​БАСТЫ ҰРАН – ЕЛ БІРЛІГІ

Халық пен билік диалогын дамыту, байланысын нығайту – қазіргі күннің басты талабы. Ал, басты ұран – ел бірлігі!

«Төбесіз жер, төресіз ел болмайды». Бағзыдан бүгінге жеткен бұл өсиет тектен-теккке айтылмаса керек. Егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, кеткен есемізді қайтарып, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, айналдырған 12 жылда астанамызды салып, айдай әлемге әйгілеген Елбасына қай кезде де айтар алғысымыз шексіз! Бұл – Тұңғыш Президент пен халықтың біртұтастығының дәлелі. Еңбек пен төккен тер аз емес. Бәрінен бұрын адамдықты, адалдықты қадір тұтатын Елбасы атақ-дәрежеге қызыққан емес. Дегенмен де Нұрсұлтан Әбішұлы үшін ең бір қадірлі атақ бар. Ол – туған елінің, туған жерінің құрметіне, абыройына бөлену. Ал, бұл – марапаттың төресі. Еңбек жемісі деген осы. Елбасы – ұлтымыздың қара шаңырағы Ұлытаудың ұлылығынан үлгі алған. Ал ұлттың табысқан төбесі – Ұлытауға барып, таудан бата алған ханның ісі оң, саясаты айқын, арманы сөзсіз жүзеге асатынын білеміз. Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері. Біз – от жалында шыңдалған, «Жеңіс» деген қасиетті шыңды алған, аға толқынның ұрпағымыз. Басты ұран – ел бірлігі! Ал бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те болмайтыны бесенеден белгілі. Әрбір жетістіктің, әрбір асудың өзегінде – елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны ақиқат. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Бұл жайында Елбасымыздың осыдан 20 жыл бұрынғы: «Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес, қазақ әлсіресе -алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірлікпен күшейген. Үйдің берекесі отбасындағы сыйластық пен татулықпен келеді. Мемлекет те солай!» деп мәлімдеуі шын мәнінде осы түйінді ашып көрсетеді.Бұл – тарих заңы.Сондықтан да біздің бірлігіміз — еліміздің кілті.Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Бірлігімізді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш.

Осынау көп ұлтты тұрғындардың «Қазақстан» атты бір шаңырақ астына топтасуы ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұңғыла саясаткерлігі. Бізге дәл қазір халықты рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Рухани бірлік — еліміздің іргесін нығайтып, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермейді.Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ.

Ия, халық пен билік диалогын дамыту, байланысын нығайту – қазіргі күннің басты талабы. Пікірлердің алуандығы алауыз­дыққа апармай, керісінше бір мақсат, бір мүдде төңірегінде тоқайласу керек. Азаматтық қо­ғамның алғы шарты да – осы. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам институттарының қатарында кәсіптік одақтар аталады. Кәсіподақтың негізгі миссиясы – әлеуметтік еңбек қаты­настарын реттеу. Бұл – тұрақ­тылықтың, халық пен билік ара­сындағы ынтымақтың маңызды факторы. Өйткені халықтың маңызды бөлігін құрайтын еңбек адамының мүддесін қорғайтын кәсіподақтар еңбек дауларын дабыраға айналдырмай шешуде, түсінбеушілік туған жағдайда тараптарды мә­мілеге келтіруде бітімгерлік қыз­мет атқарады. Қоғамда зор күшке ие бол­ған кәсіподақ талай түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болды. Жұмыс берушінің алдында жұмысшылардың мәр­тебесін көтеріп, тең дәрежеде санасатындай жағдайға жет­кізді. Азаматтық қоғамның ең үлкен бөлігі ретінде біз өз мүшелерімізге және әлеуметтік әріптестерге қауіпті азайту мен қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру үшін күш біріктіру қажет екендігін жеткіземіз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан, «Мемлекеттік, банк қызметкерлері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы» ҚБ атынан әлемді елеңдеткен дүрбелең шақта, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына алғысымызды айтқым келеді. Медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері ұлы парыздарын адал атқаруда. Өзіміздің сала кәсіподағының мүшелері мемлекеттік қызметкерлерге, Үкіметке, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, білікті қызметкерлерге зор алғыс айтамыз. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырып, Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен біліктіліктеріңізге сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда қиын. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде мемлекеттен облысқа жүктелген міндеттердің барлығы жоғары дәрежеде орындалып жатыр.

Сын сағатта өңірімізде індеттің, ахуалдың ушығып кетпеуіне бірден бір себеп – ол сіздердің күнделікті атқарып жатқан қарқынды қызметтеріңізге, тәжірибелеріңізге, заңдылықты бұлжытпай сақтауларыңызға тікелей байланысты. Әлеуметтік әріптестермен бірігіп, қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты, еңбек ұжымдарында төтенше жағдай талаптарын сақтап, жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығарылуын болдырмай, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп, еңбек заңнамасының, ұжымдық шарттардың сақталуын, әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шаралардың шұғыл жасалуын кәсіподақпен бірге қадағалап, ықпал жасап отырсыздар. Еңбек адамының игілігі мен мүддесі жолындағы бірлескен іс-қимылдарымыз және белсенді жұмысымыз тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын, өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал ететініне сенімдіміз. Мың алғыс, Сіздерге!

Күн сайын әлем елдерінде тіркеліп жатқан коронавирус індетімен күрес және оның кең таралуын алдын алу шаралары қасиетті Ұлытау ауданы, кенді алқаптың төсіне ту тіккен Жезқазған, Сәтбаев қалалары бойынша жан-жақты іске асырылуда. Осы мақсатта жергілікті атқарушы билік пен кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесінің дамуына ықпал етуге бағытталған іс-шараларды бірлесе жүргізіп келеді. Кәсіподақ бұл мәселені қатаң қадағалайды. Қазіргі қоғамдағы қарым-қатынас сауаттылығы бәрімізге қойылатын талап. Кәсіподақ мүшелері төтенше жағдай мен карантин кезеңінде жұмыс пен сабақты онлайн түрде өткізіп, өз жұмысын қашықтан тиімді жүргізуде. Мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты ақпараттық, түсіндірме жұмыстар күнделікті жасалып келеді.

Пейілімен, тілегімен, күллі тамыр тірегімен әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен іскерлік көрсетіп жүрген, елдікті пен ерлікті мұра тұтқан асыл жерлестер! Бір-бірімізді жақсы көрейік. Жақсы көру дегеніміз – өзің үшін пайдалы болғанды өзгелерге де қалап, өзің үшін зиянды болғанды өзгелерге де қаламау, өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін үнемі жоғары ұстау. Вирустың таралуын болдырмауда ауызбіршілік танытайық. Біз үшін күні-түні тынбай етіп отырған жандарға қолдау керек. Қауіпсіздік ережелерін сақтауға және азаматтық жауапкершілік көрсетуге шақырамыз. Адам өмірін қорғау, қауіпсіздігін сақтау басқа құндылықтардың бәрінен жоғары тұруы тиіс. Қиындықты бірлесіп қана еңсере аламыз. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда Елбасының үндеуі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытты. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ. Елімізде халықтың ішкі бірлігі сақталуға тиіс. Қазақстан, алға! Біз мықтымыз! Біз күштіміз! Өйткені біз біргеміз! Сүйсінерлік сүрлеумен жүріп келе жатып, сүрінерлік осалдық танытпайық! Қосылғанның қолы ұзын, қос керуеннің жолы ұзын! Біз біргеміз!

Раушан ҚОЖАБАЕВА,

Жезқазған қаласы

«Мемлекеттік, банк мекемелері және

қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің

салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы,

Жезқазған қаласының іскер әйелдер

қауымдастығының мүшесі 

16:27
473

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020