АНА АТАНУ – ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ

Шуақты көктеммен қатар келетін Халықаралық әйелдер күні мерекесін Қарлығаш Любенчук биыл ерекше күтті. Өйткені, ол мейрамды алғаш рет “АНА” статусында қарсы алмақ. Жиырма жыл бойы зарыға күткен сәбиін бауырына басқызып, арманына қанат бітірген жас ананың ақ халаттыларға алғыстан басқа айтары жоқ.
–Мен 41 жасқа келгенге дейін өз қаражатыммен 3 мәрте ақылы түрде экоға бардым. Алайда, нәтижесіз. Сөйтіп, сағым сынып, тауым шағылды дегенде Сәтбаев қалалық емханасының мамандары қиындыққа мойымай, “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Расын айту керек, алғашқыда сенімсіздік басым болды. Жасым да біразға келіп қалған еді. Нар тәуекелге басып 2021 жылдың ақпанында кезекке тұрудың қамына кірістім. Осылайша, сол жылдың қыркүйегінде жүкті болып, биыл маусымда ана атандым. Ана атану оңай емес. Бұл бақыт біреуге ерте, біреуге кеш бұйырады. Дегенмен, “тағдырдың жазуы” сол екен деп қол қусыра, әрекетсіз отыруға болмайды, – дегенді алға тартқан Қарлығаш “бедеулік” пен “белсіздік” үкім еместігін айтады.
Шынында, талпынғанға табыс бар. Жыл сайын баласыз жүрген отбасыларға қуаныш сыйлауға мемлекеттен де қомақты қолдау көрсетілуде. Мысалы, биылдың өзінде Ұлытау облысында 111 отбасыға экстракорпоралды ұрықтандыруға тегін жолдама берілмек. Уақыт оздырмай ата-ана атамын дегендер алдымен репродуктологпен кеңесу керек. Бұл қызмет түрін ақылы немесе емханадағы гинекологтың жолдамасы бойынша тегін өтуге болатынын еске саламыз. Репродуктологтың тағайындаған барлық нәтижелері бар парақты пациент өз бетінше таңдаған ЭКҰ орталығында дәрігерлік-консультациялық комиссия қарауына ұсынады. Олар өз кезегінде ЭКҰ жасауға болатын болса, хаттаманы шығарады. Әйелдер консультациясы квота алуға үміткерлердің медициналық құжаттарын әзірлеп, Денсаулық сақтау басқармасына жібереді, онда комиссия өтінішті тағы қарайды. Рұқсат берілмеген жағдайда құжаттар пакеті емханаға қайтарылады. Оң шешім қабылданса, ерлі-зайыптылар кезекке қосылады. Осыдан кейін гинеколог емделушіге құжаттар пакетін қоса бере отырып, госпитализациялау бюросының порталында ауруханаға жатқызуға жолдаманы тіркейді. Осылайша, ерлі-зайыптылар квота алу үшін электронды кезекке тұрады. Бағдарламаға кіру кезінде ерлі-зайыптылардың МӘМС шеңберінде ЭКҰ-ға қарсы көрсетілімдері болмауы керек. ЭКҰ квотасы жылына екі рет беріледі. Бағдарламадан кейін жүктілік болмаса, кезекке қайта қосылу қажет болады.
Мерейлі мерекеде Қарлығаш Любенчуктің қуанышына ортақтаса отырып, оның ұлытаулық дәрігерлерге деген ыстық пейілі мен өлшеусіз құрметін жеткіземіз.
Әлемнің барша нәзікжандылары ана атансын деген тілекпен, үміттер үзілмей, отаудың оты сөнбесін демекпіз.
Өз тілшіміз
12:33
101

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020