СӘКЕН СМАҒҰЛОВ: "ДІН МЕН МЕМЛЕКЕТТІ БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН НӘРСЕ – ҚОҒАМ"

Бүгінгі қоғам үшін дін мен мемлекет тақырыбы өте өзекті болып тұр. Осы мақсатта нақтылы егжеп-тегжеуді қажет ететін тұстар да жетерлік. Көптен көкейде жүрген мәселелер бойынша «Кәсіпқорған» кәсіподағында техникалық инспектор Сәкен СМАҒҰЛОВПЕН жүздесіп, әңгіме өрбіткен болатынбыз .

– Дін мен мемлекет арақатынасында дінге басымдық бергені дұрыс па?

– Қандай жағдай болмасын, дін мен мемлекетті бөліп қарастыруға болмайды. Дін адаммен бірге жасасып келеді. Мысалы, сонау кеңестік кезеңде де мүлде дін болмады дей алмаймыз. Сол кезеңнен қалған қаншама храмдар бар. Кремльдің өзі діни мақсатта салынған ғимарат. Тіпті алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бастап адамдардың ішінде белгілі бір деңгейде жаратушыға деген сенім болғаны анық. Дінді де, мемлекетті де тоғыстыратын нәрсе – қоғам. Осы екеуі де қоғамға қызмет етеді, екеуі де қоғам мүшелерімен тығыз жұмыс істейді. Ел арасында: «90 жылдардың басында барлық дін өкілдеріне есікті ашып алдық. Соның салдарынан жат ағымдағыларды елге кірді» деген пікір жиі айтылады. Өз басым бұл сөзбен келіспеймін. Меніңше, ондай дәнеме де жоқ. Біз ешкімге есікті ашып, ешкімді қасақана кіргізгеніміз жоқ. Тек қана Тәуелсіз ел атандық. Соның ішінде өзімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратынымызды әлем елдеріне ашып айттық. Еліміз зайырлылық жолды таңдап отырғандықтан, оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына берілуі өте орынды. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білетін адам, қоғам, мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды. Жалпы, құқықтық мемлекет – конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет екені белгілі. Біз анархиялық немесе монархиялық жолдағы мемлекет деген жоқпыз. Англия, Дания, Швеция, Италия сынды өркениеттің алдыңғы жағында тұрған мемлекеттердің өзі өз конституцияларында дінге басымдық беріп қойған. Көп елдің басшылары өз билігіне лигитимдік беру үшін дінді пайдаланады. Қиыр Шығыс елдеріндегі жағдайды бәріңіз білесіздер. Ирак, Сирия, Ауғанстан сынды мемлекеттер қазір талибан содырларының қолында. Ал біздің мемлекетіміз дінді билікті сақтау мақсатында пайдаланған жоқ. Біз көбіне Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екендігімен мақтанамыз. Елімізде 130-дан астам этнос өкілі, 40-тан аса конфессия бар дегенді жиі айтамыз. Меніңше, бұл мақтанарлық жайт емес. Себебі, мемлекетте тұратын ұлттар саны әр түрлі болған сайын, олардың арасында туындайтын шиіленістер де жиілейді. Әрине, еліміз осындай даулы мәселелердің алдын алу мақсатында біршама жұмыстар жүргізіп отыр. Соның нәтижесінде біз өз тыныштығымызды сақтап отырмыз. Әйтсе, де әлеуметтік желілер арқылы кейбір тұрғындардың аузынан әр түрлі жағымсыз, қазақ халқының ар-намысына тиетін пікірлерді естіп, бір кіжініп қалатынымыз да жасырын емес. Бұны неге айтып отырмын? Жалпы көп ұлт болған жерде әр түрлі діндердің де болатыны ақиқат. Көпэтносты мемлекет деген – көп дінді мемлекет деген сөз. Осы тұста еліміздің діни емес, ұлттық бағытқа басымдық беріп кеткені қуантады. Басты титулды ұлт – қазақтар. Әйткенмен, Қазақстан өз аумағында басқа да ұлттардың өмір сүретіндігін ескере отырып, олардың дініне де рұқсат берді. Сол бір Тәуелсіздікке енді қол жеткізген жылдары еліміз дінге басымдық беріп, елдегі жалғыз дін ретінде ислам дінін ғана қабылдағанда қазіргі көп елдерде болып жатқан діни қақтығыстар бізде осыдан отыз жыл бұрын басталып кеткен болар еді. Ал ондай жағдай орын алғанда біздің бүгінгідей тереземіз тең, керегеміз кең қалыпта өмір сүруіміз екіталай болар еді.

Кейде біздің ұлттық санамызда бір масылдық бар сияқты көрінеді. Кейбір тұрғындардан әр жұма сайын әкімдік мешіт жамағатына автобус тасымалын ұйымдастырып беруі керек дегенді естіп жүрмін. Неге оны әкімдік ұйымдастыруы қажет? Демек, ислам жамағаты үшін бөлек көлік қозғалысы ұйымдастырылса, басқа дін өкілдері үшін де дәл сондай жағдай жасалуы қажет. Ал біздің тек мұсылмандарға ғана сондай мүмкіндік ұсынуымыз орынды ма? Бұл біздің Конституциямыздағы ұстанымымызға қайшы емес пе?! Осыдан біраз жыл бұрын осы сала бойынша жұмыс істеп жүргенімде, мешіт имамдары жалақының аздығына жиі шағым айтатын. Сонда мен оларға осы жолды таңдап келдіңіз ғой, сол мақсатта жұмыс істеңіз, қаражат жағын да мемлекет емес, өздеріңіз табудың амалын қарастырыңыздар дегенді жиі айтатынмын. Айтпағым мемлекеттің негізгі қызметі – реттеушілік. Біздікі сияқты демократиялық, зайырлы мемлекетте дін емес, адамдар құқығы басты орында тұруы – заңдылық.

– Қазақстан «Ислам мемлекеті» атты лаңкестік құрылымының қатарында болған 600-ге тарта азаматын елге қайтарған әлемдегі бірден-бір ел. Осы мақсатта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жусан» операциясы жүзеге асты. Жат жерде талай сынақтарды бастан өткеріп, адам төзгісіз азапты бастан кешіп оралғандар қатарында жезқазғандықтар, сәтбаевтықтар да бар. Олардың көбісі – әйелдер мен балалар. Мемлекет олардың қоғамға бейімделуі үшін барынша жағдай жасады. Десе де әлі де, сол бұрынғы пікірінде қалып, әлі де теріс ой жетегінен арыла қоймағандары бар. Ол аналар да бала, ұрпақ тәрбиелеп отыр. Осы тұста еш кеткен еңбек деген ой туындамай ма?

– Ұмытпасам, Сириядан өз халқын алып шығуға ниет білдірген төрт-бес мемлекет қана. Оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Франция бар. Франция да балалардыболмаса, әйел адамдарды алып шығуға құлықсыздық танытты. Ресей болса, керісінше саясатты ұстанды. Олар жалпылама аумақты бомбалау, жарып жіберу стратегиясын қолдады. Сол кезде Ресей президенті Владимир Путин бірде-бір адамды тірі қалдырмайтындығын баса айтқан еді. Себебі ресейліктердің діни экстремистерден көрген азабы аз емес еді. Тым жақсы тәуелсіздікке ұмтылған шешен халқының да ингуштармен соғысында жат ағымдағылардың араласуы нәтижесінде бүкіл арман-мұраты жоқ болды. Экстремистердің араласуы нәтижесінде соғыс форматы да өзгеріп кеткен болатын. Біз, Қазақстан, өз халқымызды Сириядан алып шығамыз дедік. Бұл, біріншіден, ресейліктер секілді террорлық қақтығыстың ащы дәмін татпағандығымыздан болар. Екіншіден, әрине, біздің ішкі гуманизміміз жеңіп кетті. Демократиялық, еркін, өз халқын бәрінен артық санайтын мемлекет ретінде біз өз халқымызды құтқаруды міндетіміз санадық. Ұлтымыз үшін ет жүрегіміз елжіреп тұрды. Бұл жерде мемлекет тағы да сол өзінің реттеушілік қызметін орындады. Басты байлығымыз адам және адам денсаулығы екенін назарға алдық және сол соғыс алаңында жүргендердің Қазақстан азаматы ретінде азаматтығын ешкім жойған жоқ. Өз кінәсін мойындап, елге оралған ер азаматтар жазаланды, темір торға тоғытылды. Әйелдер мен балалардың сол соғысқа қатысы барын ешкім де дәлелдей алмайды. Сол себепті олар қайта бейімделуге жөнелтілді. Мемлекетіміз балалар мен әйелдер психологиялық қорқыныштан арылып, қоғамнан өз орнын табуына жәрдемдескісі келді. Бұл жерде тендер мәселесінде жұмыстың жүйеленбеуі бар. Әйткенмен, адам шошырлық жағдайдан тыныш өмірге оралған азаматтар Қазақстан билігіне алғыс айтуы қажет деп ойлаймын. Мүмкін қазір түсінбес, бірақ сол Сириядан оралған балалар, ақыл-ойлары толық жетіліп, толысқан тұста бомбалы далада аш-жалаңаш жүгіріп, өмір үшін күресу мен білім-ғылымы дамыған елде өмір сүрудің, бейбітшіліктің, «ерім» деген елдің қадірін түсінеді деп ойлаймын.

Осыдан 6-7 жыл бұрын жат ағым десе төбе шашымыз тік тұрып, бойымызды бір үрей билейтін еді. Ондай ортадан, оларды насихаттаушылардан бойымызды аулақ ұстауға тырысатынбыз. Қазіргі таңда әр түрлі діни сенімді, теріс бағытты ұстанушылардың қоғамға сіңісіп кеткендігі соншалық, біз үшін де бұл үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Бұл бара-бара өмір сүру дағдымызға сіңісіп, үйреншікті нәрсеге айналып кетеді деген қорқыныш жоқ па?

– Қазіргі таңда біз нақты анау сондай теріс бағытты ұстанады, оның ойы бізден бөлек деп ешкімді нұқып көрсете алмаймыз. Оған дәлел де жеткіліксіз болуы мүмкін. Не десек те, мұнымен құқық қорғау саласының мамандары айналысады. Егер де, мемлекет ашық түрде азаматтардың өмір сүру стиліне, деструктивті діни бағытына баға берген болса, әрине, біз де етек-жеңімізді жиып жүрер едік. Не десек те, мемлекет немесе халық, адамдардың киім кию үлгісіне қарап, олардың ойын, олар дұрыс жолда немесе теріс бағытта екенін анықтап бере алмайды. Ол біраз уақыт пен бақылауды қажет ететін шаруа. Ал бізге керегі білім. Соның ішінде діни білімге сауатты болуымыз қажет. Құран кітапты жатқа білмесек те, нақты шариғат заңдылықтарын дұрыс түсініп, дұрыс қабылдай алуымыз қажет. Сол кезде ешқандай да жат ағым өзімізге де, бала-шағамызға да зиянын келтіре алмайды. Ал терроризммен күрес ол – мемлекеттің міндеті.

– Қазіргі жастарды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Оны мойындау қажет. Соның ішінде бір назар аударарлығы – осы әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып жүрген өнер адамдары, блогерлер ішінде хиджаб киюдің көптеп насихатталып жатуы. Бұрынғыдай емес қазіргі таңда хиджабқа деген оң көзқарас қалыптасқан секілді. Осы қарқынмен кете берсек, еліміз алдағы 10-15 жылда әйел адамдары тек хиджаб киетін мемлекеттердің тәжірибесін қайталамасына кім кепіл?

– Әрине, олай болуы мүмкін жағдай. 50-60 жылдардағы Ауғанстан, Ирандықараңызшы. Олар да ғылым-білімді негізге алып жатқан мемлекеттер еді. Жаппай исламшылдықтың нәтижесінде бүгінгі кейіпке түсті. Қазір олар үшін әйел құқығы деген ұғым жоқ. Олардың пікірінше, әйел тек бала туатын, сексуалды қажеттілікті қанағаттандырушы ғана. Өз басым, блогерлерді аса білімді адамдар деп есептемеймін. Мүмкін олардың ашықтық, жаңа идеялар жағынан басқа адамдарға қарағанда артықшылықтары бар шығар. Әйткенмен, олардың бойынан мол білім мен азаматтық көзқарас дегенді байқамадым. Керек десеңіз, олар елімізде болып жатқан тарихи-саяси оқиғаларға қатысты нақты тұжырым жасай алмайды. Сол себепті әлеуметтік желідегілердің сөзіне ере берудің қажеті жоқ.

Өткенде бір блогердің жазбасын көзім шалды. Осылай да осылай, Меккеге бару керек, Қағбаны айналып, қажылықты өтеу – әр мұсылманның парызы деп жатып, сөз соңында қандай да бір туристік компанияны жарнамалап жіберді. Сөзіне сенсек, ол компания қажылыққа тегін апарып, алып келеді екен. Әдемі сөз, халықтың назарын аудару. Шын мәнінде ол блогердің негізгі ойы – жарнама жасап, өз қалтасын қалыңдату. Халықтың діни сенімін ойыншыққа айналдырып тұрғаны миына кіріп те шықпайды. Сол себепті мұндайлардың сөзіне құлақ түре берудің қажеті жоқ. Бастысы, ойымыз, ниетіміз түзу болса болғаны.

– Қазіргі жастар, әсіресе, оқушылар арасында ораза ұстаушылар саны артып келеді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

– Мектеп – білім беру ошағы. Осы тұста мемлекет өзінің реттеушілік функциясын дұрыс пайдалана алмай отырғандай көрінеді. Мектепте оқитын бала бірінші орынға дінді емес, білімді қоюы қажет. Бұл жағдайда мектеп басшылығы ата-анаға тоғыз ай бойы баланың денсаулығына, біліміне, тәрбиесіне мектеп ат салысатындығын нақты түсіндіріп, жазғы каникул мезгілінде қаза болған ораза күндерін өтеуге болатынын түсіндіру керек деп ойлаймын. Меніңше, физиологиялық жағынан енді жетіліп келе жатқан баланың денсаулығығын басты орынға қою маңызды.

Сізге соңғы сұрағым, әке ретінде ұрпақ тәрбиесінде нені ескеруіміз қажет деп ойлайсыз?

– Дін – біздің темірқазығымыз. Адамзат дінсіз өмір сүре алмайды. Дегенмен, біз білімді ұрпақ тәрбиелеуді назарға алуымыз қажет. Менің бір жиенім бар. Ол орыс мектебін үздік тәмамдады. Бес уақыт намазын оқиды. Еуропа елдерінде білім алды. Қазір магистратурасын оқып жүр. Сол бала қазақша жүз пайыз нақты, дәл, шебер сөйлейді. Көптеген тілдерді біледі. Ол өзін интернационал адам ретінде қалыптастырды. Жас болса да бас болып жүрген сол жиеніме қызыға қараймын. Өз балаларымды да солай тәрбиелегім келеді. Білесіз бе, Нобель сыйлығын алған ғалымдар арасында мұсылмандар саны өте аз. Біз бір үкімнің дұрыс, бұрыстығын талқылап отырғанда, әлем өркениеті ғарышты меңгеріп жатыр. Сол себепті бірінші кезекте, білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет деген пікірдемін.

– Мағыналы әңгімеңізге рақмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін.

– Сізге де рақмет!

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

16:24
200

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020