шымырлығын арттырып, спортпен айналысқаны да абзал.

Адам көп шоғырланатын көпшілік орындарға бармау, жеке бас тазалығын ұстану, үйі мен жұмыс орнын таза ұстап, залалсыздандыру, желдету аса маңызды. Үнемі маска тағып жүру қажеттігін айтып жатудың өзі артық. Медициналық маскалар 3 сағата ғана жарамды екенін естен шығармағайсыздар. Көп рет пайдаланатын маскаларды да үш сағат сайын кір сабынмен жуып тұру қажет. Далаға шыққанда және кіргенде масканы және қолды антисептикпен залалсыздандырып отыру қажет. Антисептик болмаса, медициналық спиртті пайдалануға болады. Тазартылмаған қолымен бет-ауыз айналасын ұстауға мүлде тыйым салынады. Далаға шыға қалған жағдайда бейтаныс адамдармен 1,5-2 метр қашықтықты сақтау керек. Қол беріп амандасуды да әзірше қоя тұруға тура келеді. Көбірек су ішіп жүргеннің де пайдасы мол. Байбаламға салынып, себепсіз алаңдаудың да зияны бар. Жоғарыда қамтылған барлық нұсқаулықтар орындалған жағдайда, ешқандай вирустен қауіп келмейді.

–Берген мағлұматтарыңызға рақмет. Елдің амандығы мен тұрғындардың саулығын сақтау жолындағы еңбектеріңізге толайым табыс тілейміз.

Диана ОРАЗАЛИНА

16:13
710

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020