ӨЗ БИІГІН ҚАЛАМЫМЕН ТҰРҒЫЗҒАН

Бала кезімізде ауылға анда-санда Алматыдан ақын-жазушылар келеді. Ауылдағы клубқа үлкендермен жағаласа біз де жетеміз. Үлкендер астанадан келген азаматтардың айтқан әңгімесіне, оқыған өлеңдеріне сүйсініп мәз.

Біз болсақ, шығармаларын газет-журналдардан, өз кітаптарынан көріп жүрген ақын-жазушыларды көргенімізге мәзбіз. Не керек, бүкіл ауыл мәз.

Ақын-жазушылар кетіп қалғаннан кейін де ауыл адамдары бірталай уақыт әдебиеттің төңірегінде жүреді. Кенеттен келіп, кенеттен Алматысына кетіп қалатын сол бір ақындар мен жазушылардың әсерінен арыла алмай, бірталай уақыт өң мен түстің арасындағыдай күй кешіп жүретін біздің бала түсінігімізде «Ақындар мен жазушылар Алматыдай ғажайып қалада ғана болады» деген ойдың орнығып қалуы да заңды еді.

Балаң түсінігімізде тасқа басылғандай болып қалған бұл ойымыз арада бірер жыл өткен шамада бұзылды. Жазушылық Алматыдан өз ауылымызға қарай жақындай түсті. Анықтай айтқанда, Жаңаарқада Асан Жұмаділдин, Ағадырда Өмір Кәріпов, Жезқазғанда Апбаз Қаражігітов тәрізді жазушылар бар екенін, олардың кітаптары да Алматы жазушыларынан қалыспай шығып жататынын, олардың бәрі атағынан ат үркетін КСРО Жазушылар одағының мүшелері екенін білдік. Соны білген кезде бала көңіліміздегі арманға қанат бітті. Қолдағы қаламды нық ұстай бастадық. Өйткені Алматыдан басқа жерде тұрып та жазушы болуға болатынын түсінген едік. Сол үшін алдымыздағы ағаларымызға мың алғыс!

Аталған ағаларымның арасынан Өмір ағаммен сырттай хабарласып, ниеттес болып жүргенімізбен, өмірде жолымыз түсе қоймаған екен. Ал Асан, Апбаз ағаларыммен жүзбе-жүз пікірлесіп, көңіліңе қанат бітіретін жылы лебіздерін естудің реті талай орайласты.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары облыстық «Жезқазған туы» газетінде «Апбаз Қаражігітов» деген қолы қойылып, түйдек-түйдек мақалалары мен әдеби туындылары жарыса шығып жататын Апекеңмен алғаш кездесуіміз осыдан 30 жылдай бұрын болған екен.

Сол тұста еліміздің барлық аймағын қамтыған экономикалық қиындықтар Жезқазған қаласын да айналып өтпеген еді. Айлықтың уақытылы қолға тимейтіні аздай, дүкен сөрелеріне әредік-әредік түсетін азық-түліктің өзі талонмен берілетін. Алайда халықтың тірлігі күн сайын қиындай түскенімен, тәуелсіздік алған елдің рухы асқақ, ертеңге деген сенімі берік еді. Оның бір себебі қаншама жылдар бойы аңсай күткен ел арманының орындалуы болса, тағы бір себебі елге сөз арнап жүрген азаматтардың тұрмыс қиындығын бастан өткеріп жүрген жұртқа рухты сөздерімен демеу бола білуінде жатыр еді.

Сондай азаматтардың арқасында ел ішінде рухани сілкінулер, ұлттық болмысқа ұмтылу әрекеттері іске асып жатты. Қазақ тіліне құрмет артты, қазақ тілін үйренуге құштарлық күшейді, қазақ балабақшалары мен мектептері көбейе түсті, қазақ газеттері көптеп шыға бастады, айтыстар мен мүшәйралар жиі өте бастады. Міне, осындай өркенді істердің басы-қасында жүрген азаматтардың бел ортасында қаламгер Апбаз Қаражігітов бар еді.

Өнегелі істерге өріс ашып жүрген азаматтардың қатарындағы Апбаз ағамыздың қайраткерлік мінезін асқақтата танытқан әрекеті үскірген аязбен тыныстап, сірескен қарды құшақтап жататын қияндағы Магадан жерінен қазақтың аяулысы – Сәкен Сейфуллиннің зиратын іздеп баруы болды. Сапар барысында абзал ақынның зираты табылмағанымен, сол әрекеті арқылы ағамыз кеңестік-тоталитарлық жүйенің қанды қасабына ілігіп, жазықсыз ажал құшқан арыстардың артында іздеушісі, жоқшысы бар екенін танытты. Біле білсек, сол кезде жасы жетпіске жеткен Апбаз ағамыздың бұл әрекеті ерлікпен пара-пар еді.

Жалпы, Апбаз ағамыздың біз білетін өмірі толассыз ізденіс, тынымсыз еңбекке толы.

Өткен ғасырдың дүрбелеңге толы жиырмасыншы жылдарында қарапайым отбасында дүниеге келген Апекең сан қилы қиындықтарға үлкендермен қатар төтеп беріп, шыңдала жүріп, өмірдің өзінен сабақ алды. Маңдайыңнан сипап, өбектеп тұрмайтын өмір сабақтары болашақ жазушы үшін мол қазына еді. Өйткені өмір сабақтары адалдықтың қиянат көруінен, арамзаның асқақтауынан, әлсіздің қорлануынан, күштінің озбырлығынан, ізгіліктің шарасыздығынан, сұмпайының төрге озуынан, батырдың езілуінен, ездің дандайсуынан, әділеттің көз жасынан, ақиқаттың сұраусыздығынан тұратын. Өмірдегі ақылға сыймас осындай қайшылықтарды көре жүріп, болашақ жазушы осының сырын, себебін түсінуге ұмтылды. Өмірдің қатпар-қатпар жұмбағының шешімін туған халқының арғы-бергі сөзінен, тасқа басылған кітап беттерінен іздеді. Шешімін таптым деген өмір жұмбағы келесі бір сәтте жалт ете түсіп, басқа бір қырын алға тартқан кезде тағы ойланды, тағы ізденді. Сөйте жүріп, өзін мазалаған Өмір жұмбақтарын көркем бейнелерге айналдырып, қағаз бетіне түсіруді жөн көрді. Міне осылайша ой қуалаған бала Апбаз бойында ақындықтың, жазушылықтың ұшқыны тұтанған еді. Өмірден көргендері мен әсерлері, сезгендері мен ойға түйгендері жанын тыншытпаған ойлы бозбаланың жан-дүниесін мазалаған алуан күйдің қағаз бетінде өлең боп өрілуі де табиғи құбылыс болатын. Сан алуан сезім күйлерін қозғап, сана түпкірінен андыздай ұмтылған мың сан ойлар жас ақынның қаламынан өлең боп құйылды, баллада боп төгілді, поэма боп ақтарылды. Мың түрленген дүниедегі құбылыстардан сыр аңдай әсерленген ақынның көңіл түпкірінде шиыршық атқан қилы-қилы сезімдер мен жаңа өрісін тапқан ойлар қалың жұртқа поэзия тілімен үн қатты. Күнде қастарынан көріп жүрген «қара баланың» тосын жаңалығына оны танитын жұрт таңырқай қарады, оның шығармаларын газет бетінен оқыған бейтаныс оқырман жас ақынның алғашқы қадамына сүйсіне қарады, ендігі уақытта оның жазғандарын іздеп жүретін болды. Әсіресе өлеңсүйер оқырманның көңілінде жатталып қалған алғашқы поэзиялық туындылары өткен ғасырдың орта тұсында «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған «Жетім», «Тас жарған емен» аталатын поэма, балладалары болатын. Осылайща, Апбаз Қаражігітов аталатын жас ақынның әдебиет әлеміндегі жолы басталған еді.

Өмірдің өзегіндегі шындықпен суарылған өлең-жырларымен жарқ етіп танылып, оқырманын елеңдете күттіріп жүретін жас ақынның сергек болмысы уақытпен бірге толысып, өмірдің қатпар-қатпар шындықтарына бірте-бірте тереңдей бойлай берді, таным кеңістігі де ұлғая берді. Бір-бірімен қабыса, бір-бірінен туындай, күрдене беретін өмір құбылыстары жас қаламгерге шығармашылық жаңа кеңістік іздетті. Тапты. Тапқаны дүние сырын алуан-алуан қырынан көрсете, адам жаратылысын қыртыс-қыртыс қайшылықтарымен алға тарта, өмір шындығын бір-бірімен шырмауықтай шырмалып жататын құбылыстарымен орайластыра жеткізуге мүмкіндік ашатын қара сөз әлемі – проза болатын.

Сөз мүмкіндігінің қуатты күшін, қорғасындай салмағын сезініп, көркем сөзге деген құрметі мен жауапкершілігі тіпті арта түскен дарынды жас Апбаз Қаражігітовтің жазушылық жолындағы азапты күндері мен түндері басталды. Жұртпен әңгімелесіп отырып та ойланды, оңаша кездерінде де ойланды. Ойдағы өмір құбылыстарымен қатарласа, неше алуан мінезді кейіпкерлеріне жан бітіп, олардың жан сыры, мехнаты мен қызық-қуаныштары, үміттері мен армандары бір-бірімен байланыса, көркем шындыққа айнала берді. Ой тереңдеп, тармақтала түскен сайын қаламы да қайраттана түсті. Алдындағы ақ парақ бетіне алғашқы әңгімелері мен повестері жарыса тізіліп жатты. Оның жазушылық жолындағы алғашқы жемісі 1976 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Ақмоншақ» жинағы болатын.

Қаламгердің «Ақмоншақтан» басталған прозадағы жолы берекелі болды. Содан берідегі әр жылдар аясында «Шақпақ», «Әке дауысы», «Майқоңыр», «Қайран шеше», «Абыздар биігі», «Жанайқай» атты кітаптары жарық көріп, әдебиетке құштар оқырманның қолынан түспейтін дүниелерге айналды. Бұл кітаптарда жазушының әңгімелері, повестері, романдары қамтылды.

Жазушы Апекең өз қаламының қарымына кәміл сенген тұста әдебиеттің драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Баубек», «Сәкеннің атылуы», «Махаббат азабы», «Қияндағы жалғыз үй» драмаларын жазып, бұл дүниелері сахнадан көрініп, қалың көрерменнің құрметіне бөленді.

Қаламгер ретінде өмірдің қилы-қилы шындықтарын аша білген Апбаз ақсақалдың кейінгі туындыларының бірі «Абыздар биігі» деп аталады. Осындай туынды жазуы қажеттігін жазушының өзі де сезгендей. Өйткені сол туындысыарқылыөмірде асқақ биіктерге ұмтылу әр азаматтың парызыекенін алға тартқан жазушы Апбаз Қаражігітовтің өзі де бүгінде өз биігінен мәңгілік орнын алды. Ал ешкім таласа алмайтын бұл биіктің қаламгердің өз қаламының қуатымен тұрғызылған биік екені де анық. Толассыз өмір алға жылжыған сайын қаламгер Апбаз биігі де өз еліне, өз ұрпағына өнегелі жолды нұсқап, биіктей бермек.

Кенжебай АХМЕТОВ

15:34
244

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020