​ҰЛЫТАУДА БҮЙРЕККЕ ЛАЗЕРМЕН ОТА ЖАСАЛАДЫ

Халық арасында “лазерлі” деп аталып кеткен оталарды бүгінде Ұлытау облысында МӘМС есебінен тегін жасау мүмкіндігі пайда болды. Жеке меншік клиникаларда құны шамамен 750 мың теңгеден басталатын медициналық қызмет Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханасының урология бөлімі пациенттеріне қолжетімді.
Бүйректегі тастарды, қуықасты безінің адеомасына тілік жасамай 1 см-ге жетер-жетпес тесік жасау арқылы емдеп жүрген Сәбит Атабаев:
–Мұндай операциялар 2022 жылы сатып алынған перкутанды нефролитотрипсия көмегімен жасалады. Бұл – бүйрек тастарын, соның ішінде маржан тәрізді шөгінділерді жоюдың өте тиімді және жарақатсыз әдістерінің бірі. Операция кезінде нефроскопты бүйрек қуысына тері арқылы енгізіп, тастарды лазер арқылы ұсақтаймыз да аламыз, – деді де науқастар небәрі 4 күннің ішінде отбасына қайта оралатынын жеткізді. Ертеректе пациенттердің ауруханада жату уақыты 10 күнге дейін жететін.
Ортаға аман-есен қосылғандардың бірі – Серік Мұхамбетқалиев. Оның бүйрегінен 4, 3 және 2 см тастар алынды. Әуел баста отаны порталмен Астанадағы алдыңғы қатарлы клиникалардың бірінде жасатамын деп жоспарлаған Серік Абайұлының жағдайы күрт нашарлағасын уақытты оздырмай жезқазғандық урологтарға сенім артты. Осылайша, науқастың үміті ақталып, ол дертінен алысқа бармай-ақ құлан-таза айықты.
–Бүйрек тастары 1,5 см-ден асқан жағдайда хирургиялық араласу қажет. Отаға көрсетілімі бар пациенттер тіркелген емханасындағы отбасылық дәрігеріне жүгініп, уролог кеңесіне жолдама алады. Біз өз кезегімізде УДЗ, КТ сынды қажетті талдауларды тағайындаймыз. Аталған сараптамалар да МӘМС шеңберінде тегін жасалатынын айта өткеніміз дұрыс болар, – деген Сәбит Қасымбекұлы порталды күту уақыты үлкен қалалардағыдай ұзақ еместігін де жасырмады.
Аптасына жоспарлы түрде 3 науқасты қуықасты безінің аденомасынан, айына 2-3 тұрғынды бүйрек тас ауруынан емдеп жүрген урология бөлімінің ұжымына Серік Мұхамбетқалиевтің ризашылығын жеткізе отырып, ерлікке пара-пар еңбектеріне табыс тілейміз.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы
15:54
107

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020