ТЕРЕКТІЛІКТЕРДІҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

Ашықтық және қоғам алдында есеп беру принципін ұстанатын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы бүгін Теректі стансасына барып, тұрғындармен жолықты.
Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі басшысы Қаламқас Әбдуәлиева төрағалық еткен есеп беру кездесуінде филиал директорының орынбасары Абылайхан Рахымов баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Сақтандырылмаған болсаң, дәрігер көмегінсіз қаласың» деген мифке нүкте қойып, тұрғындар МӘМС жүйесінің қатысушысы болмаса да алғашқы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын ұқтырды. МӘМС жүйесінің қатысушысы болудың тиімді тұстарын ашып түсіндірді. Сондай-ақ, мәртебесі жоқ ауыл тұрғындарына жекелей тоқталды.
Теректіде сақтандырылмағандардың басым көпшілігі жеке кәсіпкерлер мен жұмыскерлер. Өз ісін дөңгелетіп отырғандарға ай сайын 4900 теңге көлеміндегі жарнаны кешіктірмей төлеуге кеңес берген баяндамашы олай болмаған жағдайда кешіктірілген әр күнге айыппұл жүретінін ескертті. Жұмыскерлерге келер болсақ, олар – ұзақ еңбек демалысына шығатын білім және тәрбие саласы қызметкерлері. Осы орайда мектеп басшылығына аударым мен жарнаны аударудың реті мен тәртібі егжей-тегжейлі жеткізілді.
Сұрақ-жауап форматында жалғасқан жиында станса тұрғыны Самал Сыржанова көптің көкейіндегі мәселені көтерді. Мектеп оқушыларының жыл сайынғы медициналық тексеруі мен балаларға екпе салу жұмыстарын Теректінің басында өткізуді сұрады. Ұсынысын қалалық емхана басшысы Бибігүл Усембаева жерге тастамады. Себебі, ауылдан емханаға дейінгі 70 шақырым жерді еңсеру тұрғындарға оңай емес.
Халықтың тілегіне құлақ асып, мұң-мұқтажын шешуге барынша атсалықсан медициналық сақтандыру қоры Филиалының есептік кездесулері алдағы күндері Жаңаарқа ауданында жалғасатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлытау облысында өз жұмысын 2023 жылдың қаңтарында бастаған Филиал 33 медициналық мекемемен 25,7 млрд теңгеге келісім-шарт жасады. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне 17 218,1 млн. теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 8 557,5 млн теңге қарастырылған.
Диана ОРАЗАЛИНА
18:05
424

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020