ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІ – ЕЛДІК БАСТАУЫ

Сәрсенбінің сәтінде Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барша Қазақстан халқына үндеу жариялады. Осынау сындарлы сәтте жасалған ұлт көшбасшының үндеуі – халқымыздың ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін берері сөзсіз. Үндеу мәні – мақаланың атының өзінде айтып тұрғандай, шынымен де «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді!».

Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстан сонау 1990 жылдардағы қиындықты да ел болып бірге еңсеріп, барлық салада үлкен табыстарға жетті. Қысқа мерзім ішінде кеңестік жүйенің қирандыларынан дос сүйініп, дұшпан күйінетін байтақ мемлекет, байсалды қоғам қалыптасты. Бүгінгі шалқыған тірлігіміз біріншіден ұлт ретіндегі бірлігіміздің арқасы болса, екіншіден, Тәуелсіздік жылдарындағы қажырлы еңбектің лайықты жемісі деп білемін.

Біздің ел әлемдік пандемияның алдын-алу шараларына алғашқылардың бірі болып кірісті. Сырт елдермен қарым-қатынасқа шектеу қойылып, елдің ішінде де бірқатар сақтық шаралары қолға алынды. Әдетте бізге үлгі етіп көрсететін Еуропа елдері ауыр індеттен абдырап жатқанда біз ерте қамдандық. Және ол өз нәтижесін көрсетіп де келеді. Бүгінгі мақаладағы Елбасымыздың: «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды», — деген сөздері біздің әрқайсымызға жігер беріп, ертеңге деген сенімді қадамды еселеп арттыруда!

Елбасы мақаласында аға буынға да, егемендік жылдарында дүние есігін ашқан жастарға да үндеу арнап, қиын-қыстау кезеңде елдікке шақырды. Кәсіпкерлерге арнаған сөзінде осы күнге дейін мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасап келгенін, енді бизнес өкілдері де мемлекетке, халыққа қарайласуы керегін атап айтты.

«Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді» деген Елбасы сөзі кәсіпкерлер тарапынан қолдау табатынына сенемін..

Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл болады. Сондықтан да, осынау аты жаман аурудан басымыз аман, бауырымыз бүтін шығайық!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

«Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА Қарағанды облыстық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы.

17:22
491

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020