​ЖАНДЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ

Жасыратын несі бар, жыл сайын мемлекет басшысының Жолдауын тыңдап, халыққа пайдасы бар тәп-тәуір жобалар мен орындалуға тиісті міндеттерді естуден кенде емеспіз. Ал діттеген жерімізге жете алмай діңкелеп келе жатқанымыз, бастаған шаруамыз жол ортада сиырқұйымшақтанып, соңы ізім-ғайым жоқ болып жатқаны, ел ахуалын, мемлекет қуатын арттыру бағытындағы атқарылуы тиіс жұмыс шаш етектен екені – шындық.

Ауызды қу шөппен сүртуға болмайды екен. Президентіміздің 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында келтірілген нақты деректерге сүйенсек мынадай: 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсіпті; дәрігерлердің айлығы да көбейген; жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі беріліп, нәтижесінде миллионға жуық қазақстандық баспаналы болыпты; «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады; ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр; «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды екен; игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.Экономикалық тұрақтылығымыздың нық кепілі саналатын ішкі жалпы өнім мөлшері артыпты. Шетел инвестициясын тарту, сыртқы сауда көлемін ұлғайту, экспорт үлесін арттыру т.б. сияқты қаржылық қуат көздері нығайған.

Соңғы 3-4 жылдағы атқарылған осындай маңызды жұмыстарға тоқтала келіп, Президент бір жайтқа айрықша назар аударған, ол – жаңа экономикалық үлгі.

Біз шикізат шығарушы ел қатарында екеніміз рас. Әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын тауарұсына алдық па жаһан нарыңына? Жоқ. Қытай мен қырғыз базарындағы тауарларға байланып отырғанымызды несіне жасырамыз. Дамыған елдердің жоғары оқу орындарында (шетелде) білім алып келген,«осылар жаңалық әкеледі, ел қуатын арттыруға осылар үлес қосады» деп сенген дарынды, жаңашыл жастарымызға шығармашылық әлеуетін ұштайтын кеңістік ұсына алдық па? Олардың мүмкіндіктерінің барынша ашылып, жаһандық жобалар жарысына ұяламай қатысатын дүниелер туғызуына жағдай жасай алдық па? Жоқ. Небір дарынды жастардың, жаңашыл, білімді қыз-жігіттердің екпіні басылып, үміті үзіліп, қарапайым күнкөріс қарекетіне көшкендерін білген соң айтып отырмыз мұны.

Президент нақты мәселені күн тәртібіне шығарды: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласынжедел дамытуға баса мән беруіміз қажет.Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаныжүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда».

Мен экономист, қаржыгер, я болмаса атынан ат үркетін қызметтерде болған адам емеспін, бірақ экономикаң екпіндеп, заманауи инновациялық жобаларың жалын күдірейтіп, жаңа-нана-технологияң жер тарпып тұрса, нәтижесінде мемлекет қоржыны толық болып, халықтың хал-күйі келісіп, төрт тарабы тең болып тұрса, Қазақстанның қатардан қаламауы былай тұрсын, дамыған елдеріңнің бірталайының тынысын тарылтарлық мемлекетке айналарын ішім сезеді. Өкініштісі сол, адымымызды аштырмай тұрған бір «пәле» бар. Ол – Абай айтқандай, «аш бақа алауыздық», «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл, кердеңдік», «үкімет, зорлық»,«өтірік, ұрлық»,«таласып босқа, жау болып досқа қор болып, құрып» бара жатқандық, «басы-көзі қан боп, арқа-басы шаң боп» алыса кету, «ұятсыз арсыз салтынан, қалғып кетер артынан» дейтіндей бейжайлық, марғаулық, «сыбыр боп сөзі, мәз болып өзі, ойланар елдің сиқы жоқ» дейтіндей селқостық, «өтірік шағым толды ғой, өкінер уақытың болды ғой» деген сөзге құлақ аспайтын керенаулық. Бұл айтқандарым ауырлау естілер, кейбіреулерге артық айтқандық болып саналар. Ал менің түйінім осы.

Осы Жолдауда бір маңызды мәселеге айрықша мән бере айтылды. Ол – «Адал азамат» тұжырымдамасы.

Мемлекет басшысы: «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды»,- деді.

Айтылған ойдың мағынасы түсінікті: Әділетті Қазақстанды тек ұлттың жаңа сапасының көрсеткіші саналатын «Адал азамат» ұстанымы ғана құра алады.

«Адал азамат» ұстанымы билік құрған қоғамда жұлынқұрт жебірлер азаяды (ада-күде жойылып кетпес), адал құрылысшы салған үй құламайды, адал жол құрылысшысы салған жол 5-10 жылғы шыдас береді, адал кәсіпкер сапалы бұйым ұсынады, адал дәрігер Гиппократ әруағынан қорқады, адал ұстаз білімді, тәрбиелі бала болашағы үшін барын салады, адал саудагердің таразысы таза болады т.с.с.

Әзірше Жолдаудан түйгенім – осы.

Ғазиз Ештанаев,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

01.09.2023

17:01
66

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020