«Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген»
Біздерге жыр да өнер, ән-күй – өнер,
Адамды қанатты сөз тәрбиелер.
«Қыздарға қырық үйден тиым бар» деп,
Айтқан ғой аты мәшһүр әулиелер.
Жігітте бақ та болар, сор да болар,
Сол бағың сөз ұқпаса зорға қонар.
Жақсыда жар да болар, мал да болар,
Адамның іздегені жолда болар.
Балалар, жалқау болма, еңбек істе,
Жетесің еңбек қылсаң зор жеңіске.
Жалқаулар жатып ішер елге масыл
Шын бақыт бұйырмайды боркемікке.
Жастарға керек екен өнер-ғылым,
Пайдасы орасан көп берер мұның.
Оқысаң Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын,
Береді терең білім, кемел білім.
Айтқан ғой бәрін тізіп бабаларым,
Жүсіпті, Ұлы Абайды сараладым.
Намаздың қасиетін ұғындырған
Қадірін айтып кеткен оразаның.
Өлеңге құмар болдым жөргегімнен,
Қиссаны оқып өстім зор көңілмен.
Базарын дүниенің талай көрдім,
«Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген»
Арман
Ақ арманым ақ гүлімдей солмайтын,
Ақ арманым, мөлдір сусың тоймайтын.
Жібек, маржан, асыл тастан тізілген
Жасылсың ба, қызылсың ба, қандайсың?
Жас жүрегім жалын атып, шарқ ұрып,
Көңілімнен су ішеді бал тұнық.
Мен өмірді сүру үшін тым ғажап
Арман керек, қалай жетем алқынып.
Ақ қанатты бұлттар анау ақ ұлпа,
Олар да әне биік кетті барынша.
Биікке ұшып кеткісі кеп тұрады
Адам деген өткен шағын сағынса.
«Биік болып қалу үшін ғаламда
Үлкен арман керек екен адамға».
Мұхтар аға өлеңінен қуат ап,
Зәу биікке самғап ұшар балаң да.
Бақыт деген...
Бақытты біз неге алыстан іздейміз?
Бақыт деген не екенін білмейміз.
Бақыт деген – туған-туыс, бауырың
Бұл сөздерді құлаққа да ілмейміз.
Асқар таудай әкең болса сол – бақыт,
Мейірімді анаң болса сол – бақыт.
Қиналғанда дәл қасыңнан табылар,
Бауырларың аман болса сол – бақыт.
Алла берген несібең бар, сол – бақыт.
Байтақ елде өмір кештік – зор бақыт.
Жүректегі мейірімді суытпай
Тура жолда болсаң, міне, сол – бақыт.
Ата-әжеңнен бата алсаң, сол – бақыт,
Сүйген құлдың бірі болсаң сол – бақыт.
Парыз еткен бес күн намаз оқысаң,
Жүрегіңде иман болса сол – бақыт.
Әр адамның бақыты бар жалғанда,
Сол бақытты сөндірмейік жанғанда.
Әр сәтіңді бағаласаң, адамзат,
Жетелейді әр бақытың арманға!
Өмір — теңіз, жасыңда күліп ойна
Тасқыны күшті теңіздей өтер уақыт,
Ала-алмассың уақытты енді сатып.
Дүниеде бәрі жалған дейді атамыз
Жақсылық жаса әрдайым – бітпес бақыт.
Бәрі қалар артыңнан бәрі қалар,
Мәнді болған өмірде мағына бар.
Жастық шақтың есесің екі ескегін,
Кешкен теңіз, өзеннің дәмі болар.
Өмір – теңіз, жасыңда күліп ойна
Қалай ғана келмеген бұрын ойға.
Сағынышқа айналар сырғып уақыт
Салиқалы сәттердің сыры қайда?
Уақытты ұрлап ешкім де ала алмайды
Тәуекелге осалдар бара алмайды.
Өткен өмір толғанда өкінішке,
Болашағы жөнінде алаңдайды.