КӨШЕЛІ ОЙДЫҢ КӨСЕМІ

Өмір деген тоқтаусыз ағып жатқан өзен, ал оның арнасын әркім әртүрлі қасиетімен, біреу бойындағы өнерімен, Құдай берген дарынымен, кісілік және кішілік тұнған адамгершілігімен, инабатты мәдениетімен, енді біреу қайсар-қайтпас мінезімен толықтырады. Тәлімдік иірімі мол тұңғиық бұл сөзді журналист, саясаттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлытау өңірінің өрелі ұлы Кенжеболат аға Жолдыбай айтып еді. Өмір жайлы өсиет сөз айтқан ағамыз мағыналы өмір сүрді. Әттең, ғұмыр сағаты ертеректеу тоқтаған ғазиз жан туралы енді өткен шақта сөйлеуге мәжбүр екеніміз өзегімізді өртейді.

Терең білім мен биік парасат иесі еді ол. Кенжеболат Жолдыбай ағаны айтам. Ақпарат аламанындағы әріптестің күйін күйттеп, бас редакторлар клубын басқарғанда ағамен тығыздау араластық. Ол кісінің зейнет жасына таяғанында танысыппын. Зейнеткермін деп жүрген ол жоқ. Қашан көрсең елдік шаруада ұдайы белсенді алда жүретін. Қазақ жұрты ішіндегі қоғамдық-саяси жағдайға әрдайым құлағы түрік болды. Сол ісінен өнеге алдық. «Аға алдында мейіріңді көрсет, іні алдында пейіліңді көрсет» деген өміршең қағидаға өзі де берік болды. Бізді де берік болуға үйретті. Жастарға жақсылық тілеп, арқасынан қағып, лайым лебіздес боп жүруші еді. Өскелең өренмен дос болғаны да зор өнеге.
Қоғамға қозғау салған мәселеге орай қарымды қаламына маза бермейтіні көп есте. Өндіре жазды. Бейнелей айтсақ, «қалам тербеудің қомағайы» десек әсіре сөз болмас. Қай тұста да қоғамның осал тұсын тамыршыдай тап басып, дер уағында қалам сілтеп отырушы еді. Толғақты мәселеге үнемі үн қосатын.
Ойланып қарасам, Кенжеболат ағамен араласып жүріп, қай жердің тумасы, қай елден екенін де бір сұрамаппын. Ол да бізден соны сұрамайтынын енді ғана аңғарып отырмын. Сол арқылы ешкімді еліне, руына қарап бөлмейтін тегінің асылдығын аңдайтынбыз. Әкемізбен жасты Кенже аға журналист Қуат Әуесбай інім екеуімізді жақын тартып, ағалық пейілін білдіріп отырды. «Жаны жақсы ағаның етегін баспа жолын қу» дейтін айнымас ұстанымды құп көретін біз де інілік ізетімізден аянғанымыз жоқ.
Інім-ай, "үлкеннің алдын кеспе, елеусіз қаласың, кішінің жолын кеспе, көмусіз қаласың» дейтін халық даналығы бар, — деп еді бір әңгімесінде. Неге айтқанын білмедім. Сол кезде аса мән де бермеппін. Кейін есіме түсті. Бірақ сол оймақтай сөз жадымда жатталып қалғанына қарағанда әсері зор болған болуы керек.
Аға бақилықтың дүниесіне аттанғанда да бір рудың емес, бүкіл елдің әр түкпірінен азаматтар жиналды. Көпшіл еді ғой өзі де. Өмірден бір жыл бұрын ерте озған Жаһан Махмұтұлы есімді туған бауырына арнап, "Ғибратты ғұмыр" кітабын жазды. Кітапты науқас жүрсе де жазып үлгерді. Тұсаукесеріне ғана үлгере алмады. Ұлттық Академиялық кітапханада өткен кітап тұсаукесеріне түрлі саланың, әр қиырдың адамы келді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхамбет Көпей, Өмірзақ Озғанбаев, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев, белгілі жазушы, драматург, баспагер Жолтай Әлмашұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Зияткер ұрпақ» журналының бас редакторы Жәнібек Какей сияқты асқар бел азаматтар келді. Кенжеағаның нағыз елдің азаматына айналғанын аңдап едік сонда. Кітап тұсаукесерін Кенже ағаның кезінде өзі басқарған Бас редакторлар Клубы ұйымдастырды. Клуб президенті, қазақтың қайраткер қызы Бибігүл Жексенбай басшылығымен ізгі әрі сауапты іс атқарылған екен дестік. Жаны ізгі ағаның рухы шат болғанына шүбә жоқ.
Тұңғиық, терең адамгершілігі де мол азамат еді ғой Кенжеаға. Қалың ойдың тұманына тұмшалана отырып бір ауық ағаның өмірбаянын шола шықтым. Кенжеболат Жолдыбай 1951 жылғы 18 желтоқсанында Қарағанды облысының Жезді кентінде дүние дидарын көріпті. Жезқазған облыстық партия комитетінде экономикалық білім беру жөніндегі кеңесші, дәріскер, саяси ұйымдастырушы, қоғамдық пікірді зерттеуші тәрізді жұмыста, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары ретінде идеология және әлеуметтік мәселеге жауапты болыпты. Алғашқыда Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, кейінірек 1993 жылдан Жезқазған облысы жабылған 1997 жылдың мамырына дейін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық ұйымы төрағаларының орынбасары болды. Мемлекеттік тілдің жағдайына шыр-пыр болған ағасы «Тіл киелі дүние. Тілден айырылсақ, ұлттық қасиетімізден айырылғанымыз. Сондықтан арымыз, намысымыз, қанымыз, жанымыз – ана тілімізді ардақтай білейік» деп бәйек болып еді бір сөзінде.Тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлес қосқан азаматтың бірі деуге әбден лайық азамат еді.
Хакім Абайдың: «Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», деген сөзі бар. Осы орайда Кенже ағаның «Өз ақылың мен еңбегіңе сүйенгеннен абзалы жоқ деп санадым да, осынау қарапайым ұғымды басшылыққа алып, шама-шарқыма қарай көңілдегі үлкен арман, ұлы мақсатты ұштау үшін үзбей еңбек еттім. Өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көптеген жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Атап айтқанда, Жезқазған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру аймақтық комитетінде, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық ұйымы басқармасында, Ұлытау ауданы әкімдігінде қызметтер атқарғанда ел экономикасын нарыққа бейімдеуді, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне сәйкестендіруді, тарихтың талқылы да тартысты кезеңінде қазақ халқының кеткен қапысын түгендеп, еліміздің еңсесін көтеруді, ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұттым. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстарды атқаруда адамгершілігі зор, парасат-пайымы терең, зейіні зерек, зерделі азаматтардың көмектері мол болды. Мәселен, киелі Ұлытауды дүйім жұртқа танытуды көздеген «Ұлытау» ұлттық, әдеби, мәдени, тарихи-этнографиялық журналын қасиетті жердің сан ғасырлық тарихында тұңғыш рет өмірге әкелуге сол кездегі аудан әкімі Серік Тілеубайұлы, журналист-жазушы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Батырбек Мырзабеков үлкен үлес қосты. Сондай-ақ Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени дүниелерін, көне әдеби мұраларын қамтитын толық көлемді бейнефильмді жасау мақсатында арнайы ұйымдастырылған әуе десанты жұмысының сәтімен аяқталуына Жезқазған әуежай басқармасының басшысы Рысмағамбет Игіліков пен белді қызметкері Жақангер Рымбаевтың, телеоператор Сергей Майковичтің ықпалы айтарлықтай болды».
Тағылымы мол татымды жазбалардан түйетініміз Бауыржан Момышұлы айтқанындай, «ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмыла жұмыс атқарған» Кенже аға халық игілігі жолында атқарған жұмысын ешқашан меншіктеген емес. Қашан көрсең жұмыла орындалған іске ортақ болған азаматтардың атын атап кетуді ұмытпайды. Яғни, ол «өзім болдым, өзім толдым» дейтін кертартпалықты ешқашан құп көрген емес.
Кенжеаға Жезқазған өңірі аясында ғана емес, ел ауқымында да қоғамдық және мемлекеттік қызметте айшықты қолтаңбасын қалдыра білді. Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторы орынбасары, «Заң АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігі жетекшісі, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат» ұлттық компаниясының вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігінің бас директоры, «Еуразия+ОРТ» бас директорының кеңесшісі, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті ретінде де салған ізі сайрап жатыр.
«Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай» деп ақиық ақын Қасым Аманжол жырлағандай, Кенже ағамыздың өмірден озғанына бір жылдан зулап өте шыққан екен. Ағаның өз жоқ болса да күндіз-түні тынымсыз жазған көсемсөз мақала, очерктері дәтке қуат, көңілге медеу екен. Көшелі сөздің бірін қаламгер «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп айтыпты: «Адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы оның өскен ортасына байланысты. Біздер күн иісі сіңіп, жусан иісі аңқыған қазақы топырақта өстік. Сондағы қариялардың жоғары білімі болмаса да, сол сауаттан артық даналығы мен өмір тәжірибесі болған. Сол даналық бізді аялады» (egemen.kz, Кенжеболат Жолдыбай: «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар»). Кенжаға дала даналарынан өнеге алған болса, біз Кенжағаның жазбаларынан ғұмыр ғибратын көрдік. Соған жұбанамыз.
ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты, журналист.
17:11
494

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020