​ТҰМАУҒА ТЕГІН ДӘРІ БЕРІЛЕТІНІН БІЛЕСІЗ БЕ?!

Күздің қара суығы басталған соң, денсаулық та сыр бере бастайды. Әсіресе, жөтел мен тамақ аурулары бірден жазылмай, адамның есін шығарады. Сондықтан, бүгін біз МӘМС есебінен тегін берілетін тұмау дәрілері туралы сөз қозғамақпыз.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығына сәйкес 18 жасқа дейінгі балалар жоғарғы тыныс алу жолдарының жіті респираторлық инфекциялары кезінде ыстықты түсіретін ибупрофен, парацетамолмен қамтамасыз етіледі. Тыныс алу қиындағанда ингаляцияға арналған аэрозоль – салбутамол беріледі. Өкпеге және төменгі тыныс жолдарына әсер ететін төменгі респираторлық инфекцияда балаларға ыстықты түсіретін дәрілермен бірге антибиотиктер де тағайындалады. Амоксициллин, азитромицин сияқты антибиотикті дәрігер бактериялық инфекция белгілері (қақырықты және қақырықсыз жөтел, өзін нашар сезіну, бірнеше күн бойы температураның түспеуі) бар болған кезде тағайындайды. Тегін берілетін дәрілер таблетка, суспензия және суппозиторий (свеча) түрінде болады.
Синусит/бадамша без және аденоид аурулары кезінде дәрігердің тағайындауы бойынша таблетка және шәрбәт күйіндегі амоксициллин, азитромицин және цефуроксим, пневмония кезінде ибупрофен, парацетамол және амоксициллин, азитромицин, цефуроксим антибиотиктері беріледі.
Сақтандырылған мәртебесі бар ересектерге де синусит пен пневмония диагнозы қойылған болса, тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Олар таблетка түріндегі амоксициллинмен және азитромицинмен қамтамасыз етіледі.
2022-2023 жылдары Ұлытау облысы бойынша 728 мың теңгеге ыстықты түсіретін дәрілік заттар, 2 млн 465 мың теңгеге антибиотиктер сатып алынды. Бүгінгі күні пациенттерге 308 мың теңгеге ыстықты басатын, 1 млн 302 мың теңгеге антибиотиктер үлестірілді.
Естеріңізге сала кетсек, дәрі-дәрмекті алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Учаскелік дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек алуға рецепт жазады. Осылайша, қолында рецепті бар пациент жеке басын куәландыратын құжатпен емхананың дәріханасына барады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі
11:04
242

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020