ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫ - САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

«Бірінші байлық — денсаулық» демекші бүгінде қоғамды алаңдататын басты сұрақ — медицинаның қолжетімділігі мен сапалылығы. Өз жұмысын бастаған "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Ұлытау облыстық филиалы тұрғындардың мұң-мұқтажы мен өтініш-тілегін тыңдап, толғандырған сұрақтарына жауап беру үшін ауылдар мен қалаларды аралап, халықпен кездесуде.
Кеңгір, Малшыбай мен Талап селосының, сондай-ақ мысты өлке тұрғындарымен қала басшысы Қайрат Шайжановтың, ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен есептік кездесулерде сөз алған азаматтар өңірдегі өзекті кадр тапшылы мәселесімен қатар заманауи медициналық аппараттардың жоқтығын алға тартып, стационарлық көмектің деңгейін көтеруді, ұзын-сонар кезекті азайтуды талап етті. Есепте тұрғандарға берілетін тегін дәрі-дәрмектің жеткізілуінде де іркілістің бары жасырылмады.
Емін-еркін пікір алмасу форматында өрбіген жиында Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев, филиал директоры мен орынбасары Абылайхан Рахимов, Жезқазған қалалық емханасы директорының м.а. Әйгерім Мамина әр сұраққа жекелей тоқталып, түсініктеме берді.
Бір-екі айдың мұғдарында облыс орталығына торакалды хирург пен абдоминалды онкохирург келеді деген хабарды қуана қабылдаған тұрғындарға МӘМС жүйесін іске асырудың барысы мен саланы қаржыландыру тетіктері жайында кеңінен ақпарат беріліп, сақтандыру мәртебесін алудың мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен бірге, скринингтік тексерулердің әлеуметтік маңызы бар ауруларды алдын алудағы рөлі жайында алға тартқан медицина саласы қызметкерлері жиналғандарға ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керектігіне ой салды.
Естеріңізге сала кетсек, Жезқазған қаласы, Омаров көшесі 7 үй мекенжайы бойынша орналасқан Қор филиалына әр тұрғын өзін мазалаған МӘМС мен ТМККК пакеттері туралы сауалдарды жолдап, медициналық қызметтің сапасына шағым түсіре алады. Пациенттердің құқығын қорғауда алдына жан салмайтын Қорда бірыңғай байланыс орталығы: 1406; Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы; fms.kz сайты жұмыс жасайтынын біле жүргейсіздер.
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН
08:13
108

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020