Президенттің биылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 9 бағыт қамтылды. Еліміздің алдағы дамуына серпін берер бұл бағыттардың әрқайсы да қоғамызда өзекті мәселелерді айқындап тұр. Көрпеге қарай көсілу — бұл шағын отбасыдан бастап, мемлекет қаржысының да орынды жұмсалуы тиіс екендігін білдіреді. Банктердің тек тұтынушылық несие үлестіріп, оның пайыздарынан табыс тауып отыра бермей, экономикаға көбірек қаржы құйып, акционерлері дивидентіне сәйкес салық төлеуі тиіс деуі құптарлық. 30 жыл бойы қолданыстағы Заңның олқылықтарын түзетіп, өзгертулер мен толықтырулар арқылы «Банктер туралы» жаңа заң қабылдауы қажеттігі де заман талабына сай туындап отырған, кезек күттірмейтін мәселе. Президент қоғамдағы пікірлер ескеріліп, жаңа Салық Кодексін байыптылықпен қарап, келер жылы қабылдау қажеттігін де жеткізді.
Шағын және орта бизнесті дамытудағы кездесетін кедергілерді жою, кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу керектігі де күн тәртібіне шығуы заңдылық. Бұл Мемлекет басшысының осы Жолдауда Үкіметтің алдына қойған 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесінің 15 пайызға жеткізудегі алғашқы қадамдарына негіз болады. «Жалған мәлімет жарға жығады» демекші, субсидия алу үшін шындыққа сай емес ақпарат беріп, көзбояушылыққа жол бермеу мақсатында болашақта агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялаудан арзан несие беруге біртіндеп көшу алда тұрған маңызды міндет екендігін де атап көрсетті Президент. Бұған арнайы комиссия анықтаған санда бар, санатта жоқ 5 миллион деп көрсетілген мал басының саны дәлел болып тұр.
Биылғы су тасқынынан кейінгі жағдайдан соң, бұдан былай қарғын суды жинап, диқандар қажетіне жарату үшін сақтау, гидрология бекеттерін жөндеуден өткізу мен жаңғырту, су тапшылығын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын қолдану, тариф саясатын реттеу арқылы бұл салаға инвестиция тарту Үкімет алдында кезек күттірмейтін маңызды міндет екендігі баса айтылған.
Жолдаудағы колледжде жақсы оқыған түлектерді мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыру, алдағы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау арқылы қоғамдағы адал еңбегімен күнелтіп жүрген мамандық иелеріне құрмет көрсету, кәсіби мамандарды дәріптеу арқылы «Адал азамат — Адал еңбек — Адал табыс» қағидатын ілгерілетуеңбек адамының мәртебесін көтерері анық.
Білікті ұстаз болмаса ешқандай бағдарлама да, заманауи мектептер де білімді ұрпақ, болашақта сапалы маман дайындай алмайтындығы, ол үшін педагогикалық оқу орындарына сол мамандықты жүрегімен қалаған, қабілеті зор жастарды қабылдау арқылы ғана көздеген мақсатқа жете алатынымызғаЖолдауда баса назар аударылған.
Денсаулық саласында МӘМС жүйесіне қатысты көпшілік көңіліндегі түйткілді мәселелерді тарқата келіп, одан шығу жолы ретінде мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау, ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс деп көрсетілген.
Жолдауда жетінші бағыт етіп алынған еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қажетті іс-шараларды зерделей келе, қоғамда жаңа мәдениет пен қоғамдық этиканы қалыптастыруда«Таза Қазақстан» іс-шарасының науқаншылдық сипатта қалып қоймай, жалғасатыны айтылды.Жолдауға өзек болған 9 бағытта атап көрсетілген міндеттер зор жауапкершілік жүктейді.
Базаркүл Үмбетова
«ULYTAU» облыстық телерадиокомпаниясының креативті директоры